Түркияда таяқтың астына алынған ару із-түзсіз жоғалып кетті

cover

Түркиядағы түнгі клубтардың бірінде таяқтың астына алынған бойжеткен із-түзсіз жоғалып кетті.

Бұл туралы Orda.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлады.

Осыдан үш ай бұрын түнгі клубтардың бірінде күзетшілермен жанжалдасып қалған қазақстандық азаматша ұшты-күйлі жоғалып кеткен. Ол күзетшінің саусағын тістеп алғаны үшін қамауға алынған. Бірақ содан кейін Ұлболсыннан еш хабар болмаған.

– Таяқ жеп тұрып, сотталып кеткені бізге қатты тиіп жатыр. Қатты зардап шеккен шығар, жағдайын да білмейміз. Бір жері сынған шығар, оны да білмейміз. Шашынан сүйреп тұрып ұрған. Видеодан талып қалған жерлерін көрдік. Білмеймін, адам өлтіріп қойған жоқ қой, ол жақта үш айлап ұстайтындай. Қазақстан үкіметі ол қызды неге елге шығарып бере алмайды? Тым құрыса, жазасын осы жақта - Қазақстанда өтейтіндей, - деді Ұлбосын Малғаждарованың әпкесі Феруза Ошаева.

33 жастағы Ұлболсын осыдан 2 жыл бұрын Түркияға ақша табуға кеткен. 2021 жылы шілдеде қайта елге оралу керек еді. Жолға шығуға 1 апта қалғанда құрбыларымен дәмханаға барып, онда күзетшілермен сөзге келісіп қалған.

Белгілі болғандай, күзетшілердің бірі бойжеткеннің аузын айырмақшы болған екен. Күзетші оның аузына қос қолын салғанда, ол күзетшінің қолын тістеп алған. Артынша жігіттер бойжеткеннің үстінен арыз түсірген. Ұлболсын бірден қамауға алынған.

Бойжеткеннің туыстары Түркиядағы елшіліктен бірнеше рет көмек те сұраған. Бірақ олардан еш жауап болмаған.

Артында Қазақстанда қалған екі қызы анасының қандай жағдайда екенінен әлі де хабарсыз.

– Балалары сағынып жүр, күнде «анашым» дейді. Жүрегіміз ауырады. Қолдан келер ештеңе жоқ. Осындай жағдай. Елшіліктен еш хабар жоқ. Анау күні «мақұл көмек береміз, хабарласады» деген. Бір апта өтті, не көмек, не басқасы жоқ. Қызымыз тірі ме, білмейміз, - деді Ұлболсынның анасы Әлима Ошаева.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар