ҰҚК, «Қорғас» және адамдардың өлімі: Нұртілеу мен Гаджиев Қазақстанды қалай уысында ұстады?
Коллаж: Orda.kz
Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу, кәсіпкер Гаджи Гаджиев және ҰҚК-нің бұрынғы және қазіргі бір топ қызметкерлері ұсталды деген ресми дерек жоқ. Кеше Orda.kz жариялаған материалдан кейін мемлекеттік мекемелердің бәрі дерлік мұны жоққа шығарып, тіпті жалған ақпарат үшін қылмыстық жауапкершілік бар екенін еске салды. Алайда ресми мәлімдемелерден өзге, «Orda.kz қателесті» дегенді айғақтайтын бірде-бір сурет те, бейнематериал да шықпады. Сол себепті біздің редакция өз дегенінде қалады. Нұртілеу, Гаджиев және ҰҚК-нің үш бұрынғы қызметкері шынымен де ұсталған. Енді біз олардың не үшін құрықталуы мүмкін екенін тарқатып айтпақпыз.
Редакциямыз тек құқық қорғау органдарындағы дереккөздер жеткізген ақпаратқа сүйенеді. Сол мәлімет бойынша, Гаджиев пен Нұртілеу бірінің қолына билік, бірінің қолына бизнес тигенге дейін-ақ аралас-құралас болған. Гаджи Гаджиевтің шыққан жері Алматы облысына қарасты Шонжы ауылы. Мұрат Нұртілеудің де әулеті осы өңірден. Біздің дереккөздердің айтуынша, екеуінің достығы бала кезден басталған. Кейін бұл байланыс екеуінің де керегіне жараған.
2019 жылға дейін Мұрат Нұртілеу саясат сахнасында аса көзге түскен жоқ. Көбіне дипломатиялық қызметте жүрді, төрт жыл сенатта отырды. Әрдайым Қасым-Жомарт Тоқаевтың қарамағында еңбек етті.
Дипломатиялық қызметінде де аса бір беделді лауазым атқарған жоқ: Женевадағы Қазақстан өкілдігінде жұмыс істеді, Финляндия мен Эстонияда елші болды. Бірақ танитындар «зерек, алғыр» адам екенін айтады. Мәселен, талдау жасауға бейімі бар.
Оның жұлдызы шын мәнінде 2019 жылдан, яғни Қасым-Жомарт Тоқаев президент болғаннан кейін жанды. Әуелі президент кеңесшісі, екі жылдан соң президент әкімшілігі басшысының орынбасары болды.
2022 жылдың 5 қаңтарында Қасым-Жомарт Тоқаев оны ҰҚК төрағасының орынбасары етіп тағайындады. Бұл комитеттің басшылығы ел басына күн туған шақта президентке қарсы шыққан кез еді. Сондай жағдайда Нұртілеуді сол орынға қою — Тоқаевтың оған қаншалық сенгенін көрсетеді. Бұған тағы бір дәлел келтірсек, бір айдан кейін, ақпанда, Мұрат Нұртілеудің президент әкімшілігінің басшысы болып тағайындалды.
Ал Гаджи Гаджиев туралы не белгілі? Ұлты — лак (Дағыстандағы ұлт). Бірақ жоғарыда айтқандай, Шонжыда туған. Қазіргі Жетісу облысы. Ресми дерек бойынша, оның төрт жоғары білімі бар. Негізінен ол — құрылыс саласындағы кәсіпкер. 2010-жылдардың соңынан бастап өзі құрған SA Construction Group компаниясына иелік етеді. Бұған дейін ол олигарх Патох Шодиевке қатысы бар құрылыс компаниясының басқарушылар қатарында болған. Сонымен қатар біздің дереккөздердің айтуынша, Гаджиевтің Біріккен Араб Әмірліктерінде көлік компаниясы бар. Бизнесінің өрлеуі досы Мұрат Нұртілеудің саяси мәнсабымен қатар өрбіді.
Гаджиев спортқа да әуес. Ұлттық олимпиада комитетінің вице-президенті, 2024 жылдан бері ҚР Ауыр атлетика федерациясының президенті. Бұған дейін кунг-фу федерациясын басқарған. Сондай-ақ оған Орталық Азиядағы ең танымал Nomad MMA промоушені тиесілі.
Ал екі достың отбасына келсек, Мұрат Нұртілеудің де, Гаджи Гаджиевтің де баласы көп. Нұртілеудің төрт, Гаджиевтің бес перзенті бар. Гаджиевтің жары — белгілі медиаменеджер Раушан Қажыбаева. Ал Мұрат Нұртілеудің жары туралы мәлімет жоқ.
Бірақ 2022 жылға қайта оралсақ. Қаңтар оқиғасынан кейін Мұрат Нұртілеу ҰҚК төрағасының орынбасары қызметін бір айға жетер-жетпес уақыт қана атқарды. Біздің дереккөздердің айтуынша, соның өзі жеткілікті болды: ол да, оның досы Гаджиев те комитет ішінде берік орын тепті. Сол қыста Нұртілеу өзінің досы Гаджиевті ҰҚК-ге кіргізді. Айтылған мәліметке сенсек, ресми түрде кәсіпкер саналатын Гаджиев комитеттің штаттан тыс қызметкері болған, тіпті офицерлік шені де бар.
2022 жылы Нұртілеудің қолдауымен Гаджиев ҰҚК ішінде «қосымша құрылымды» — «жасырын ҰҚК» құрды. Дереккөздеріміздің сөзіне қарағанда, оған комитет қызметкерлері кіргенімен, олар мемлекет мүддесіне емес, Мұрат Нұртілеудің жеке басына қызмет етті. Ал ол кезде Нұртілеу 2022 жылғы 1 ақпаннан бастап президент әкімшілігін басқарды. Кейін, 2023 жылдың сәуірінде сыртқы істер министрі болды.
Қазақстан саясатына қызыққан жандар байқаған шығар, Мұрат Нұртілеу барынша жабық, көпшілікке беймәлім тұлға. Ешбір даулы жағдайға араласпаған, баспасөзбен байланысы мардымсыз болған. Тіпті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері оның дәстүрлі брифингтерде бірде-бір рет көрінгенін есіне түсіре алмайды. Ал ол жиындарға әдетте барлық министрліктердің өкілдері, тіпті қорғаныс пен ішкі істер министрлері де қатысатын. Бірақ сыртқы істер министрі емес.
Оның осындай жабықтығына қарамастан, сарапшылар Нұртілеуді Қасым-Жомарт Тоқаевтан кейін келетін мұрагерлердің алдыңғы қатарына қойып келді. Неге үйтті? Себебі оның қолына шектен тыс көп билік жиналды.
2024 жылға қарай сыртқы істер министрі жай ғана дипломатиялық ведомство басшысы емес, Қазақстан саясатындағы «сұр кардиналға» айналды. Ол президентке әлі сыртқы істер министрлігі тұсынан жақын болған. 2022 жылдан бастап елдің ең құпия қызметі саналатын ҰҚК-нің кейбір қызметкерлерінен құралған дербес күш оның қол астында болды. Бұған қоса, ақпараттық ресурс та бар еді. Гаджиевтің жары жуырдаға дейін президенттің телерадиокорпорациясын басқарды, қазақстандық медианың басым бөлігін бақылауда ұстады.
Осының арқасында Нұртілеуге жақпаған адамдарға қылмыстық істер оңай қозғалды. Ал жұмсақтау тәсіл қажет болса, оларды ақпараттық оқшаулауда ұстап, шағымдарын тиісті органдарға жеткізуге мүмкіндік бермеді. Президентке жетуі тіпті мүмкін емес еді.
Ал Гаджиев болса, Қытаймен шекараны, ең алдымен «Қорғасты» бақылауға алды. Пандемиядан кейін қайта ашылған 2023 жылы ол өзін ҚХР-мен шекараға «қараушы» ретінде жариялаудан тайсалмады. Белгілі бір қазақстандық белсенді оның Қытайға және шекараға қатысты кез келген мәселені тікелей өзіне айтуға шақырғанын әңгімелеп берді.
Кейін Гаджиев ҰҚК-мен байланысын жасырмайтын болды. Біздің дереккөздің айтуынша, 2024 жылы ол комитет басшылығы алдында «дәріс» оқып, президентке қарсы қастандық дайындалып жатқанын айтып, «бағынбайтын» саясаткерлер мен кәсіпкерлердің атын атаған.
Сол 2024 жылы Киевте Украинаға қашқан оппозициялық журналист Айдос Садықов қаза тапты. Дереккөздеріміздің айтуынша, бұл қастандыққа Ғаджиев пен Нұртілеудің «жасырын ҰҚК» тобы тікелей қатысты.
Журналистің өліміне әуел бастан-ақ Гаджиевтің қатысы бар деген ақпарат шықты. Бұл туралы марқұмның жары Наталья Садықова мәлімдеді. Оның сөзінше, 2023 жылы ақпанда «Бәсе» арнасында Гаджи Гаджиев жайлы бейнематериал шыққан соң, ол Киевке адамдарын жіберіп, 5 мың доллар беріп, роликті өшіруге және болашақта атын мүлде атамауын сұрап, ымыраға келуге тырысқан. Ал араға жыл салып, сол Гаджиев журналистке жасалған қастандықтың орындаушыларын жалдап, қаржыландырып, бақылап отырған. Олардың арасында бұрынғы екі қазақстандық күштік құрылым өкілдері — Алтай Жақанбаев пен Мейрам Қаратаев бар. Айта кетсек, кеше оларды да, сондай-ақ 2024 жылдың қыркүйегінде қызметінен кеткен ҰҚК сыртқы барлау қызметінің бұрынғы директоры Асхат Әмірхановты да ұстады.
Әмірхановтың отставкасын былтыр, бір жыл бұрын-ақ Садықовтың қазасымен байланыстырған еді. Бірақ біздің тергеуіміз көрсеткендей, қастандықты орындаушыларға тек ол ғана емес, 2025 жылдың көктемінде қаза тапқан сыртқы барлау қызметі төрағасының орынбасары Бауыржан Алпысов және комитеттің қазіргі басшыларының бірі де көмектескен. Дәл сол басшы да кеше ұсталды.
Олар қалай көмектесті? Барлау қызметі, атап айтқанда, Айдос Садықовтың Киевтегі жүріс-тұрысын аңдуға қолдау көрсеткен. Ал бұл жерде Нұртілеудің қатысы қандай? Біздің дереккөздердің мәліметінше, журналистің өліміне түпкі бенефициар болған — қазіргі сыртқы істер министрі. Ал сыртқы барлау қызметінің кейбір қызметкерлерін «жасырын ҰҚК»-ге тарту дәл Нұртілеудің комитет төрағасының орынбасары болып аз уақыт отырған кезінде жүзеге асқан. Оған бұл не үшін қажет болды? Мұны біз алда тарқатып айтамыз.
Енді Бауыржан Алпысовтың қазасына тоқталсақ. Ресми нұсқа бойынша, ол сәуірдің бір таңында терезеден секіріп кеткен. Өз еркімен. Алайда сол кезде-ақ Orda.kz жариялаған материалдағы болжамда оның өлімі суицид емес, қастандық болуы мүмкін екені жазылған еді. Бірнеше ай өткен соң да біз сол пікірді қайталауға дайынбыз. Алпысовты 16-қабаттан жасырын ҰҚК-нің адамдары лақтырып жіберуі мүмкін. Оның өлімінің жай-жапсарын әйелі мен балалары ашып айта алар еді. Бірақ олар баспасөзбен байланысқа шықпай отыр. Демек, Алпысовтың отбасына қысым жасалғанына барлық негіз бар.
Қызығы сол, дәл осы өлім болмағанда, Нұртілеу–Гаджиев тандемі мен «жасырын ҰҚК» туралы ақпарат «жабулы қазан» күйі қалып, жан баласы бұл жайлы естімеуі мүмкін еді. «ҰҚК терезеден құлайды» атты ролик жарық көргеннен кейін үш күн ішінде Orda.kz бас редакторы Гүлнәр Бажкеноваға қысым жасалып, одан бар ресурстан бас тартуды және мүлде журналистикадан кетуді талап етті. Сол текетірес біздің зерттеуіміздің бастауы десек болады.
Осы жайлы және тағы басқа да деректерді біз YouTube-тағы шұғыл шыққан бейнематериалымызда баяндадық: «Биліктегі сұр кардинал: қастандықтарды ұйымдастыру және ҰҚК-дегі тамыр-таныстар».
Айта кетейік, бүгін СІМ Мұрат Нұртілеудің жұмыс істеп, кездесуде жүргені жайлы ақпарат шығарды. Алайда Orda.kz министрдің ол суреттерге 1 шілдеде түскенін анықтады.
Жаңалықтар
- Санитарлық дәрігердің қаулысы: Астанада тұмау белгілері бар балалар мен ұстаздар сабаққа жіберілмейді
- Ақтаудағы аялдамалардың бірінен ер адамның мәйіті табылды
- Алдағы аптада Алматыда минус 21 градус суық болады
- АҚШ Қарулы Күштері Латын Америкасындағы есірткі картельдеріне әуе шабуылын бастайды
- Берік Уәли онлайн ойынның кейіпкері болады
- Орталық Азияға астық экспорты: Өзбекстанның қамбасы лық толды, Қазақстан жаңа шешім іздеуде
- Қазақстанның үш облысында ауа райына байланысты жол қозғалысы шектелді
- Гоада клубтан шыққан өрт 25 адамның өмірін жалмады
- Зеленский Уиткоффпен және Кушнермен Ресейдің жаңа шабуылының қаупі туралы телефон арқылы сөйлесті
- Қазақтың жас таеквондашысы Бейбарыс Қаблан әлем чемпионы атанды
- Түркістанда жұдырығы жуан шенеунік қызметінен айырылды
- Алматыда түнде болған алапат өрт сөндірілді
- Батырхан Төлеуғали жастар арасында таеквондодан әлем чемпионы атанды
- Жолдарда полиция бірнеше есе көбейді
- Лисаковскідегі бала зорлағыш өмірінің соңына дейін түрмеге тоғытылды
- Жағармай үшін өмірін жақты: Әскери бөлім қоймасының меңгерушісі тоғыз жылға сотталды
- Алматы облысындағы Нарынқол шекара бекетінде әскери қызметші мен баласы қаза тапты
- ТЖМ еліміздің оңтүстігіндегі жер сілкінісінен кейін нысандар мен ғимараттарды тексерді
- Бас прокуратура алаяқтардың жаңа «әдісі» туралы ескертті
- Алматы кәуапханаларында экологиялық және санитарлық бұзушылықтар анықталды