Шымкентте атыс болды

cover

20 ақпан күні түстен кейін Шымкентте атыс болғаны жөнінде видео тарады. Онда полиция мен белгісіз адамның бір-біріне оқ атқаны байқалады.

Атыс Рысқұлбеков көшесінде болған. Әлеуметтік желілерге тараған видеода қару ұстап жүрген адамның оны ұстауға әрекет еткен полицейлерге қарата бірнеше рет оқ атқаны көрінеді.

Бейресми ақпаратқа қарағанда, белгісіз адам осы көшедегі «Арсенал» аңшылық дүкеніне қарулы шабуыл жасаған. Жарақат алғандар бар.

Шымкент қаласының полиция департаменті оқиға бойынша мәлімдеме жасады.

«Бүгін сағат 14:40 шамасында Иляев-Рысқұлбеков көшелерінің қиылысында орналасқан қару-жарақ дүкенінде дабыл түймесі іске қосылды. Оқиға орнына бірден қауіпсіздік агенттігінің қызметкерлері келді.

Күзетшілер мен белгісіз қарулы адам арасында атыс болды. Нәтижесінде күзетшінің бірі жараланды. Патрульдік полицейлер мен Тұран АПБ криминалдық полициясының жедел уәкілдері қарулы адамды қолға түсірді.

Белгілі болғандай, ер адам, Өзбекстан азаматы, Шымкентте жалдамалы пәтерде тұрады. Одан шолақ мылтық және ұрланған «Сайга» карабині тәркіленді.

Қазір оқиға орнында жедел-тергеу тобы жұмыс істеп жатыр. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда» делінген хабарламада.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар