Украинаның Путин резиденциясына болжамды шабуылынан кейін Ресей Львов облысына «Орешникпен» соққы жасады

cover Коллаж: Orda.kz

Ресей қорғаныс министрлігі 9 қаңтарға қараған түні Львов облысына орта қашықтықтағы «Орешник» зымыранымен соққы жасалғанын растады. Ведомство сондай-ақ, «Украинаның аса маңызды нысандарына» жаппай зымыран соққысы мен дрондар арқылы шабуыл жасалғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Orda.kz. 

Ресей әскери ведомствосы бұл «акцияны» «Киевтің 29 желтоқсанда Новгород облысындағы Владимир Путиннің резиденциясына жасаған террористік шабуылына жауап» деп атады.

Бұған дейін Ресей СІМ басшысы Сергей Лавров Украина президент резиденциясына дрондармен шабуыл жасады деп мәлімдеген. Ал Украина президенті Владимир Зеленский бұл ақпаратты бейбіт келіссөздердегі жетістіктерді бұзу үшін жасалған жалған ақпарат деп атады. Оның айтуынша, бұл соғысты аяқтауға бағытталған қадамдардан бас тарту үшін ойлап табылған-мыс. 

«Орешник» зымырына арқылы энергетикалық инфрақұрылым нысанына (газ қоймасына) соққы жасалған болуы мүмкін деп болжанады. Шабуыл сол нысанның маңына тиген болуы ықтимал.

Бұл шабуылға Украина басшысы да үн қатты. Зеленский Киев пен Львов облыстарындағы Ресейдің жаппай соққысының салдарын жою жұмыстары жүріп жатқанын айтты. Оның сөзінше, елордада 20 тұрғын үй зақымданған, қазіргі уақытта кемінде төрт адамның қаза тапқаны белгілі, олардың бірі — жедел жәрдем қызметкері.

«Жалпы осы түнде 242 дрон, баллистикалық зымырандар (нақтырақ айтқанда, энергетика нысандары мен азаматтық инфрақұрылымға бағытталған) — 13, орта қашықтықтағы бір баллистикалық «Орешник» зымыраны, 22 қанатты зымыран қолданылды. Олар ауа райы айтарлықтай суыта бастаған кезде шабуыл жасады. Бұл — қарапайым адамдарға жасалған соққы. Біздің азаматтық инфрақұрылым нысандары мен энергетикалық нысандарға зақым келді» деп жазды Зеленский.

«Орешник» — ұшу қашықтығы шамамен 5500 шақырым болатын эксперименттік зымыран жүйесі. 2024 жылы Путин бұл жаңа қару туралы жиі айтып, оның «артықшылықтары мен қуатын» атап өткен болатын.

Айта кетейік, АҚШ-тың Қазақстандағы жаңа елшісі Джули Стаффт президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуінен кейін екі ел басшыларының арасындағы жоғары деңгейдегі байланыстың жаңа кезеңі басталғанын мәлімдеді.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар