«Руың кім?» фильмі рулық араздық тудырды ма?

cover Фото: Instagram.com Tiger Films

10 желтоқсанда көрсетілімге шыққан «Руың кім?» фильмі 18 желтоқсаннан бастап еліміздің барлық кинотеатрларында көрсетілмейтін болды. Депутат Сайыров осы сынды фильмдер адамдар арасында рулық араздық тудыратынын айтты, деп хабарлайды Orda.kz.

Депутат Ерлан Сайыров отандық фильмде рулық тақырыпты қозғауды қауіпті деп санап, премьер-министрге шара қолдануды ұсынды. 

Оның айтуынша, әлеуметтік желілер мен кино индустриясында жастарға рулық психологияны насихаттайтын контенттің таралуы көбейіп кеткен. Ол фильм авторларының не айтқысы келгенін түсіну қиын екенін, кейбір фильмдер халықты бөлуге бағытталуы мүмкін екенін айтты.


«Фильм авторлары не айтқысы келгенін түсіну қиын. Қазақ руларын салыстырып, төмендететін фильмдердің мақсаты қандай? Тіпті Қазақстан картасы үш жүзге бөлінді. Бұл не, егер жауапкершілік болмаса? Бұл ұлттық сезімге тиетін тақырыпты әлеуметтік контент пен кино өнімін жарнамалау үшін қолдану болып отыр. Мұндай тәсіл жақсылыққа апармайды», — деді Сайыров.

Бұл жерде сөздің бір ұшы «Руың кім?» фильміне қатысты болуы мүмкін. Сайыров мәдениет министрлігінде отандық фильмдердің мазмұнын талдайтын комиссия құруды, «қоғамды бөлетін» материалдарға шара қолдануды және халық бірлігін көрсететін контентті дамытуға шақырды.

Ал эксперт Ғазиз Әбішев қатал киноцензураға қарсы, оның пікірінше, артық бақылау киноны дамытпай, оны насихатқа айналдырады. Кино кәсіби қоғам мен көрермен сыны арқылы дамуы тиіс екенін жеткізді.

«Қазақстан қоғамында қазақтарды жасанды бөлуді насихаттайтын трендтер бар. Кейбір адамдар тіл, өмір салты немесе саяси ұстанымдарды қолдана отырып, әдейі осындай идеологияны қалыптастырады. Ал тарихи мәдени феноменнің (тайпа мен ру) еркін айналымы шынымен халық бірлігін бұза ма? Бұл ғылыми зерттеуді қажет етеді. Көп жастардан естіген принцип — қазақтар руға бөлінбейді, қазақтар ру құрайды. Этномәдени сәйкестік рулықтан үстем, бұл факт» деп жазды саяси зерттеуші Telegram-арнасында.

Ал «Руың кім?»  фильмін түсірген Tiger Films продюсерлік орталығы киноның прокаттан алынып тасталғанына қатысты ресми хабарлама жасады, бірақ нақты себебін айтпады.

«Руың кім» фильмі белгілі себептерге байланысты 18 желтоқсаннан бастап кинотеатрларда көрсетілмейді. Ресми парақшада «Бізбен бірге болып, қолдау көрсеткендеріңіз үшін мың алғыс» деп қысқа қайырды орталық.

Ал  басты рөлдердің бірін ойнаған актер  Қайрат Әділгерей фильмге қатысты кейбір көрермендердің рулық араздық тудыруы мүмкін деген пікірлері бар екенін айтты.

«Фильм керісінше бірлікке шақырады, руға бөлінбейік деп үндейді. Тизерлерді көргендер кейде дұрыс түсінбеуі мүмкін, толық көрмей тұрып, фильмнің басты мағынасын бағалау қиын», – деді Әділгерей.

Комедия прокатқа шыққан алғашқы аптада 208 млн теңгеден астам табыс жинапты. 

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар