Тағы да Талғар — зәреңді алар: Ғалымжан Шерзатұлының өліміне кім кінәлі?

cover Коллаж: Orda.kz

Алматыда хабар-ошарсыз кеткен 27 жастағы Ғалымжан Шерзатұлы Талғар аудандық полиция бөлімінде азаптауға ұшырағаннан кейін, көп ұзамай өзіне қол салды. Ал ресми органдар оның мәйітін «туыстары жоқ адам» ретінде жерлеп, бұл туралы ата-анасына тек 40 күннен кейін ғана хабарлаған. Orda.kz тілшісі марқұмның ата-анасымен тілдесіп, қайғылы оқиғаның мән-жайын анықтады.

Ғалымжан Кәрімов — Түркістан облысы Келес ауданының тумасы. Алматыда қызмет етіп, бос уақытында такси жүргізушісі болған. Туған-туысының сөзінше, ақкөңіл, мейірімді, адаммен тез тіл табысатын жігіт болған. Өз-өзіне қол жұмсайтындай ашуланшақ, не тұйық бала болмаған. Ғалымжан Кәрімов әкесімен бірге Алматыда тұрып, еңбек ететін. Анасы Гүлнәр Момынова Түркістан облысында тұратын.

Қайғылы оқиға 2025 жылдың 24 желтоқсанында басталды. Баласынан айырылған ана Гүлнәрдің айтуынша, Ғалымжан танысу сайтында қызбен танысып, кейін оны кездесуге шақырады.

«Кездесуге ұлым Талғарға барған. Кездесу кезінде әлгі «қыздың»  шын мәнінде 14 жастағы жігіт екені белгілі болады. Сол күні таныстық тоқтатылды. Алайда кездесу кезінде екеуінің телефондары ауысып кеткен. Келесі күні Ғалымжан телефонын қайтарып алу үшін Талғарға қайта барған», — дейді анасы.

Алайда сол күні Ғалымжан Кәрімовті Талғар аудандық полиция қызметкерлері ұстап әкетті. Ғалымжанның соңғы хатына сәйкес, ол полиция бөлімінде ауыр азаптауға ұшыраған. Сондай-ақ, хатында полиция бөлімдегі бейнебақылау камералары сөндіріліп, оның басына пакет кигізіп, ұрып-соққаны айтылған. Азаптаудан кейін Ғалымжан үйіне жіберілген. Сол күні шамамен сағат 23:30-да ол үйіне келген.

«Қаралы күннің алдында ұлымызбен ұзақ, шамамен түнгі үшке дейін сөйлестік. Денсаулығымды сұрап, өзімді күтіп жүруімді өтінді. Ана жүрегі бәрін сезеді екен ғой, таңға қарай өзімді нашар сезіне бастадым», — дейді анасы.

Оқиғаның мән-жайы Ғалымжанның кейін қалдырған қоштасу хатында да жазылған. Келесі күні таңғы сағат алты шамасында Ғалымжан Алатау ауданындағы жалдамалы пәтерінен шығып кеткен. Соңғы хаты жазылған ұялы телефонын үйде қалдырған. Екі күннен кейін үйіне оралмаған соң, бірге тұратын әкесі баласын іздеуге кіріскен. Үйде қалған телефонды тексеру кезінде Ғалымжанның соңғы хаты табылды.

Әкесі хатты тапқаннан кейін, туыстарына хабар берген. Түркістаннан жол жүріп келген жақындары бірден хатта айтылған Талғар полициясына барды. Бөлімшеде Ғалымжан Кәрімовке қатысты қылмыстық іс тек азапталғаннан екі күннен кейін 27 желтоқсанда ғана ҚР ҚК-нің 122 бабы 1-бөлігі («Көрінеу он алты жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас, еркек пен еркектің жыныстық қатынасы, әйел мен әйелдің жыныстық қатынасы немесе сексуалдық сипаттағы өзге де әрекет жасау») бойынша тіркелгені белгілі болды.

Ұлынан айырылған ата-ана баласын іздеп, қақпаған есік, бармаған мекеме қалмағанын айтады. Алатау аудандық полициясы Ғалымжанды іздестіріп жүрген уақытта, Жетісу аудандық полициясы мәйітті қаланың сыртында бұдан 40 күн бұрын тауып, оны «туысы жоқ адам» ретінде жерлегені анықталған. Бұл жайт ата-анасына тек 40 күн өткен соң ғана белгілі болды. 

«Мәйітті тануға барамыз деп ойласақ, ұлымызды туған туысы жоқ адамдардың арасына жерлеп тастапты.Қырық күн ішінде денедегі азаптағаннан көгерген іздер жойылып кететінін біліп, әдейі уақыт созған сияқты. Сүйегі де терісінен ажырап кеткен. Бұл істе бір шикілік бар», — дейді марқұмның туыстары. 

Қазіргі күні қылмыстық іс ҚР ҚК 146-бабы («Қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе қадір-қасиетті қорлайтын қарым-қатынас, азаптаулар») бойынша қозғалды. Ғалымжан Кәрімовтің ата-анасы ұлдарының өліміне кінәлілердің әділ жазалануын талап етіп отыр. Олар бұл істің жабық қалмай, қоғам алдында ашық әрі әділ тергелгенін қалайды. Сондай-ақ, олар істің ҚР ҚК 105-бабы («Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу, өзін-өзі өлтіруге көндіру немесе өзін-өзі өлтіруге ықпал ету») бабымен саралануын талап етеді.

 Талғар аудандық полициясы не дейді?

Полицияның мәліметіне сәйкес, өткен жылдың желтоқсан айының соңында Талғар аудандық полициясына аудан орталығы тұрғынынан оның кәмелетке толмаған ұлына қатысты жасалған заңсыз әрекет туралы арыз түсті.

Аталған факт бойынша ҚР ҚК-нің 122 бабы 1-бөлігі («Көрінеу он алты жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас, еркек пен еркектің жыныстық қатынасы, әйел мен әйелдің жыныстық қатынасы немесе сексуалдық сипаттағы өзге де әрекет жасау») бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.

Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасуда, заңда көзделген процессуалдық жұмыстар жүргізілуде. Күдіктінің туыстары тарабынан полиция қызметкерлерінің мүмкін болатын заңсыз әрекеттері туралы айтылған уәждер де тексеріледі және заңнамада белгіленген тәртіппен қаралатын болды.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар