Сербияда мыңдаған адамның наразылығы полициямен қақтығысқа ұласты

cover Фото: бейнеден скриншот


Ел президенті Александр Вучич халыққа арнайды деп күтілуде, деп хабарлайды Orda.kz.

28 маусым күні Сербия астанасы Белградта үкіметке қарсы жаппай наразылық шеруі өтті. Полицияның мәліметі бойынша, көшеге шамамен 36 мың адам шыққан. Тәуелсіз сарапшылардың бағалауы бойынша, бұл сан төрт есе көп болуы мүмкін.

Кешке қарай наразылық білдірушілер билікке ультиматум қойып, мерзімінен бұрын парламенттік сайлау өткізуді талап етті. Алайда Сербия президенті Александр Вучич бұл талапты қабылдамайтынын мәлімдеп, қарсыластарын бейбіт жолға шақырды.

«Халық тыныш болсын, бейбіт болсын. Жоғарғы бас қолбасшы ретінде мен ертең күні бойы жұмыс орнымда боламын және барлық мемлекеттік органдарымызды сабырлыққа, төзімділікке және ұқыптылыққа шақырамын», – деді Вучич. 

Бұл мәлімдемені Blic серб басылымы жариялады.


Алайда түн ортасына қарай наразылық бейбіт сипатынан айырылды. Белград көшелерінде полициямен қақтығыстар басталып, наразылар күшпен тарқатылды. Билік өкілдерінің айтуынша, полиция кірпіштер мен басқа да заттар лақтырылғаннан кейін ғана күш қолдануға мәжбүр болған.

Қақтығыс кезінде ондаған адам ұсталып, кемінде алты полицей жараланғаны белгілі болды.

Халық Вучичтің телеүндеуін күтіп отыр


Сербияда наразылықтар 2024 жылдың қараша айынан бері жалғасып келеді. Бұл наразылыққа Нови-Сад қаласындағы вокзалда шатырдың құлауы себеп болған еді. 16 адам қаза тапқан бұл қайғылы оқиға елде жемқорлықтың айқын көрінісі ретінде қабылданды.

2025 жылдың қаңтарында наразылықтардың өршуі салдарынан премьер-министр Александр Вучевич отставкаға кетті, алайда оппозиция митингілері тоқтаған жоқ.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар