Сот залында айыпталушының анасы өзін-өзі өртемек болды: Адам ағзасын саудалаған қылмыстық топқа сот үкім шығарды

cover Фото: Orda.kz

Алматы қаласының Наурызбай аудандық сотында адам ағзасын саудалаған қылмыстық топтың соты аяқталды. Заңсыз бүйрек алып, бүйрек сатқан алты айыпталушыға судья Еркін Майшынов үкім шығарды. Сот отырысында үкімді естіген айыпталушының анасы үстіне спирт құйып өз-өзін өртемек болды. Orda.kz тілшісі адам ағзасын саудаға салғандардың бұған дейін болған әр сотына қатысып тікелей ақпарат таратып отырды. Қылмыстық топтың басшысы ретінде айыпталып отырған Бауыржанды (есімі өзгертілген) сот 8 жыл бас бостандығынан айырды. Ол сот залында қамауға алынды.

Orda.kz тілшісі 8 ай бойы осы оқиғаны жіті бақылап, ақпаратты бүкіпесіз жариялап отырды. Ағза сату жайлы қылмыстық істің жай-жапсарын редакциямыз алғаш болып жариялады. Ең бірінші ұсталған, қорқыту мен бопсалау көрген соң, бүйрек сататындарға жұмыс істеуге мәжбүр болған Ербол есімді азамат бізге сұхбат берді. Тілшіміздің мақаласы қылмыстық істің ішіне қосылып, сот отырысы кезінде Ербол айтқан деректерге қатысты тергеушілер сұрақтар қойды. Біздің кейіпкеріміз жұбайымен бірге екі бүйрегінен айырылып, артынша қоқан-лоқы көріп, ағза сататындарға қызмет еткен. Ол осынша қысымға шыдамай 14 рет өзіне қол салмақ болған. Қаржысынан да, бүйрегінен де айырылған Ербол бәрінен түңіліп, қылмыстық топтың адамдары жайлы түгін қалдырмай айтып беруге бел байлаған жанкешті адам сияқты. Бізге сұхбат бергенде де, әр сот отырсында да оның 37 адамның тізімін бергенін айта кеткеніміз жөн. Алайда 6 адамға ғана сот үкімі шықты. Алайда тек алты адам сотталып жатыр. Халықаралық деңгейінде сауда жасайтындар жайлы әзірге дерек жоқ.

Осылай жанкешті кейіпкеріміз — Ерболдың айтқан деректерінен елдің жағасын ұстататын жағдайлар белгілі болды. Біз сот отырысы болмай тұрып, сұхбат алғанда Ербол бүйрек саудасымен айналысатындардың шетелге ағза сататынын ашық айтқан болатын. Осылайша қылмыстық топтың Қазақстанда ғана емес, шетелде де істеп, халықаралық ұйым болып ағза саудалайтыны жайлы белгілі болды. Бұл жайлы Нұрбол есімді 28 жастағы бүйрегін сатып, осы қылмыстық топтың қолына түсіп, істі болған азамат та бүге-шүгесіне дейін баяндап берген еді. Ол жайлы осы мақаламыздан оқыңыз.

Айдың күннің аманында астыртын ағза саудасын жасайтындар бар деп ойламайсың. Сот отырыстары басталғаннан кейін Қазақстанда ағза сататын бір емес, тағы екі ұйымның бар екені белгілі болды. 

Фото: Orda.kz

Алғаш тілшіміз сот отырысына барған кезде айыпталушылардың аты-жөні мен суреттерін жариялауға тыйым салған болатын. Сонымен кейінгі сот отырыстарының бәрін де сотталушылар мен куәгерлердің аты-жөндерін жасырып жаздық.

Айыпталушылардың жалпы саны — 6. Қылмыстық кодекстің 116-бабы 2-бөлімі 4-5-тармағы бойынша іс қаралды.

Прокурор Ринат Саят алты айыпталушының ішінде Бауыржанға 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасын, қалған 5 айыпталушыларға 6 жылға бас бостандығын шектеу жазасын сұраған болатын.

14 шілде күні кезекті сот отырысында үкім шықты. Судья Еркін Майшынов үкімді оқығанда басты айыпталушы Бауыржанның анасы есінен танып қалды. Артынша есін жия сала үстіне спирт құйып өз-өзін өртемек болды. Судья Майшынов прокурордың сұраған жазасын тағайындап, Бауыржанды сот залынан қамауға алуды бұйырды. Сонымен қатар айыпталушының бірінің үйінен табылған 2 миллион теңгені үкіметке қайтаруды үкім етті. Айыпталушылардың бірі рақымшылыққа ілініп жазасыз қалды. 
Фото: Orda.kz

Orda.kz редакциясына алғаш болып сұхбат берген Ербол және оның жұбайы айыпталушылардың қатарында еді. Олардың кішкентай бір ұлы бар. Ерболдың өзін Бауыржан мәжбүрлеп жұмыс жасатқанын айтқан. Бұл жас жұбайларға 6 жыл бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалды. 

Бауыржанның туыстары сот алдына жиналып, «сот әділетсіз шешім шығарды» деп наразылықтарын білдірді. Тіпті арасындағы қарт әжелердің қан қысымы көтеріліп жедел жәрдем көмекке келді. 

Еске салар болсақ, Бауыржан Сызғанов ауруханасының бірнеше дәрігеріне әлеуметтік желі арқылы донор тауып беріп отырған. Арасында бүйрегін сатып отырған азаматтардың ақшасын толық бермеген. Ерболдың айтуынша бүйректі отамен алғаннан кейін төленетін «қаражатты алғың келсе, тағы бір бүйрек әкел» деп қоқан лоққы көрсеткен. Сот кезінде Бауыржаннан жауап алғанда Бауыржан өзіне тағылған айыптармен келіспейтіндігін, 5 айыпталушының ешқайсысын танымайтындыған айтқан. Алты айыпталушының бесеуі заңсыз өз бүйректерін сатқаны үшін айыпталып отыр. Ал Бауыржан Сызғанов ауруханасынан бөлек Турция мен Индия елдеріне бүйрек сатқан. 

Сот кезінде бүйрек сатушылардың жауабы бірдей болды десек болады. Бірі анасы ауырып қаражат жетіспесе, бірі несие жабу үшін өз ағзаларын сатуға бел байлап әлеуметтік желіден Бауыржанды тапқан. Бауыржан Қазақстанның түпкір-түпкірінен келген азаматтарды өзінің Абай есімді (кісі өлтіріп абақтыға қамалған) досымен бірге күтіп алып, қонақ үйге орналастырып, Сызғанов дәрігерлерімен таныстырып, туыстықты растайтын жалған құжатты нотариус арқылы өзі жасап отырған. 

Фото: Orda.kz
Алғаш болып Ербол ұсталған. Ербол бар кінәсін мойындап, полиция қызметкерлеріне бар шындықты айтып ақпарат беріп, Бауыржанды ұстауға көмектескен. Бауыржан ұсталғаннан кейін уақытша ұстау изоляторында Бауыржан Ерболға бар кінәні өз мойнына алса, Алматы қаласынан пәтер, салоннан су жаңа көлік әперетінін айтып үгіттеген. Өзін танымайтынын айтуды сұраған. 

Бауыржанның қорғаушысы оның денсаулығы абақтыға жарамайтынын атап өтті. Судья абақтыда барлық жағдай жасалған деп қысқа қайырды. 

Сызғанов дәрігерлеріне қылмыстық іс қозғалып қазіргі таңда тергеліп жатыр. Сызғанов ауруханасыңың екі дәрігері бұл сотқа куәгер ретінде келді. Олардан жауап алу барысында хирургтар айыпталушылардың ешқайсысын танымайтындыған айтқан еді.

Осы сот отырыстарының бәрінде куәгерлерді тыңдап қайтқан тілшіміз кейбірінің қаражаттан қысылғанын, шарасыз несиеге батқанын баяндап берді. Бұл адамдардың тез арада ақша табуға болады деген аңқаулығын көрсетсе, бір жағы еліміздегі әлеуметтік жағдайды да көрсетеді. Бұл сот отырысы өзінің қалтарыстарымен, жаға ұстататын жағдайларымен қатар өмірден түңіліп, қираған тағдырларды көрсету арқылы қазіргі қоғамға үлкен сабақ болды.


Жаңалықтар

барлық жаңалықтар