Жаңа куәгерлер келеді: Ілияс Сәриев «сүттен ақ, судан таза» екенін дәлелдеуге тырысып жатыр

cover Коллаж Orda.kz

«Қазақтың Робин Гуды» деген лақап атпен танымал «Елге көмек» қорының басшысы, блогер Ілияс Сәриевтің соты бітуге таяп қалғанда судья айыптау актісін өзгертіп, іске жаңа куәгерлерді шақыруға қаулы шығарды, деп хабарлайды Orda.kz.

Қазіргі таңда Алмалы аудандық сотында қаралып жатқан қылмыстық іс шеңберінде Ілияс Сәриевпен бірге оның 33 жастағы серіктесі, «MM Travel» туристік компаниясының директоры Ақтоты Дүйсеева да жауапқа тартылып отыр.

Алдыңғы отырыста соттың негізгі кезеңі аяқталып, тараптар жарыссөзге көшіп, прокурор жаза мерзімін сұрауды судья бекіткен еді. Алайда бұл жолы судья Ернар Қасымбеков іс бойынша күдіктілерге қосымша сұрақтар туындауына байланысты жарыссөзді кейінге қалсын деген қаулы шығарды. Сонымен қатар, Қасымбеков прокурорға айыптау актісінде жәбірленушілердің айыпталушыларға ақша берген нақты уақытын көрсетуін және жаңартылған айыптау актісін ұсынуын тапсырды.

Судья бірінші болып Ақтоты Дүйсееваға, одан кейін Ілияс Сәриевке сұрақтар қойды. Қасымбеков Дүйсееваға Сәриевпен бірге қай жылдан бастап серіктес болғандарын, нақты кассалық жетіспеушілік қашан болғанын, сондай-ақ нақты қанша жәбірленушіден ақша алғанына қатысты қосымша сұрақтар қойды.

Сонымен қатар, сотта тағы бір жайт белгілі болды. Дүйсееваның адвокаты Сәриев 2025 жылдың басында Астана қаласында Дүйсееваға тиесілі пәтерді оған өтініш жасап, біреулерге ірі көлемде қаражат қарыз болып қалғандықтан уақытша сатып алу-сату шарты бойынша сатқанын айтты. Сариев Дүйсееваға кейін пәтерді қайта сатып алуға уәде еткен, бірақ сөзінде тұрмаған. Қысқасы, қазір Дүйсеева баспанасыз қалғанын мәлімдеді.

Фото: Orda.kz | Перизат Жарылқасын
Фото: Orda.kz | Перизат Жарылқасын

Бұл жолы Ілияс Сәриев сот бойы айтқан ұстанымын тағы да ерекшелей айтты. Оның айтуынша, ол «сүттен ақ, судан таза» екен, себебі барлық іс құжат бойынша Дүйсееваның атына тіркелген.

«Құрметті сот, мен өзіме қатысты кінәні мойындаймын. Ол алты ғана жәбірленуші, яғни олардың бейнероликтерін жариялап үлгергенім үшін ғана айыптымын. Ал «MM Travel» компаниясына менің еш қатысым жоқ, мен ол жерден бір жыл бұрын шығып кеттім. Қажылыққа баратындардың бір тиынына да тиіспедім. Оның үстіне мені құмар ойын ойнады дейді, оны қалай дәлелдейді? Егер мен құмар ойынға ақша тіксем, есімім базадан табылар еді ғой. Есепшоттан өзі аударып, мүмкін өзі ойнаған шығар. Егер ол әйел адам болса, ойынға құмар болмайды деген сөз емес. Былайша айтқанда, мен Ақтотыға жұмыс істедім, турфирмасын басқардым, ай сайын 1 млн теңге жалақы алып отырдым. Сонымен қатар, кейбірі үйі жоқ немесе еміне қаражат керек адамдарға қор ашылғанда да ол қаражат Ақтотының атына түсті. Сондықтан ол қаражатты өзінен сұраңыздар», — деді Сәриев.

Ал Дүйсеева әуел баста екеуі серіктес болған кезден бастап барлық келісімшарт пен құжат, есепшот тіпті банк қосымшасына дейін өзінің атына тіркелгенін айтты. Келіп түскен қаражатты алып отырған да Сәриев екенін мәлімдеді. Сондай-ақ, құмар ойынға тіркелмей біреудің атынан да ақша тігуге болатынын айтты. Судья мен тараптардың «неліктен мұндай соқыр сенім болды?» деген сұрағына Дүйсеева: «Мен сендім, себебі ел-жұртқа көмектесіп жүрді әрі алған ақшасын орнына қойып берем деп уәде берді» деп қысқа жауап қайырды.

Сондай-ақ, жәбірленушілер мен олардың адвокаттары Сәриевпен бірге жұмыс істеген мобилографтарды, оның жиі ақша аударып отырған досын, «MM Travel» туристік компаниясының менеджерлерін куәгер ретінде сотқа шақыру туралы өтініш білдірді. Судья Қасымбек бұл өтініштерді қанағаттандырды.

Бұдан бөлек, Сәриевтің адвокаты жәбірленушілердің бірі Айжан Жүргенбаеваның кешірім бергенін және оған ешқандай шағымы жоқ екені туралы жазбаша өтінішін оқып беріп, осы құжаттың негізінде қылмыстық іс жүргізуді қысқарту жөнінде өтініш жасады. Судья сот хатшысына бұл өтініштің шынымен жәбірленуші Жүргенбаева тарапынан жазылғанын тексеруді тапсырды.

Еске сала кетейік, Ілияс Сәриев пен Ақтоты Дүйсееваға қылмыстық кодекстің 190-бап, яғни «алаяқтық» бойынша айып тағылып отыр. 

Тергеу нұсқасына сәйкес, Сәриев үйі жоқ әрі дертіне шипа іздеген науқастардан баспана алып беру үшін елден қаражат жинауға көмектесемін деп, олардан жылу жиған. Бірақ кейін уәдесін орындамай, бейнежазбаларды әлеуметтік желіге жариялаған. Нәтижесінде көмекке үміттенген отбасылар ақша да, қолдау да ала алмаған. Бұл эпизод бойынша 6 адам жәбірленуші деп танылды, оның біреуі кешірім бергені айтылды.

Екінші сотталушы адамдарға қажылық пен умраға жолдаманы арзан бағада сатып, кейін міндетін орындамаған. Тергеу мәліметінше, бұл істе 20 адам зардап шеккен.

Жалпы екі күдікті де іс бойынша судья алдында толығымен жауап берді. Келесі сот отырысы 21 қарашаға жоспарланды.

Еске сала кетсек, бұған дейінгі сот отырысында Сәриевтің кей күндері тіпті күніне 700 мың теңгеге дейін ақшаны тек құмар ойынға жұмсағаны белгілі болды. Ал 9 қазанда өткен сот отырысында. Сәриевтің қажылардың ақшасын құмар ойынға салғаны әшкере болған.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар