Референдум-2026: Дезинформацияға қарсы күрес орталығы желідегі жалған ақпараттарды тіркеп жатыр

cover Фото: gov.kz

Әлеуметтік желілерде сайлау жәшіктеріне бюллетеньдердің жаппай тасталғанын «дәлелдейтін» бейнероликтер мен фотолар тарап жатыр. Орталық коммуникациялар қызметі жанындағы дезинформацияға қарсы күрес орталығы осы жағдайға қатысты түсініктеме  берді, деп хабарлайды Orda.kz.      

«Бұған дейін біз болжағандай (1-пост, 2-пост), референдум өтетін күні ақпараттық кеңістікте дауыс беру рәсіміне деген сенімсіздік қалыптастыруға бағытталған типтік фейктер мен манипуляциялар пайда болып, көбейе бастады»  деп жазылған хабарламада.  

Орталық көп жағдайда олар анонимді немесе жақында ғана ашылған аккаунттар арқылы таратылып жатқанын жазды.

Қазіргі уақытта мұндай жарияланымдардың ең көбі Threads, TikTok және Facebook платформаларында тіркелген.

Ең көп таралған жалған ақпараттар (тіркелу жиілігі бойынша):

  • 1-орын – «Бюллетеньдерді жаппай тастау» туралы ескі мұрағат бейнежазбалары (6 жарияланым).
  • 2-орын – Қазақстан қалаларында «митингтер өтіп жатыр» деген мазмұндағы мұрағаттық немесе жасанды интеллект көмегімен жасалған материалдар. Видеолардың үстіне референдумға қатысты мәтіндер қосылған (5 жарияланым).
  • 3-орын – дауыс беруге қатысу деңгейі төмен деген дәлелсіз хабарламалар (4 жарияланым).
  • 4-орын – 5–10 жыл бұрын, соның ішінде шетелде түсірілген «сайлау учаскелеріндегі қақтығыстар» туралы мұрағат видеолары (1 жарияланым).

Платформалар бойынша таралу жиілігі (жедел мониторинг):

  • Threads – шамамен 65% жарияланым;
  • TikTok – шамамен 25%;
  • Facebook – шамамен 10%.

Әртүрлі елдердегі электоралдық науқандарды бақылау тәжірибесіне сүйенсек, дауыс беру күні жалған ақпарат белсенділігі әдетте тез үдеп, кешке қарай жаңа кезеңге өтеді.

Орталықтың мәліметінше, сағат шамамен 18:00 кезінде мынадай үрдістер күтілуі мүмкін:

  • «Күндіз жасырылған жаппай заңбұзушылықтар» туралы хабарламалар;
  • жалған экзит-поллдар;
  • «нәтижелер белгілі болды» деген жалған ақпарат «толқыны»;
  • «қорытындыны бұрмалауға дайындық» туралы жарияланымдар;
  • «дауыс санау кезінде бюллетеньдерді ауыстыру» туралы мәлімдемелер;
  • «дауыс жәшіктерін жасырын алып кету» туралы хабарламалар;
  • «қорытынды нәтижелер» деп көрсетілген жалған «құжаттар»;
  • «референдум заңсыз деп танылды» немесе «өтпеді» деген мәлімдемелер.

Дезинформацияға қарсы күрес орталығы осындай әрбір жалған ақпарат бойынша заңнамада белгіленген тәртіпке сәйкес тексеру жүргізілетінін ескертті.

Орталық азаматтарды таратылып жатқан ақпаратқа мұқият қарауға, расталмаған жарияланымдарға сүйеніп асығыс қорытынды жасамауға және фейк ақпараттың таралуына еріксіз қатысушы болмауға шақырады.

Дауыс беру барысы мен оның қорытындылары туралы ресми мәліметтер тек уәкілетті мемлекеттік органдар тарапынан, заңда белгіленген тәртіппен жарияланады.

Оқи отырыңыз:


Жаңалықтар

барлық жаңалықтар