Шымкентте күйеуі өлтірген әйелдің 7 баласы далада қалды: қызы бар сұмдықты жайып салды

cover Фото: Марқұмның жеке мұрағаты

5 ақпан күні Шымкенттегі көпқабатты үйлердің бірінің ауласынан 42 жастағы әйелдің мәйіті табылды. Әйелдің туыстары оның өзіне қол жұмсағанына сенбеді. Көп өтпей әйелдің күйеуі күдікті ретінде қамауға алынды. Енді балалары далада қалғанын айтып, елден көмек сұрап жатыр, деп хабарлайды Orda.kz. 

Анасыз қалған 7 баланың тұңғышы Перизат журналист Гүлмира Әбіқайға хабарласып, жағдайдың қиын екенін жеткізді. 

«Анамыз аспаз еді. Бар ғұмырын әкемнің туыстарын күтіп-баптауға арнады. Науқас атамыздың астын сүртіп-жуып оны күтті. Әжеміз де анамыздың қолына қарады. Папам мамамды неге ұрды деп миым жетпейтін», - дейді бойжеткен. 

Анасы тұрмыстық зорлық-зомбылықтан шаршап, ажырасу туралы бір күнде шешім қабылдаған. 

«Бұл, әрине, әкеме ұнамады. 2020 жылы заңды ажырасты. Бірақ, әкеміз біз қайда көшсек те аңдып, мазалап, есік күзетіп тұратын. Мен жұмыс істеймін, пәтер ақысын өзім төлеп, анамыз балаларға қарап бақытты ғұмыр кеше бастадық. Төртінші ақпан күні әкем анамды тағы сөйлесейік деп шақырыпты. Ойында дәнеңе жоқ анам, 2 кіші баласы мен қос немересін ертіп шақырған жерге барады. Сол өз аяғымен кірген үйден ертеңіне өлігі табылды. 3-ші қабатынан секіріп кетті дейді әкем. Сол түнге куәгер 4 жасар інім, есінде қалған сұмдықтың бәрін айтты. Анамның үсті-басында сау тамтық жоқ.  Қол-аяғында бұрағыш, біз, пышақ сұққандай із қалыпты. 
Жерлеуге әкем де, туыстары да келмеді. Көп ұзамай әкеміз күдікті деп қамауға алынды», - деді марқұмның қызы. 

Енді ата-анасыз қалған 7 бала тағдыр тәлкегіне ілікті. Олардың бесеуін үлкендерінен ажыратып әкеткен. 

«Есеңгіреп отырғанда 5 бауырымызды бізден ажыратып алып кетті. Төртеуі ЦАН-да, кішкентай сіңілім сәбилер үйінде. Бәрінің тағдыры қыл үстінде. Сіңілім екеуміздің жасымыз 18-ден асқанымен үйіміз жоқ. Бәріміз бірге болғымыз келеді, бізді бөлмеңіздерші!  6 іні-сіңілімді бауырыма басып, бағып-қағуға толық күш-қабілетім жетеді», - дейді Перизат.

Гүлмира Әбіқай Перизатпен таңға дейін сөйлескенін айтты. 

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар