Талғарда қыз зорлады деген жаламен ұсталған төрт жігіт ақталып шықты

cover

Алматы облысы Талғар ауданы Тұздыбастау ауылында төр жігітті полиция қызметкерлері үйлерінен алдап алып кеткен. Тергеу бөліміне барған сәтте оларға тағылған айыпты айтқан. Олар сол жерде қыз зорлау бойынша қылмыстың істің қозғалғандығын білген. Тергеу кезінде полиция қызметкерлері әбден азаптап, мойындатпақ болған. Сот кезінде қызды зорлады деген жерінде қыздың өзі болмаған. 6 рет экспериза жасалған.  Orda.kz тілшісі осы төрт жігіттің қалай ақталып және тергеу кезінде қандай заңбұзушылықтар болғанын біліп қайтты.

Талғар ауданындағы бұл оқиға қоғамды дүр сілкіндірді. Себебі қыздың анасы басылымдарға қызымды зорлаған төрт жігіт сотта ақталып шықты деп сұхбат берген. Бұл әлеуметтік желіде түрлі пікір қалдырып, жігіттерді қаралап, қарғап жатқандар да аз емес. Orda.kz редакциясы осы жігіттермен сұхбаттасып қандай дәлелдермен ақталып шыққандығын білді. 

«2024 жылдың 17 қазанда екі полиция қызметкері үйге келіп, ұялы телефон ұрлағансың тергеуге барасың деді. Анам үйден телефон қораптарын алып шығып сатып алғандығымызды дәлелдемек болды. Сол кезде олар маған күш көрсетіп, РОВД ға алып кетті тергеуге кіргізе салып мені ұрып-соғып сен қыз зорлағансың деп ұра берді», – деді осы іс бойынша басты күдікті болып ақталып шыққан азамат.  

Ақталып шыққан жігіттің айтуынша арыз жазған қыздың нағашы ағасы сол тергеу бөлімінің бастығы екен. 

«Қыздың ағасы келіп ұрып, қорқыта бастады, мойындамасаң 15 жыл отырған адамның жанына отырғызамын, бұл жерден тірі шықпайсың деді. Қыздың жазған арызында ағаммен ерегесіп, өш алу үшін мені келіп төрт жігіт зорлап кетті деп жазылған. Ал сот кезінде сол ағасы келіп бұл жігіттермен арамызда ешқандай төбелес немесе түсінбеушілік болған емес. Бір ауылда тұрғаннан кейін сырттарынан ғана танимын деп жауап берді», – деді осы іс бойынша басты күдікті болып ақталып шыққан азамат.  

Бір қызығы бұл ақталып шыққан төрт жігітті байланыстыратын ештеңе жоқ. Олар тіпті бір дастархан басында отырмаған. Бір ауыл болғаннан кейін сырттай бірін бірі таниды. Төрт азамат та арыз жазған қызды ешқашан көрмеген. 

«17 қазан күні тұрып жатқан пәтерден қолымды бұрап Талғар қаласының полиция бөлімшесіне алып кетті. Көлікте маған қыз зорлағансың деді. Мен оларға ешқандай қызды танымайтынымды және зорламағанымды айтып, ақталып әуре болдым. Тергеуге кіргізді, сол жерде қатты соққыға жыға бастады, шашымнан сұйреп, қабырғамды сындырды. Қасымдағы осы іс бойынша тергелген жігіттерді де танымаймын. Қызды танымаймын, ешқашан көрмегенмін. Сөйтіп бізді бір жарым жылға уақытша изоляторға жіберді», – деді екінші ақталып шыққан жігіт.  

Үшінші ақталып шыққан азамат мал бағатын,  қарапайым ауыл шаруашылығымен айналысып жүрген азамат. Оны мал бағып жүрген жерінен үйіне шақыртып, сол жерден алып кеткен. 

«Үйге екі досыммен келсем, полиция қызметкерлері күтіп отыр екен. Атыңа қыз зорлады деген арыз түсті деп мені үйден екі көлікпен алып кетті. Мал бағатын киіммен тұрғанмын, ауыстырып алайын дегем, олар барғасын қайта әкеліп тастаймыз деді. Мен көліктеріне отырдым. Сол кезден бастап олардың әңгімелері өзгере бастады. Көлікті жолдың шетіне қойып, мені ұра бастады маған «тауға апарып көріңді қаздырамыз» деді. «Қасыңда болған үш жігіттің атын айт» деді. Талғарға апарды, қыздың нағашы ағасы сол жерде істейді екен. Тергеушінің бөлмесіне кірдім. Арызды оқып берді, үш азаматтың аты жөнін оқыды, менің аты жөнім жоқ. Мені кабинеттен шығарып жіберіп қайта кіргізді. Арызды қайта оқыды, бұл жолы менің атымды қосып оқыды.  Сол кезде оларға жаңа ғана аты-жөнім жоқ еді ғой дегенімде тергеуші арыз өзгере береді ғой деп күлді», – деді үшінші ақталып шыққан азамат.

Ақталып шыққан азаматтардың айтуынша полиция қызметкерлері жертөледегі бұрыннан түрмеде отырған адамдарға апарып ұрғызамыз деп қорқытқан. Сонымен қатар, тырнақ алғышпен мүшелерін қысып, азаптаймыз деп қорқытқан. 

Қыздың арызында азаматтар екі көлікпен келіп, алдап алып кетіп, аталған жерге апарып жерге төсеніш төсеп, сол жерде зорлаған деген. Алайда оладың ешқайсында көлік түгілі көлік айдауға рұқсат етілген куәліктері де жоқ екен. Сыйпатталған көліктің бірі оқиға болған күннен кейін сатып алынған екен. Сот бітіп, азаматтар ақталып шықса да әкелерінің көліктері әлі де қайтарылмаған. 

«17 қазанда түстен кейін мені үйден кейін алып кетті. Тергеуге барғанда мені 5-6 полиция қызметкері үздіксіз ұрып соғып, мойындатпақ болды. Маған қыздың суретін көрсетті. мен оларға бұл қызды ешқашан көрмегенімді айттым. Олар сонда да ұруын тоқтатпады, қиналғаным соншалық ойдан оқиға құрастырып айтып беруге тура келді», – деді төртінші ақталып шыққан азамат.

Арада сегіз ай өткеннен кейін арыз жазған қызбен беттестіру болған. Алғашқы беттестіруде қыз төртеуін де танымайтынын айтқан. Азаматтардың ата-анасының айтуынша жасалып жатқан экспертизаны да көрсетпеген. Тергеу кезінде алты рет экспериза жасалынып, алтауы да таза шыққан. Арыз жазған қыз бірнеше рет арызын өзгерткен, соның ішінде оқиға болған күндерді ауыстыра берген.

«Оқиға болған күн — 14,12 қазан деді, барлық дәлелдерді, қайда болғанымызды, фото-видео арқылы дәлелдеп беріп отырдық. Іс сотқа кетуге жақындағанда тағы өзгертіп тастады. Дереу бізге дәлел табуға мұрша бермей, істі сотқа жіберіп тастады. Біз дәліл тауып үлгермедік», – деді жігіттер.  

Азаматтарды бірінші Есік қаласына, кейін Талдықорған қаласына алуыстырған. Олар Талдықорғанға барар жолда көлікте бірге болып, сол кезде өмірлерінде бірінші рет сөйлескен. Сол кезде жігіттер ант-су ішіп, бір-бірне ақталған. 

Азаматтар бір жарым жыл жазықсыз қамалып, әлі де көрген қорлықтарып ұмыта алмайды. Арасындағы екі азамат студент болған. Істің ақ-қарасына жетпей, жігіттерді оқудан қуып жіберген. Олар әлі күнге дейін бұл оқиға не үшін болды, неге дәл біз деген сұраққа жауап таба алмай жүр.

Қазіргі таңда қыздың өкілдері апелляциялық шағым түсірген. 

Сұхбатты толығырақ ютуб арнасынан көре аласыздар:

Оқи отырыңыз:


Жаңалықтар

барлық жаңалықтар