«70 млн теңге ұтылған ағайындар»: Құрдымға жіберген құмар ойын

cover Фото: Orda.kz

Алматы облысында ағасы мен інісі лудомания ауруына шалдығып, құмар ойынға 70 миллион теңге салды.

Құмар ойындарға тәуелділік — адам құмар ойынға деген құмарлығын басқара алмайтын, барлық ресурстарын оған жұмсайтын ауыр психикалық бұзылыс. Бұл адамның өзіне ғана емес, оның отбасына, жұмысына, қоғамына да кері әсерін тигізеді. Orda.kz құмар ойын құрбандарынан сұхбат алды.

70 миллион ұтылған ағайынды

«26 жасымда ірі компанияның бастығы болып қызмет істедім. Жағдайымның барлығын жасап алдым... көлік, үй. Менде ақша бар екенін білетін достарым үгіттей бастады. Алғаш барып 50 мың тігіп, 2 млн ұтып алдым. Кейін маған «осылай ойнап ақша таба алсам, несіне жұмыс істеймін» деген ой келді. «Тек осылай ұта беремін» деп ойладым, бірақ менде тек ұтыс қана болды», — деді 32 жастағы ер адам.

Кейіпкеріміз Toyota Camry 70 көлігін де, компания қаражатын да салып, ұтылып қалды. Бауырының жерін де сатып жіберген. «Автоматтар» ойынан бастаған кейіпкеріміз казинодан қалай шыққанын білмей қалады. 

«Бәрінен айырылғаннан кейін ауруға шалдыққанымды білдім. Банктен несие алдым. Туған туыстардан қарыз алдым, жалпы соммасы 40 млн казиноға ұтылдым. Кезек үйімді сатуға келгенде құжаттары дұрыс болмай, сата алмадым», — деді.

Бұл лудомания ауруын емі жоқ ауру деп те айтады. 100/1 ғана өз күш-жігерімен емделе алады.

«Ата-анам тіпті аяғыма жығылды, ойымда тек барып ойнап келу ғана болатын. Бір күні әйелім құрсағындағы екінші сәбиімізден айырылып қалдық деп бұған мені кінәләді. Сол кезде есімді жиғандай болдым. Содан кейін ойнамадым және қазір де ойнағым келмейді»

Оны ойынқұмарлықтан құтқарамын деп інісі де құмар ойынға кіріп кеткен екен.

«Бір күні жеңгем телефон соқты. Ағамның тағы ойынға кеткенін айтты. Ол кезде үй салып жатыр едім, қалтамда 1 млн теңге болды. Үйдің шатырын жабуға 300 мың теңге жетпей тұрған. Ойын орталықтарын аралап жүріп, ағамның досын кездестіріп қалдым. Әңгіме арасында жетпей тұрған соманы айтып едім, ағаңа 50 мың бер миллион ұтып береді деді. Ішке кіріп ағама 50 мың бердім. Ұтылдық. Таңертең қалтамдағы бар ақшамнан айырылып қалыппын», — деді інісі.

Казинода сағат пен терезе жоқ. Кіруге ақша төлеп кірсең, барлығы ішінде тегін, қызметін өте жақсы деңгейде жасап қойды. Келушілердің қанша уақыт өткенін білмес үшін жасап қойған екен.

«Ертесі несие алып ойын орталығына өзім бардым. Бітпей тұрған үйімді 17 млн ға сатып, оны ұтылдым. Көлігімді саттым, қарыз алдым. Сөйтіп жалпы сомасы 30 млн казиноға ұтылдым. Ойын деген абыройдан да, бәрінен айырады. Ақшадан бөлек әйелімнің құлағындағы сырға, алқа барлығын салдым», — деді інісі.

Құмар ойынға кірген адамның ойында қандай өтірік айтсам, қай жерден ақша тапсам деген ой ғана болады. Ол адам әке-шешеге де, туған-туысқа да немқұрайлы қарайды.

«Содан екеуміздің ойнап жүргенімізге шыдай алмай, анамыз инсульт алды. Әйелім ұзақ уақыт бала көтере алмай жүр еді, бір күні әйелім балалы болатынымызды айтты. Сол кезден бастап өз-өзіме ойнамаймын деп уәде бердім».

Жазылмайтын ауру

Лудомания орталығы басшысының айтуынша, бұл жазылмайтын ауру. Бізге сұхбат берген кейіпкерлерімізден бөлек, лудомания орталығының негізін қалаушы, психолог Шүкір Хамит мырзадан «Лудомания ауруы қалай емделеді? Қанша уақыт керек? Жалпы өз еркімен емделе ала ма?» деген сұрақтар қойған едік.

 

«Лудомания жыныс та,  жас та талғамайды. Бұл біріншіден, тұқымнан болады. Яғни, аурудың 7 немесе 3 атасы ішкілікке немесе ойынға құмар болуы мүмкін. Екіншіден, әкесі немесе анасы толық емес отбасында тәрбие дұрыс болмайды. Баламен сөйлеспейді немесе не сезініп тұрғанын білмейді. Үшіншіден, орта өте маңызды. Әр адамға әртүрлі ем керек. Кем дегенде 3-5 ай терапия ем керек. Ойнайтын қыз жігіттер өздерін алдайды. Адам өзін қабылдау керек. Мысалға, туберкулезбен ауыратын адам мойындап дәрігердің айтқанының барлығын жасауға тырысады, сол сияқты лудоманиямен ауыратын адамдар да өз-өзін қабылдауы керек. Сол кезде ғана ем жақсы жүреді», — деді психолог.

Шүкір Хамит мырза қиындатпай тек бір күнмен өмір сүруді ұсынады. Яғни, таңертең тұрғанда өз-өзіңе «тек бүгін ғана ойнамаймын» деп сөз бер дейді. Сонда өте жеңіл болады. 10-15 жылға тыйым салып тастаса, емделуші тез шаршап, жарты жолда сынып қалады дейді. 

«Біздің орталығымыздан мемлекеттік органдарда істейтін азаматтар да емделіп шыққан. Бұл ауру адам талғамайды, әр салада осы аурудан зардап шегіп жүргендер қаншама? Лудоманиямен ауыратын адамның белгісі — керемет жолы болғыш, жақсы адам деп көрсетеді. Олар ешкімді аямайды және мықты әртістер. Оларды жақсы жаққа бұратын болса, мықты заңгер, мықты мамандар шығады. Бала кезден лудомания немесе психикалық ауытқуларды байқауға болады. Бала ортамен араласпаса, жалғыз ойнаса, жасөспірімдер арасында «капишонын» киіп алып немесе жеңдері ұзын киім кисе, ол да осының белгісі болады. Олар қазірден бастап ортадан жасырынады. Емделу барысында жақсы, дұрыс мамандар табу, сол маманда емделу өте маңызды», — деді Хамит мырза.

2-5 жыл арасында ойнамаған адамдарды толық жазылды деп айта алмаймыз. Нашақорлар мен алкогольге тәуелді адамдарды емдеген оңай, ал лудоманияны емдеу өте қиын. 

Фото: Orda.kz Лудоманиядан емдеу орталығы

 

«Менің мемлекетке ұсынысым: елімізде адиктология факультеті ашылса екен деймін. Бұл тіпті менің арманым. Бала тәрбиесі жөнінде немесе отбасылық проблемаларды шешу орталықтары болса, бұл ауруды түбімен жоюға болады», — деді маман.

Лудоманиямен ауыратын адамның емделуіне отбасы жәрдем беруі керек. Бұл ауруды жалғыз өзі емдей алмайды. Емделіп шыққаннан кейін позитивті көңіл күйде болу керек. Сол себепті ата-аналармен жұмыс жасау өте маңызды.

«Бір мемлекетпіз, бірақ менталитет әртүрлі, бұл лудоманияға да әсер етеді. Егер баласы немесе туысы лудоман болса, емдеу орталығына апарып емдету ұят деп, көп уақыт жіберіп алады. Ұят болады деп ауруды жасырған дұрыс емес»

Бай баласы кедейшіліктен бір-ақ шықты

«Менің есімім Ғалымжан. 35 жастамын. Ақтау қаласының тумасымын. Әкем арақтан қайтыс болды. Анам менен ештеңе аямады. Мен «жоқ» дегенді білмейтінмін. Бәрі 6 сыныпта басталды. 11 сыныпқа дейін 9 мектеп ауыстырдым. Тәрбиемнің нашарлығынан 11 сыныпқа ешқандай мектеп қабылдамады. Анам Америкаға жіберді. Америкада алғаш шөп шегіп көрдім. Қайдан алу керектігін 1 курста білдім. Достарыммен покер ойнай бастадым. Алғаш 10 евро салып 150 евро ұтқанда қатты қуандым. Солай, казинода ойнауды бастадым. Бірақ тек ұтылумен болдым. Бірақ есімде ең бірінші ұтқаным сақталып қалды. Қарызға батып Ақтауға қайттым, үйлендім. Бірақ маған бір нәрсе жетпей тұратын. Кейін өзім покердан ойын ұйымдастыра бастадым. Көп бұзақылық салдарынан істі болғандықтан, анам екі пәтер сатты, әйелім балаларды алып кетіп қалды. Сол кезден бастап "мефедронмен" таныстым. Құмар ойыннан нашақорлыққа көштім. Отбасымнан, үйімнен айырылғаннан кейін, маған достарым ойын орталығын басқаруды ұсынды. Өзім жүргізіп отырған орталықтан миллиондаған ақшаны, екіншісіне апарып ойнап тастайтынмын. Ол жерде 12 миллион ұтылдым. Сөйтіп достарымды да лақтырдым. Мен сол қылығым үшін қатты ұяламын»

Фото: instagram/ Ғалымжан Рашидұлы

 Ғалымжанның бұл үшінші емделу орталығы. Анасы соңғы пәтерін Ғалымжанның балаларына жазып беру барысында Ғалымжанға «мен сені жақсы көремін» деген сөзі үшін, өз еркімен емделуге шешім қабылдаған. Ғалымжан кейде есірткі қолданғысы келгенде спортпен айналысады.

[media=https://www.instagram.com/p/C1rkL5kKEi0/?hl=ru]
«Мен қазір басқаларға көмектескенде өзімді жақсы сезінемін. Бұрынғы өмірге қайта оралғым келмейді. Өз-өзіне шамасы жетпей, қоя алмай жүргендерге: көмек сұрауға ұялмаңдар деп айтамын. Шындықпен өмір сүру бөлек ләззат. Қазір мен қолымда барын бағалаймын», - дейді Ғалымжан.

Лудомания адамды өз-өзіне қол жұмсауға алып келеді. Себебі, өтірік айтқандарын, кімге қарыз екендерін ешқашан ұмытпай естерінде сақтап жүреді. Сол себепті, олар әрқашан ашулы, алаңдаулы болады. Нашақор немесе алкагольге тәуелді, ішіп немесе шегіп уақытша өз-өздерін алдай алады. Лудомания әрқашан уайымда жүргендіктен, ұзаққа бармай өз-өзіне қол жұмсауға алып келеді. 

Лудомания - бұл тәуелділік. Ата-анасының шектен тыс бақылауынан да пайда болады. Баланың қалауын беру болашақта дербес тұлға болуына көмегін тигізеді. Іштей тәуелді адамдар лудоманияға кіріп кетеді. Ата-аналар психологиялық тұрғыда мықты болса, санасы уланбаған бала тәрбиелеп шығады. Лудоманияға отбасымен келіп емделу керек. Салт-дәстүр немесе молдаға апарып бір түкірікпен бұл ауру емделмейді. Ауруын жасырған өледі демекші, ұятты ысырып қойып мамандарға жүгінген жөн.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар