«Сыныптасын сабаған»: Ақтаудағы оқушылардың ата-аналарына айыппұл салынды

cover Фото: Бейнеден кадр

Ақтаудағы №24 орта мектепте оқушылар киім ауыстыратын бөлмеде бірге оқитын сыныптасын ұрып-соққан, деп хабарлайды Orda.kz өңірдегі БАҚ-тың бірі Lada.kz-ке сілтеме жасап.

 Ұялы телефонға түсірілген бейнежазба Instagram желісіндегі пабликтердің бірінде жарияланып, көптің наразылығын туғызды.

Бейнематериалда бастауыш сынып оқушыларының бір баланы ұрып-соққаны анық көрінеді. Оқиғаның болғанын өңірлік полиция департаменті растады және тиісті шаралар қабылданғанын мәлімдеді.

Жасөспірімдердің ата-аналары балаларын тәрбиелеудегі міндеттерін дұрыс орындамағаны үшін жауапкершілікке тартылады. Оларға қатысты ҚР ӘҚБтК 435-бабы («Жасөспірімдер жасаған бұзақылық») бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, 7 АЕК (11 076 теңге) мөлшерінде айыппұл салынды. Сонымен қатар, жасөспірімдер профилактикалық есепке қойылып, аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссияға ұсыныс жолданды.

Қалалық білім беру бөлімінің мәліметінше, бұл оқиға 15 қараша күні №24 мектепте болған. Барлық қатысушылардың тұлғалары анықталып, мектеп директоры мен тәрбие ісі жөніндегі орынбасары полицияға шақыртылды.


Жаңалықтар

барлық жаңалықтар