«Прокурорды шығарып жіберді»: Атышулы Хасан мен оның серіктерінің алғашқы соты қалай өтті?

cover Коллаж: Orda.kz

Талғардағы 16 жастағы Шерзат Полаттың өліміне қатысты қылмыстық іс — былтырдан бері Қазақстандағы ең атышулы іс болды. Осы қазадан кейін Талғарды «хуторлық» атты қылмыстық топтың қорқынышта ұстайтыны жайлы гу-гу әңгіме тарады. 20 тамыз күні Алматы облысы Талғар қаласында Шерзат ісінде жұрт «хуторлық» топтың «басшысы» деп атап кеткен Хасан Қасымбаевтың соты өтті.

 Orda.kz тілшісі сот залынан тікелей ақпарат таратты.

2024 жылғы 4 қазанда «Қамажай» дүкенінде болған жанжалда Шерзат Полат қаза тапты. Бұл оқиға қоғамды дүр сілкіндірді. Осы жағдайдан кейін Талғар аудандық әкімдігінде қызмет атқарған Хасан Қасымбаевтың бауыры Аслан Қасымбаев жұмыстан босатылды. Ресми сот кабинеті дерегіне сүйенсек, Хасан Қасымбаевтың тағы бір бауыры Ержан Қасымбаев бұған дейін «адам өлтіру» бабымен істі болған. Ол кеден қызметкері Медет Жамашевті қасақана өлтірді деп айыпталған. 

Ал ІІМ «хуторлық» қылмыстық топ жайлы сөз бұрқ ете қалғанда-ақ ақпаратты жоққа шығарған болатын. 

Orda.kz тілшісіне берген сұхбатында Хасан Қасымбаев:  «Менің арым таза, заң бұзған жоқпын» деген еді. Алайда 4 қараша күні ол қамауға алынып, оған қатысты тергеу басталды. Тергеу шілде айында аяқталды. 29 шілдеде прокуратура айыптау актісін бекітіп, істі сотқа жіберді.

БАҚ өкілдері үшін арнайы бөлінген залда техникалық ақау кесірінен соттағы сөздер анық естілмеді. Осыған байланысты журналистер сот залына кіргізілді. Кейін ақау жойылғаннан соң олар қайтадан тыңдалым залына өтті.

Бұл сот отырысына екі мемлекеттік айыптаушы – Ерлан Құланбаев пен Назгүл Таукенбай қатысты. Алты айыпталушының ішінде Мадияр Қалымданов пен Сайлау Ақжановтың бұрын сотталғаны белгілі болды. Қалымжанов – ҚК 293-бап «бұзақылық» бойынша, Ақжанов – ҚК 106-бап «денсаулыққа қасақана зиян келтіру» бойынша жауапқа тартылған.

Соттағы наразылық және адвокаттың сот залынан босатылуы

Сот барысында айыпталушылар наразылық білдірді. Олардың айтуынша, прокурор Назгүл Таукенбай 2022 жылы өткен осыған ұқсас процеске де қатысқан. Судья наразылықты жазбаша түрде қабылдау үшін екі минуттық үзіліс жариялады.

Журналистер де техникалық ақауға байланысты наразылық білдірді. Олар теледидардағы дыбыстың тағы да дұрыс шықпағанын айтып, сот залына екінші рет кірді. Осы сәтте тілшілер мен соттың баспасөз хатшысының арасында дау туындады. Дауды бейнекамераға түсірген «Орда» тілшісінен ғимарат өкілдері бейнежазбаны көз алдында өшіруді талап етті.

Наразы пікірлерден кейін прокурор Назгүл Таукенбай сот залынан босатылды.

Жәбірленуші Арман Әлімов өз сөзінде барлық айыпталушыларды танитынын, әсіресе, Хасан Қасымбаевты 2016 жылдан бері білетінін айтты. Қалған айыпталушылармен ол тек өзіне қатысты оқиғадан кейін ғана танысқан.

«Менде негізінен Хасанмен ғана жағымсыз қарым-қатынас болды. Ал өзгелерімен араздығым болмаған», – деді ол.

Сотта қос тарап та Хасан Қасымбаевтың жары Зульфия Қасымбаеваның оның мүддесін қорғаушы ретінде қатысуына қарсы болған жоқ.

Қасымбаевтың қорғаушылары БАҚ өкілдеріне өз құқықтарын білу туралы ескерткенін жеткізді. Алайда судья оларға ескерту жасады. Сонымен қатар жәбірленушінің анасы кей сараптамалардың сот ісіне қосылмағанына шағымданды.

Қорғаушы адвокат Меңдешов істі созбай, қайта қарауға өтініш жасады. Оның айтуынша, сотқа материал жинау кезінде көптеген қателік кеткен. Бұл ұсынысты айыпталушылар да, қорғаушы тарап та қолдады.

Судья Меңдешовтің өтінішінен кейін істің ашық жүргізілетінін жариялады. 

Қос тараптың пікірі

Соттан кейін Арман Әлімовтің өзі БАҚ өкілдеріне сұхбат беруден бас тартты. Оның орнына анасы тілшілерге сұхбат берді. Оның сөзінше, ол соттағы кей детальдармен келіспейді.

«Адвокаттардың айтқандарымен келіспеймін. Қалайша қаншама айлық еңбекті бір-ақ сәтте жоққа шығаруға болады? Ал Хасан мен менің ұлымның арасында не болғанын мен барлық жерде айтып келе жатырмын», – деді Арман Әлімовтың анасы. 

Ал Хасан Қасымбаевтың жары Зульфия Қасымбаева Шерзаттың ата-анасына қайғыра көңіл айтып, барлық сұрақтардың олардың адвокаттарына қоюды сұрады.

«Мен өзім де анамын және Шерзаттың ата-анасының жағдайын түсінемін. Сондықтан ол кісілерге қайғыра көңіл айтамын. Толығырақ сұрақтарыңызды маған емес, адвокаттарға қоюларыңызды сұраймын», – деді Зульфия Қасымбаева.

Ал Хасанның адвокаттары оған тағылған айыптармен келіспейтіндерін және Шерзат ісінде Хасанның еш қатысы жоқ екенін алға тартты.

«Хасанға тағылған айыппен келіспейміз. Әрине, Шерзаттың ісіне де оның ешқандай айыбы жоқ. Ол сотта сотталғандар Хасанды мүлдем танымайтынын алға тартқан болатын. Алдағы уақытта қалай болатынын дөп басып айта алмаймыз, барлығын уақыт көрсетеді», — деді Хасанның адвокаттары. 

Сот шешімімен келесі отырыс 22 тамыз күні сағат 10:00-де басталады.

Айта кетейік, Хасан Қасымбаевпен суретке түскен подполковник жұрттың сынына ілікті. Кейін подполковник Еркебұлан Қасенұлы: «Хасанмен аңшылықта кездейсоқ жолықтым» деп түсініктеме берген.



Жаңалықтар

барлық жаңалықтар