«Жезөкшелерді жұмысқа салған экс-полицей»: Әкімдік алдында 6 баласымен бірге өртенбек болған ана

cover Коллаж: Orda.kz

Қаскелең қаласында орналасқан Қарасай аудандық әкімдігінің алдында Гүлнәр есімді көпбалалы ана өзін 6 баласымен бірге өртемекші болды. Көпбалалы ана 22 млн төлесе де, оған үйін сатқан бұрынғы ішкі істер бөлімінің қызметкері үйді бермей соттасып, 6 баласымен далада қалдырғалы жатқанын айтты. 

Оқиғаны өз көзімен көрген Orda.kz тілшісі Қаскелең қаласында болған жантүршігерлік жайт жайлы толық ақпарат береді.

Гүлнәр бұған дейін Алтын орда базарында үлкен екі баласымен бірге сауда жасаған, батут қойып, кішігірім кәсіппен айналысып, аллеяда аула сыпырушы болып жұмыс атқарған. Карантиннен кейін Өзбекстаннан келіп, үйін сатқан.

Әкімдік алдындағы жанжалдан кейін әкімдік қызметкерлері оны сабасына түсіріп, ішке кіріп жағдайды қайтадан басынан бастап баяндап беруді сұрады. Гүлнәрдің 6 баласымен бірге өз өміріне балта шабуға бел байлауына себеп болған үй мәселесі екен. Оның сөзінше бұл оқиға сонау 2017 жылдан бастау алған. Алайда екі тараптың арасындағы жанжал 2021 жылы басталған. Нұрлан Қараев есімді азамат оған үйін сатып алуды өтінген. Ойлана келе Гүлнәр үйді сатып алуға бел буып, нотариусқа барған.

«Бар ақшамды, 6,5 миллионымды алып бардым. Сол жерде келісімшартқа отырдық. Келісімшарт жасау барысында үйдің банкте тұрғанын білдім. Ал Нұрлан 2 айда үйді банктен шығарып беретінін айтты. Содан келісімшартқа сәйкес 100 мыңнан төледім. Екі айдан соң менен 600 мың ақша сұрады, оны да бердім. Үшінші ай өткенде тағы 500 мың сұрады, бірақ ол кезде 397 мың теңге ақшамды бердім», – деді Гүлнәр.

Уақыт өте келе олар Гүлнәрдан төлейтін ақшаны көбейтіп сұрай бастаған. Ол болса ләм деместен қолындағы бар заттың бәрін сатып, сол ақшаны тауып беріп отырған. Гүлнәр өз балаларын өзі жеткізіп отырғаннан кейін, үкіметтен жәрдемақыны керек етпеген. 

«Олар маған жәрдемақың жақсы болады екен, үкіметтен жәрдемақы алып отыр, сол кезде тез құтыласың деді. Ал мен одан бас тарттым. Келісімшартта айына 100 мың деп жазылғандықтан, сол ақшаны төлейтінімді ашық айттым. Ол үндемей кетіп қалды, бірақ арада 2 жыл өткеннен кейін карантин басталды. Мен Өзбекстан шекарасынан шыға алмай қалдым. Сол кезде ол мені сотқа берді».

Гүлнәрдің айтуынша, ол үйге пәтерді жалға алған адам ретінде кіргенін түсінген. 2017-2020 жыл аралығында 14 млн теңге төлегенін сотта түбіртек арқылы дәлелдеген. Ал Нұрлан Қараев кейін олардың үстінен облыстық сотқа арыз жазған. Алайда облыстық сот істі қарамай, бас тартқан. 

«Екінші сот та менің пайдама шешім шығарды. Келісімшарт бойынша үйдің ақшасын толығымен 2024 жылдың 4 қарашасында өтеліп бітуі керек болған. Мен болсам 29 қазанда толығымен үйдің ақшасын өтеп шығамын. Ал ол үйді банктен шығарып, басқа банкке қойып жіберген. Біз бұны сот арқылы білдік, ал үй болса бұғаттауға шығып кеткен». 

Гүлнәр үйді бұғаттан шығаруға тағы да қаржы жұмсаған. Яғни, балаларымен жүгері, сусын сатып айына 200-300 мыңнан төлеп отырған. Сол сәтте Нұрлан тағы да оны сотқа береді. Сотта Гүлнәр өзінің ісін дәлелдегенімен, сот үкімі Нұрланның шешіміне шығады. 

«Екінші сотта тағы да 1 млн 930 мың қарыз бар екенін білдім. Келесі күні банктен несие алып оны жаптым. Келесі сотта сот маған үйдің берілмейтінін айтты. «Неге берілмейді? 22 млн артығымен төледім ғой?» десем, «шешім сондай» деп қайтарып салды. Адвокаттарымның барлығы соттың шешіміне аң-таң болып қалды».

Кейін әйел аппеляциялық сотқа өтініш жазған. Өтініш кезінде сот оған «нені, қалай жазу керек екенін, егер солай жазса үйді өз меншігіне ала алатынын» айтқан. Алайда Гүлнәр тағы да үйге иелік ете алмаған.

«20 тамыз күні сот болады. Оған 900 мың теңге төлеймін, одан кейін тағы сот болады оған тағы төлеймін. Мен ол соттарды бәріне ақшаны қайдан табамын?», – деді ашынған ана.

Гүлнәрдің сөзінше, ол 2021 жылдан бері сабылып әкімдікке барған. Алайда әкімдік оған «балаңды өзің үшін тудың» деп қайтарып жіберген.

Нұрлан Қараев деген кім?

Ашық дереккөздерде Қараев жайлы ешқандай да ақпарат жоқ. Ал Гүлнәрдің сөзінше, ол бұрын Аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкері болған, кейін істі болып жұмысынан айырылған.

«Бұл қазір менен қашып жүр. Өйткені маған қарайтын беті жоқ. Мен білемін, бұл кісінің қалай жұмыс істегенін. Алтын Ордада «Жетіқұрдас» деген қонақүй бар, сол жақта жезөкшелерді жұмысқа салған (сутенёр), екі ортада «құлақ» болды. Өзбекстаннан қыздар әкеліп, өзбек қызын зорлағаны анықталған соң өз еркімен жұмыстан шығып кеткен. Оның қалай жұмыстан шыққанын бәрі біледі». 

Өз сөзінде Гүлнәр Нұрлан Қараевтың келіні болғанын айтты. Яғни, Нұрлан Қараев оның бұрынғы күйеуінің ағасы. Осы жағдайдан кейін Гүлнәрдің жолдасы оны 6 баласымен тастап кеткен.

Үй мәселесі бойынша сот Қаскелең қаласында 20 тамыз күні болады. Гүлнәрдің құқығын Шерзат ісінде танылған Мейірман Шекеев қорғамақ.

Orda.kz редакциясы оқиғаның қалай өрбитінін бақылап, ақпарат таратады.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар