380 азамат «Sirius Energy» қаржы пирамидасының құрбаны болды

cover Фото: gov.kz

Елордадағы Қаржылық мониторинг агенттігі «Sirius Energy» қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшесін басқару фактісі бойынша тергеу жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Orda.kz.      

Ұйымдастырушы өзін чилилік «Sirius Energy» компаниясы өкілі ретінде таныстырып, азаматтарды жаңартылатын энергия көздері саласындағы жоғары табысты жобаларға инвестиция салуға үгіттеген.

Қаражат тек Tether (USDT) криптовалютасы арқылы қабылданған. Одан кейін инвесторларға шартты бонустары көрсетілетін жеке кабинеттер ашылған.

Салымшыларды тарту мақсатында күдікті Алматы және Астана қалаларында кеңсе ашып, тұрақты түрде тренингтер өткізген. Сондай-ақ өзін Instagram және TikTok әлеуметтік желілері арқылы жарнамалап, заңды қызмет көрінісін жасау үшін үшінші тұлғаның атына ЖШС тіркеген. Алайда шын мәнінде ешқандай нақты қызмет жүргізілмеген.

Нәтижесінде 380 азамат қаржы пирамидасының құрбаны болған.

Зардап шеккендердің бірі ұйымдастырушының сөзіне сеніп, жобаға инвестиция салу үшін 3 млн теңге көлемінде несие рәсімдеген, жоғары пайдаға үміттенген.

Алайда ешқандай төлем жасалмаған, енді ол несиені пайыздарымен бірге өз бетінше өтеуге мәжбүр. 

 Сот санкциясымен ұйымдастырушының банктік шоттарына тыйым салынды. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді.

Оқи отырыңыз: 

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар