Екі таңдау ұсынсақ, бірі — қандас болып, ҚР азаматтығын оңай әрі еш қиындықсыз алу. Екіншісі — жарты жыл бойы өз шежіреңмен қазақ екеніңді дәлелдеу үшін кеңселерде сандалып, жоқ қағазды іздеу. Сіз қайсысын таңдар едіңіз? Orda.kz редакциясы азаматтық аларда туындайтын мәселелер туралы баяндайды.
Редакциямызға Мәриям (аты өзгертілген) есімді қыз хабарласты. Ол Қазақстан азаматтығын ала алмай жүр.
Қызмет көрсету орталығының жұмысшылары орысқа түрі ұқсаған соң, оған ҚР азаматтығын бермеген. Мәриям Ресейде туғанымен, бар ғұмырын Қазақстанда өткізген. Оның шешесі қазақ, ал әкесі орыс.
Оның алдында қарапайым қазақ және орыс ұлтының азаматтығының біреуін таңдау тұрды. 14 жасында ол Ресей Федерациясының куәлігін таңдайды. Алайда қыз ол кезде 3 жылдан кейін Ресейдің Украинаға қарсы соғыс ашатынын білмеген еді. Бұл соғыс біраз жағдайды өзгертті. Ақыры ол үшін шоқтығы биік тұрған Ресейдің куәлігінің құны төмендеп, ол елмен ешбір байланыс орнатқысы келмей қалды.
Әуелі Мәриям Алматыдағы университеттердің біріне түскісі келгенімен, оны бірнеше жылға кейінге шегеріп қойған екен. Неге екенін бізге айтпады. Ақыры ол 2024 жылы азаматтық мәселесіне қайта келіп, Қазақстанның азаматтығын алуға тырысып жатыр.
Бюрократиялық тозақ
Мәриям қандас мәртебесін алуға өтініш жолдаймын деп шешті. Оның құжаттарының бәрі мәртебені алу талаптарына сай келді. Мәриямға қандас мәртебесін берер болса, жеңілдеу тәртіппен ҚР азаматтығын да ала алады. Сонда бар болғаны 3 айдың ішінде аңсаған көк құжаты қолына түсер еді. Алайда бұлай оңай көрінгенімен жағдай бұдан күрделірек болып шықты.
Бойжеткен Бостандық ауданында орналасқан полицияның қызметтік орталығына барған. Сол жерде Қазақстанда тұру үшін ықтиярхат алу, қандас мәртебесін алу және азаматтық алу туралы мәселелері шешілуі керек еді.
Алайда қызметкерлер Мәриямнан оның ұлтын растайтын құжатты сұраған. Бір қызығы, ресейлік куәліктерде де, төлқұжаттарда да тұлғаның ұлты жазылмайды.
«Мен ол жерге екі рет бардым және екі рет мені қайтарып жіберді. Ұлтым жазылған құжат керек деді. Бірақ ол Ресей құжатында мүлде жазылмайды. Ал қызметкерлер аты-жөніме және сырт келбетіме бола ұлтыма күмән келтірді. Мен қазақ қызына ондай қатты ұқсамаймын. Әсіресе, боянып жүрсем, ұқсамай қаламын», – деді Мәриям.
Мәриямның туу туралы куәлігінде оның анасының қазақ екені жазылған. Әкесінің ұлты көрсетілмеген. Себебі ол ресейлік азамат. Бірақ бұған да қызметкерлер сенбеген. Сондықтан Мәриям құжаттарын көрсету үшін анасымен бірге барған.
«Үшінші рет мен ол жаққа анаммен бардым. Орталық қызметкерлері оның қазақ екенін көре тұра, бәрібір де күмәнмен қарады. Бізді Еңбек министрлігі жанындағы мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің департаментіне жіберді. Ол жақта да тура сол әңгімені айтты. Сол жерде отырған ер адам бізге Ресейге сауал жіберуді ұсынды немесе сол жақтан ұлтымды растайтын құжатты жіберу керек екенін айтты. Бірақ ол бәрібір жүзеге аспайтын іс».
«Әкең қазақ болса ғана қазақсың»
Ақыры еш нәтиже болмаған соң, Мәриям Қазақстанда тұру үшін ықтиярхат алуға тырысып көрді. Бұл Қазақстан азаматтығын алғаннан да көп уақытты алады. Алайда ештеңені дәлелдеудің қажеті жоқ.
Оңай ештеңе шешіле қоймады. Енді келіп бұл жерде төлем құқығы туралы мәселе туындады. Бұл туралы Адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросының директоры Денис Дживага баяндап берді:
«Ықтияр хат немесе азаматтықты рәсімдеу үшін банктегі шотта ақша болуы керек. Қазір бұл шамамен 4 миллиондай болып қалды. Ол ақшамен ештеңе төлеудің қажеті жоқ. Алайда ол ақша банктегі шотыңызда тұруы тиіс. Бұған бәрінің шамасы келе бермейді. Тек этникалық қазақтар немесе ҚазССР-де тұрғандар ғана осыдан босатылады».
Мәриямға қандас мәртебесін алу бұйырмады.
«Бостандық ауданындағы қызмет орталығына қайтып барсам, бір қызметкер «әкең қазақ болса ғана қазақсың» деді. Ол маған төлем жасай алатыным туралы анықтама алып жүрсем немесе қазаққа тұрмысқа шықсам мәселе шешілетінін айтты. Дәл сол қызметкер менен: «анаң таза қазақ па?» деп сұраған еді. Бірақ оның қандай маңызы бар? Куәлікте қазақ деп жазылып тұр, демек қазақ деген сөз ғой», – деді Мәриям.
Мәриямға олар басқа ауданда орналасқан орталыққа жүгіну керегін айтқан. Ақыры ол басқа мекемеге барып көрді. Алмалы ауданының қызмет көрсету орталығы оны тыңдап, қызмет көрсетуден бас тартпаған көрінеді. Олар тізім бойынша барлық құжаттарды, сондай-ақ анасының жеке куәлігінің көшірмесін әкелуді сұрады. Бұл ықтияр хатқа құжат тапсыруға жеткілікті болды.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіндегілер қызметкерлердің сөзін растады. Сондай-ақ, ведомство төлқұжатта немесе туу туралы куәлікте ұлты көрсетілмесе, онда арнайы комиссия құрылатынын айтты. Олар Мәрияммен әңгімелесіп, ұсынылған құжаттарды қарайды. Соның ішінде Мәриямның қазақ анасының куәлігі де бар. Қызмет көрсету орталығында Мәриямға мәселенің мұндай шешімін ұсынбаған еді. Бірақ Orda.kz Мәриямға министрліктің жауабын көрсетіп, ары қарай не істеу керек екені туралы ақпарат берді. Оған қандас мәртебесін беруі мүмкін.
Ақпарат шектеулі ме, әлде оны іздегісі келмей ме?
Қазақстанда тұратын, ұлты орыс Анна (аты өзгертілген) есімді қыз да азаматтық аламын деп біраз әуре-сарсаңға түскен. Осы материалды жазғанда тілшіміз Аннаға хабарласып, қандай мәселесі бар екенін сұрастырды. Ол Қазақстанда дүниеге келген.
«Мен Алматыда дүниеге келдім. Бірақ сол кезде менің әке-шешемде Қазақстан азаматтығы болмаған. Олар көші-қон картасымен келді. Содан кейін елде тұруға рұқсат беретін ықтиярхат алды. Азаматтыққа әлі қолым жетпеді», – деді Анна.
16 жасқа толуына үш ай қалғандықтан, көші-қон қызметі Аннаның азаматтық ала алмайтынын мәлімдеген.
Қазақстанда «қан құқығы» қағидаты бар. Яғни, бала қай жерде туса да, ата-анасының азаматтығын алады. Денис Дживага біз сияқты елдер үшін мұның қалыпты жағдай екенін түсіндірді. Егер Қазақстанда «топырақ құқығы» қағидаты болса, онда әрбір екінші «келімсек» еліміздің азаматтығын алар еді.
«Қазақстанда «қан құқығы» қағидасы дәстүрден емес, елдің азаматтығын алғысы келетін адамдардың көптігінен шықты. Біздің елде Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Ауғанстан азаматтары өте көп бала туады. Олардың бәріне азаматтық беруге болар еді. Бірақ Қазақстан бәрібір қазақтардың санын көбейтуді көздеп отыр. Сол үшін этникалық қазақтарды қайтару бағдарламасы бар», – деді ол.
Аннаның отбасы 3 ай ішінде Қырғызстан азаматтығынан шығып, Қазақстан азаматтығын алды. Кейін көп ұзамай Аннаның өзі де азаматтық алды. Уақыт өте келе оның көкейінде: «неге бұрын «қан құқығы» туралы ешқандай ақпарат болмады? Жалпы бұл ақпаратты қалай білуге болады?» деген сауал туған.
«ҚР азаматтығын алу жолының өзі еш өзгерген жоқ. Бірақ бұрын дәл осы ақпаратты білу қиынырақ болды. Көші-қон қызметіне келіп, құжаттар тізімін алу керек болды. Айтпақшы, бұл тізім бойынша әр өңірде әртүрлі талаптар қоятын. Соның кесірінен адамдар көп шатасатын. Кейде бөлімшелердегі тақтайшалар ілініп тұратын. Ал көші-қон қызметіндегілер бұл жағдайларды ашық айтып түсіндірмейтін. Қазір, eGov және gov.kz сияқты қызметтер пайда болған соң халық ақпарат ала алады», – деді Денис Дживага.
Оның сөзін заңгер Игорь Мотин де қолдады. Қоғамда ақпарат тапшылығы жоқ. Дегенмен азаматтық алу басқа қызметтерге қарағанда ерекше. Бәрінен бұрын оны түсіне білу керек.
«Қазір заңда бәрі қарапайым ұғынықты тілмен жазылған. Ақпаратты табу өте оңай. Бұрын да қоғам бейхабар болмады. Естіп-біліп отырды. Адамдар түсінбеген соң, кейде ақпарат бұрмаланған соң осындай жағдайларға тап болатын».
Сонымен қатар, біз сарапшылардан азаматтық алу саласында кемсітудің бар-жоғын білгіміз келді. Бір қызығы, бұл жайлы адамдардың пікірі әртүрлі болып шықты.
«Жалпы мәселе жоқ. Әр кезде әртүрлі. Өз еліңізден құжаттар алатын кезде кідірістер болуы мүмкін. Мәселен Өзбекстанда азаматтықтан шығу басқа елдерге қарағанда ұзаққа созылатын үрдіс», – деді Игорь Мотин.
Ал Денис Дживага бұл мәселені жоққа шығармады. Оның айтуынша, өзге елдерде де кемсіту болып тұрады.
«Адамдардың бәрі дерлік сәл болса да кемсіту көріп жатады. Көбіне Ауғанстан, Пәкістан, Иран және сол сияқты елдердің азаматтары қиындыққа тап болады. Оларға біздің арнайы органдар тәуекелге бел буа отырып, құжат рәсімдейді. Қайткенмен де ол елдер экстремизм мен терроризм тараған елдердің қатарында бар ғой».
Жалпы 1991 жылдан бастап Қазақстанға 1,15 миллионнан астам этникалық қазақ оралды. 2025 жылдың басынан бері 4 427 адам қандас мәртебесін алды. Мәриям әзірге олардың қатарында жоқ. Алдағы уақытта Orda.kz оған хабарласып, осы жағдайды сұрастырып отырады. Құжат алу мәселесінде тағы қандай мәселелер шығарын кім білсін?