«Жаңа Қазақстан жайлы әзілі үшін абақтыда»: Александр Меркульдің тұтқындалуы жайлы пікірлер

cover Фото: Orda.kz

Стендап әзілкеші Александр Меркульдің тұтқындалуы қоғамда үлкен резонанс тудырды. 

Orda.kz тілшісі бұл оқиға жайында Меркульдің әріптестері мен журналистер және саяси сарапшылардың пікірлерін біліп қайтқан болатын. Біз ол пікірлерді өзімізше саралап көрдік. Олардың арасында сөз бостандығы жайлы өткір пікір айтқан әртістер болды. Бұл жағдай негізінен әзілкештердің көңіл-күйіне де, жалпы әзілдеріне де әсер еткен сыңайлы.

Олар «Жаңа Қазақстан» туралы  және саяси әзіл жанры туралы пікірлерін жеткізді.

Саша Нестеренко. Фото: Orda.kz
Orda.kz

Белгілі әзілкештің тұтқындалуы стендап әуесқойлары арасында қызу талқыға түсті десек болады.

«Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ»

Айтарын ашып айтқан абайламай, Дариға-ай, Махамбеттер, Абайлар-ай!

Әртіс Данияр Әлшінов Weekend show-ды жүргізіп, кешті әзілкештерге қарсы қуғын-сүргін тақырыбындағы әзілмен бастады. Оның айтуынша, әзілкештер қарбалас адамдар. Олардың кем дегенде алдағы 10 күнінің жұмыс кестесі өте ауыр болады. Данияр әріптесінің тұтқындалуы жайлы пікір білдірді.

Саша Нестеренко. Фото: Orda.kz 

 «Алаңдап қалдым. Себебі, менің ойымша, әзіл үшін адамдарды түрмеге отырғызу — абсурд. Барлық демократиялы елдерде (ал біз демократиялы елміз), конституциялық деңгейде сөз бостандығы қамтамасыз етілген жерлерде әзіл үшін адамның тұтқындалғаны дұрыс емес. Менің сүйікті және өзімнің туған елімде осындай нәрселер болып жатқанына сенгім де келмейді. Бір өкініштісі, бұл біздің қоғамдағы шындық. Біз қазір мұның заңдылық екенін түсініп отырмыз. Бір жағдайды кездейсоқтыққа жатқызуға болады. Ал екі рет болса тағы топшылай тұрамыз. Бірақ жағдай үш рет қайталанса, онда ол заңдылық болады. Бұл біржақты мақсатты түрде жасалып жатыр. Бұның артында кім тұрғанын білмеймін. Президенттің осы тұтқынға алу жайлы оқиғаны естіген-естімегені жайлы да білмеймін. Мүмкін, бұл оның рұқсатынсыз жүзеге асып жатқан шығар. Тек жергілікті деңгейде бәзбіреулер өзін көрсетуге тырысып жатыр. Мен нақты білмедім. Бұл тақырып бойынша қандайда бір болжам айтқым келмейді. Бірақ, біз әзіл үшін түрмеге қамайтын елде тұрмыз. Әзілкештер халыққа белгілі ақиқатты айтады, бірақ оларды ешқашан жазаламаған еді. Әзілкештер ешқашан қауіп төндірмейді, өйткені олардың айтқанын халық әзіл ретінде қабылдайды», — дейді әртіс.

Ол білікті заңгерлерге үміт артып, Меркульдің тұтқындалуын заңсыз деп дәлелдейтініне сенімді болып отыр.

«Бұл жағдайды жасырудың қажеті жоқ. Біздің Конституциямыздың 20-бабында сөз бостандығы бар деп көрсетілген. Мен біздің конституциялық тәртіпке және елдің негізгі заңына сенемін. Себебі, Қазақстан — конституциялық мемлекет, сөзбе-сөз, атүсті шеше салатын ел емес», — деді ол.

Әзілкеш Темірлан да Жаңа Қазақстанның әділдігі жайлы пікірін білдірді. 

«Әзілкештер өздері өмір сүріп жатқан қоғамды әзілге айналдырады. Саяси юмор тек саясатты түсінетін әзілкештерде болады. Көптеген әзілкештерге бұл тақырып қызық емес. Тарихта айтыс дәуірінен бастап, ақындар ханға ащы шындықты айтқанда, Людовик XIV кезеңінде әзілкештер корольге еш қорқынышсыз және бүкпесіз айтқан. Қазіргі заманға дейін юмордың осындай бір міндеті бар десек болады. Сондықтан, біздің әзілкештер саяси мәселелерді түсініп, оларды айтуға дайын болғанда сахнаға шығады», — деді әзілкеш.

«Цензура әзілдерді астарсыз, жұтаң етеді»

Ресейлік әзілкештер туралы айтсақ, мобилизациядан бері көптеген Ресейдің стендап жұлдыздары Central Stand Up Almaty клубында өнер көрсетіп жатыр. Мұнда Идрак Мирзализаде, Андрей Айрапетов, Лука Хиникадзе, Кирилл Селегей, Саша Малой, Тимур Каргинов, Расул Чабдаров, Александр Шац және басқа да әзілкештер бар. Суырып салма шебері Саша Нестеренко клубта бірнеше шоу өткізеді.

Саша Нестеренко. Фото: Orda.kz

«Бұл өте жағымсыз оқиға. Ресейде бірнеше жыл бұрын болған жағдайды еске түсіреді. Меркульмен ешқандай қарым-қатынаста болмасақ та, оның тұтқындалуы дұрыс емес деп есептеймін. Әзілкештердің бәріне қауіп төнуі қорқынышты. Расына келсек, бұл стендап әзілдерінің өткір емес, астарсыз болып қалуына ықпал етеді. Бұл әлеуметтік тұрғыдан өткір жанр. Сондықтан, осындай цензураға ұшырайды», — деді әзілкеш.

Оның пікірінше, егер әзілкеш пен өнер өкілдерін әрі қарай осылай шетқақпайлай беретін болса, адамдар бұл жағдайға көндігіп, белсенді түрде шындық үшін күресуді қояды. Яғни, жұрттың бойы үйреніп кетеді.

Саяси әзіл мен цензура

Азаматтық қоғам дамымаған елдерде осындай үрдіс ерекше байқалады. Сондықтан барлығы көндігіп кеткен немесе әзілдерінде өз көзқарастарын көбірек жасырын түрде білдіреді. Бірақ бұл саяси әзіл жанрының дамуына теріс әсер етеді. Шығармашылыққа жаза қолданылатын кез келген жағдай дамуын тежейді. Не жазу керек, не айтуға болмайтынын түсінбей қаласың. Сонымен қатар, сахнада не айтатыныңды толық бақылау қиын болуы мүмкін», — деді ол.

Саша саяси стендапты әлі меңгеріп жатыр және саясат туралы әзілдеудің белгілі бір дағдылар мен батылдықты қажет ететінін айтты.

«Мен саяси әзіл жазуға талпындым. Бірақ нәтиже болмады. Менің білігім жетіспейді. Болашақта міндетті түрде қолға аламын деп ойлаймын. Бірақ сол кезде осы шетқақпайлауды есте сақтауым керек екені жаман болды. «Мен батылмын» деп бел буып, айылыңды жимауға болады. Бірақ олардың кімді де болсын еңсесінен баса алатынын ұғамыз», - деді ол.

«Жаңа Қазақстан» әділ ме?

Егер батылдық туралы айтатын болсақ, Дамир Нұрсейітов өзінің авторлық шоуында билік пен құқық қорғау органдарынан қорқатынын бірнеше рет ашық айтты. Ол Александр Меркульдің жағдайына алаңдайтынын да мойындады. Сонымен қатар, ол әлеуметтік желілерде стендап-комедияның еркіндігін қорғау үшін күресіп жүр.

Дамир Нурсеитов. Фото: Orda.kz 

«UFC жауынгері жекпе-жекке дайындалып жатыр. Барлығы олардың айқасатынын біледі. Құқық қорғаушы келіп, "Мұнда төбелес болып жатыр" деп шешім қабылдады делік, спортшыларды 10 күнге ұстап, бұзақылық үшін жазалайды. Сонда бұл дұрыс па? Ал егер президент спортшыны құттықтаса, бұзақылықты қолдай ма? Әлде бұл жанрдың шеңберінде және барлығының келісімімен бола ма? Біздің заңдар бізге ұнамайтындарды жабу үшін жасалады. Бір қарасаң, музыканттар, блогерлер, әртістер де боқтайды. Сонда олардың шығармашылығы 18 жасқа толмағандарға арналмаған ғой. Олар түрмеде отыра ма? Жоқ! Мұнда конституция нақ бұзылды. Сөз еркіндігі немесе заң алдында бәрі теңдік туралы бап бұзылды. Кім бұзады, оны анықтау керек. Стендап — комедиялық жанр. Бұл шығармашылық па? Шығармашылық!» — деді Дамир.
«Маша рэп-баттлда бұрыннан бар әннің үзіндісін айтса, бұл панч деп аталады. Бізді бұл елде ән мен шығармашылық үшін түрмеге отырғызғаны таңғалдырды. Бірақ қазір бұл таңқалатын нәрсе емес. Бұл "Жаңа Қазақстанның" жауабы! Бұл әділ Қазақстан ба? Сөз немесе би үшін түрмеге отырғызса, ал үлкен бұзақылық үшін тіпті қатаң жаза беріледі ғой», — деп атап өтті.

Қоғамның репрессияға қарсы тұруы

Әзілкеш әрі математика мұғалімі Тоқмырза Кәкенов екі жыл бойы сахнаға шықпағанымен, Меркульдің тұтқындалуын білген соң, қайтадан өнер көрсетуге шешім қабылдапты. Ол өте жақсы өнер көрсетті. Мани-майк (ақша микрофоны — әзілкештер әзілдерімен жарысатын формат) кезінде Тоқмырза өзінің әзілдерінің көпшілігін осы оқиғаға арнады. Ол жеңіске жетті.

 «Мен түрмеге отырудан қорықпаймын. Иә, мен бұл жағдайды шығармашылық адамдарды түрмеге отырғызу үшін прецедент деп санаймын. Бұл дұрыс емес. Өзім үшін әсте қорықпаймын. Жалпы, бүгін осы туралы сәл батыл, әрі ашық айтқым келді. Біздің қоғамда сөз еркіндігі жоқтың қасы. Бірақ Александр Меркульдің жағдайы қоғамдық резонанс туғызды. Қоғам дұрыс реакция беріп жатқан сияқты. Қоғам репрессияға қарсы шығады. Ол қарсылығы нәтижесін беріп те жатыр», - деді өнерпаз.

Конституцияның құны түсіп барады

«Әріптестерімнің бірінің қамауға алынғанын көргенде, әттеген-ай, қоғам тарапынан қолдау аз сияқты көрінді. Әрине, сөз бостандығын жақтайтындар да бар. Бірақ бұл керек те емес. Және бұл жағдай расымен қынжылтады. Ертең мен де бүкпесіз сөйлеп, шындықты айтқанда қоғамның қолдайтынына күмәнмен қараймын. Оның балағат сөздер айтып түрмеге қамалмағаны анық. Пікір білдірушілер мәселенің мән-жайына бармай, балағаттаудың дұрыс еместігін жазыпты. Бірақ негізгі мәселе онда емес екенін бәріміз білеміз. Үш әзілкеш түрмеге қамалды. Соның екеуі «Жаңа Қазақстан» туралы әзілдеді», — деп Мақсат баса айтты. 
«Бұл сөз бен шығармашылық бостандығына кепілдік беріледі және цензураға тыйым салынады деп жазылған Конституцияның 20-бабының жай ғана құнын түсіреді. Басқаларға қалай әсер ететінін білмеймін. Бірақ бұл оқиға жеке өзімнің көңіліме қорқыныш ұялатады», — деп қосты ол.

Егер саясат туралы қалжыңдасаң,  жауапкершілікті білуің керек

Жас әзілкеш Аян Сәду бір жылға жуық уақыт бойы стендап комедиямен айналысты. Қазір ол саясат туралы қалжыңдамайды. Бірақ алдағы уақытта «Жаңа Қазақстан» туралы әзілдейтінін жоққа шығармады. 

«Қазір менде саясат тақырыбына әзілдер жоқ. Ішкі жан қалауым да ол емес. Қыркүйек айында стендаппен айналысқаныма тек бір жыл болады. Сондықтан мен бұл тақырыпты кейінірек қозғаймын. Кейбір тәжірибелі әзілкештердің өздері де саяси әзіл айтудан қиналып жатады. Егер саясат туралы әзіл айтатын болсақ, жауапкершілік екенін түсіну керек. Оған жауапкершілікпен қарау керек. Бұл күндегідей нәрселермен хайп жасай салатын нәрсе емес», – деді Аян. 

Әзілкеш, әрине, әріптесінің қамауға алынуын дұрыс санамайды. 

«Ванлайн-комедия — бұл бір жолдық әзілдер, яғни қысқа әзілдер. Форматтың ерекшелігіне байланысты, олар күтпеген, абсурдты, түрлі тақырыптар және кейде өте өткір әзілдер болуы мүмкін. Мен Меркульдің еш дайындықсыз жиі өнер көрсететінін білемін. Ең құрығанда мен мұны шорттарда, рилстарда көріп жүрмін. Ол жай ғана залда импровизация жасайды. Импровизацияда кез келген нәрсені айтуға болады. Оның ішінде ойланбай әзіл айтып қалуың мүмкін. Мен де осындай форматта өнер көрсетемін. Мен саяси әзілге өмірімді арнамаймын. Бірақ қазір осы жанрды зерттеп, жұмыс істеп жүрмін. Сондықтан менің комедиям — болжап болмайтын, күтпеген, абстрактты дүниелер. Мен бір-бірімен байланысты емес тақырыптарда әзілдей аламын және бұл комедиялық аттракцион секілді әсер береді деп айта аламын», – деді Аян.

Гитлер туралы әзілдесең де, «Жаңа Қазақстан» туралы әзілдеме

Сондай-ақ, әзілқойлар клубының тұрақты көрермені және жанкүйері Татьяна осы жайлы пікір білдірді.

«Бұл жағдайда конституциялық құқық бұзылып отыр. Әрине, бұл Конституцияның 20-бабы. Бірақ бұл ғана емес, басқа да заң бұзушылықтар бар. «Елдің басты заңының жоғары заң күші» деген ұғым бар, яғни, заңнамадағы иерархия. Конституция ең жоғары орында тұрады. Ал қалған заңдар төменде болады. Сондықтан кез келген үкім шығарылған кезде әрқашан жоғары деңгейдегі заң актілеріне сүйену керек. Яғни, алдымен олар Конституцияны басшылыққа алуы керек еді. Әңгіме Меркульдің шығармашылығы туралы болып отыр. Ол ешқандай цензураға ұшырамауы керек. Бұл әзілкештің құқығы бұзылды», — деді Татьяна.

Назарларыңызға басқа да жанкүйерлердің пікірін ұсынамыз:

  • «Біз балағат сөзді жақсы қабылдаймыз. Соны көруге келеміз. Шоу мен қоғамдық орынның айырмашылығы бар. Егер адамдар ақша төлесе, тікелей трансляция жүргізілмесе, залда кәмелетке толмағандар болмаса, бұл авторлық шоуының бір бөлігі болады. Адамдар дәл осы үшін стендап-клубқа келеді. Автордың сөзін цензурасыз тыңдау үшін келеді. Цензураланғанын былай-ақ, басқа жерден, мысалы, теледидардан да табуға болады».
  • «Мен қоғамдық орында балағат сөз үшін жазаға тартуға қарсымын. Ал жігіт болса, қоғамдық орында емес — өзінің концертінде, ескерту мен дисклеймерлермен өнер көрсетті. Оған келгендердің бәрі қайда келгенін білді. Ақырында, бұл себеп тек билік цензурасына қолғабыс етіп тұр».
  • «Бізде сөз бостандығы жоқ. Біз демократиялы ел емеспіз. Мұны Александр Меркульге қатысты оқиға тағы да көрсетті. Оның «Жаңа Қазақстан» туралы айтқан сөздерінің бәрі де шындық».

Қорыта келе айтарымыз, пікір білдірушілердің көбі сөз бостандығы бар болған соң әзілкештің тұтқындалуы орынсыз деп отыр.

Біз заман ағымының ерекше сәтінде тудық. Қазір адам құқығы, теңдік, демократия деп ашық айта алатын заман. Бабаларымыз бұған дейін өткен ғасырларда да тайсалмай, ел жағдайын, әділетсіздік пен шындықты ханның өзіне ашық айтып отырды. Оған дәлел өте көп. Әсіресе, жыраулардың жырларына зер салсақ мысалдар көп кездеседі. Асан Қайғының Әз-Жәнібек ханға айтқан соңғы сөзі ерекше назар аудартады.

«Ай, Хан ием, мен айтпасам, білмейсің,
Айтқаныма көнбейсің.
Шабылып жатқан халқың бар,
Аймағын көздеп көрмейсің.
Қымыз ішіп қызарып,
Мастанып, қызып терлейсің,
Өзіңнен басқа хан жоқтай
Елеуреп неге сөйлейсің?!», — деді Асан Қайғы.

Біз оқиға мен пікірлерді назарларыңызға ұсындық. Әрине, балағат сөз айту жөн емес. Бірақ әзілкеш дәл балағат сөзі үшін тұтқындалып отыр ма? Бұдан кейін саяси әзіл жанры кенжелеп қалмай ма? Мәселе осыда.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар