«Орданы» аждаха жұтпақ: Гүлнәр Бажкенова тәуелсіз басылымды қалай тартып алғалы жатқандарын айтып берді

cover Коллаж: Orda.kz

Еліміздегі тәуелсіз басылымдардың бірі Orda.kz ашылғаннан бері алғаш рет бейнешығарылымы белгілі бір оқиғаға не адамға емес, тікелей редакция ұжымына арналып отыр. Бас редактор мен «Орда» журналистерін қорқытып, бопсалап, жеке парақшаларын бұзып, тықсыртып жібергісі келетіндер кім? Не болып жатыр? Қадірлі оқырман, осы сауалдар оқырмандарымызды алаңдатып қойды. Сондықтан ашықтан-ашық басып, тартып алмақ болып жатқан рейдерлік әрекет жайлы айтуды жөн көрдік. Бас редактор Гүлнәр Бажкенова биліктің тарапынан көрген қысымы жайлы бүкпесіз баяндап берді.

«Бүгін алғаш рет шығарылымымыз өзімізге, қадірлі оқырмандарымызға арналады. Оқырмандарымыз да, аудиториямыз да, тіпті достарымыз да түрлі сұрақтарды жаудырып жатыр. «Не болып жатыр?» деп бәрі сұрайды. Тіпті менің әріптесім әрі жақын досым Галина Рыжкина да жазыпты: «Сендер бәрін үстірт қана баяндап, түсініксіз қылып айтып жүрсіңдер. Маған толық айтып берші». Сол себепті мен әркімге жеке-жеке түсіндіріп отырудың орнына, бүкіл жағдайды ашық айтуға бел будым. Чат-ботымызда сұрақтар көбейіп кетті», — дейді Гүлнәр Бажкенова.

Оның айтуынша, даудың түп төркіні — Orda.kz-ті тартып алу үшін өзі мүлде танымайтын «серіктесі» Мақсат Ғаниевке өткізіп беруге мәжбүрлеп жатыр.

«Өте қарапайым, ұғынықты нәрсе болып жатыр. Orda.kz-ті менің атымнан басқа біреуге рәсімдеп беруді талап етіп отыр. Барлығын тапсырып беруім керек. Яғни, өз үлесімді серіктесім саналатын Мақсат Ғаниевке өткізетінімді растап, құжатқа қол қоюым қажет. Бұл кім? Қандай адам? Неге мен оны танымаймын? Бұл жайлы кейінірек айтамын. Мен бас тарттым, сол сәттен бастап жарты жыл бойы бүкіл редакциямызбен бірге үлкен қысымға тап болдық»,
– дейді Гүлнәр Бажкенова.

Orda.kz редакциясы бұл қиындықтар жөнінде үнемі айтып отырған. Бірақ аудиторияны мезі етпеуге тырысып, байыппен, үнемі жариялай бермеді. Бас редактордың айтуынша, егер үнемі шағымдана берсең, оқырман оны оғаш әрекет деп қабылдай бастайды. Бұл енді қоғамның ақпаратты қабылдауы жайлы шындық. Біреуді түртпектей бергенде, ол үнемі шағымдана берсе, одан да жұрт жалығады. Тіпті мәселенің жай-жапсарына үңілгісі келмей қалуы мүмкін.

Әртүрлі қысым болды. Журналистердің фотороботтарын ұстаған жалған полицейлер, телефон арқылы жасалған шабуылдар, электронды пошталар мен парақшаларды бұзып, фотоларын порнографиялық сайттарға жүктеп, тіпті өміріне қауіп төндіріп, қоқан-лоқы жасаған кездері де болды. Ол осы қитұрқылықтардың ішіндегі сорақысы – кішкентай ұлына жасалған шабуыл екенін атап өтті.
«Менің баламды да осыған араластырды. Ол мектептен келіп, «Неге менің атымнан миллион хабарландыру жариялағансың?» деп сұрады. Олар ұлымның нөмірін желіге жариялап тастаған соң, адамдар тоқтаусыз хабарласып, жазған екен. Бұл оның білім алуына кедергі болды. Ақыры баланың қауіпсіздігі үшін WhatsApp желісін өшіруге мәжбүр болдым. Алайда оның қауіпсіздігі үшін оған үнемі хабарласып отыру да өте маңызды ғой»,
–деп Бажкенова. 

Гүлнәрдің айтуынша, алғашқы қысым Orda.kz-ті квазимемлекеттік құрылымға, яғни Даурен Қайсар басқаратын «Сана» орталығының қарамағына кіруден бас тартқаннан кейін басталған. Ал мамыр айында бұл талаптар күшейе түсті. Тіпті мүлде журналистикадан кету талап еткен.

«Мен қарсы болған соң, бұрын-соңды болмаған қысым басталды. Тіпті маған ашық түрде: «мүлде журналистикамен айналыспауың керек» деген талап қойылды. Ал үш күн бұрын менің жасы келген әкеме белгісіз біреулер бейіт бейнеленген бейнежазба жолдапты. Ол шошып кетіп, жағдайы күрт нашарлап кетті. Жедел жәрдем шақыруға тура келді. Біздің биліктің қолданатын тәсілдері — міне, осындай», – деп күйінді Бажкенова. 

Orda.kz қалай ашылды?

Қазіргі жанжалдың бастауы 2020 жылға барып тіреледі. Дәл сол жылы Гүлнәр Бажкенова Orda.kz жобасын бастады. Бұл бастаманы ол әуелі жақын құрбысымен бірлесіп жүзеге асырған. Қазір АҚШ-та сот болатындықтан құрбысының атын ашық айта алмайтынын мәлімдеді. Сотта оның атын жұртқа жария ету кесірін тигізуі мүмкін. Сол кезде құрбысы компаниядағы үлесті Мақсат Ғаниев есімді адамға тіркеуді ұсынған.

«Құрбым бұл адамның адал әрі редакция ісіне араласпайтынына кепілдік берді. Мен оны мүлде танымасам да, келістім. Бастапқы келісім бойынша, компанияның 51 пайызы менікі, ал 49 пайызы оған тиесілі болуы тиіс еді. Бірақ редакция саясаты толығымен менің құзыретімде болады деген шарт мен үшін өте маңызды болды», – дейді Бажкенова. 

Жобаның алғашқы жылы Orda.kz тек сол әйелдің қаржылай қолдауымен жұмыс істеді. Ол ай сайын шамамен 4–5 миллион теңге беріп, бюджетті қамтамасыз етіп отырды. Бажкенова әуелі аз ақша болса да, бар назарды істі алып кетуге жұмсағанын айтты. Жұмысқа журналистикада оқитын студенттерді де алған. Осылайша аз ақшамен жұмысты ілгерілетіп отырған. 

«Алғашқы жылы бізде жарнама болмады. Тек құрбымның қаржылай қолдауы арқылы жұмыс істедік. Өзіме 500 мың теңге, орынбасарыма 300 мың теңге жалақы белгіледім. Қалғандары – жарты күн істейтін студенттер. Олардың айлығы шамамен 70 мың теңге еді», – деп еске алады Бажкенова. 

Кейін редакция табыс табуды өзі бастады. Коммерциялық бөлімді дамытуды қолға алып, тәуелсіз басылым ретінде жұмыс істей бастады. Гүлнәр Бажкенованың айтуынша, Orda.kz редакциясының басына қара бұлт 2021 жылдың соңына төнген.

«Бізді үнемі сырттай бақылап отырды. Телефондарымызды тыңдап, аңдыған кездер болды. Бірақ ешкім редакциялық саясатқа араласқан жоқ. Қандай тақырып жазу немесе жазбау туралы бұйрық болған емес. Тақырыпты өзгертіңдер демеді. Назарбаев немесе Тоқаевты мадақтаған мақалалар жазуды сұрамады. Бірақ үнемі бір сырттай бақылаудың бар екенін сезетінбіз», – дейді Бажкенова. 

Қаңтардың жаңғырығы

2022 жылғы Қаңтар оқиғалары редакция үшін нағыз сынақ болды. Интернет жоғалып, сайт бұғатталғанына қарамастан, Orda.kz ұжымы ұйқы көрмей, өмірлеріне төнген қауіп-қатерге қарамай жұмыс істеді.

«Мен мәйітханаға бардым, репортаж жасадым, алаңда болдым. Офистегі жалғыз жұмыс істейтін ноутбук арқылы интернетке қосылып, VPN арқылы Telegram мен Instagram-ға кіруге тырысып отырдық», – деді бас редактор. 

Қаңтар оқиғаларынан кейін жағдай түбегейлі өзгерді. Биліктің «еститін мемлекет» деген мәлімдемелеріне қарамастан, іс жүзінде қысым мен редакция жұмысын бақылау жүре берді. Бажкенова жақыным деп сенген, досындай көрген құрбысы арқылы алпауыттардың қысым көрсетіп отырғанын мәлімдеді. Алайда ол өз сөзінде құрбысының да «амалсыздан» жоғары жақтың қысымын айтып, «тектегенін» жеткізуге мәжбүр болғанын айтты. 

«Редакция жұмысына қайта-қайта араласу 2022 жылдан басталды және күн сайын үдей түсті. Маған құрбым арқылы хабарласатын болды. Бұл өз алдына менің жанды жеріме тиген қысым болды. Біз өз міндеттерімізді толық орындап отырсақ та, құрбым бізде әлдебір «қиындықтар» болатынын айта бастады»,
– деді Гүлнәр Бажкенова. 

Ол өзін тәуелсіз журналист санайтынын, бірақ ешқашан билікпен күресуді немесе оны ауыстыруды мақсат етпегенін баса айтты. Оның басты ұстанымы – редакциядағы еркіндік пен ойын ашық айту құқығын сақтау.

«Мен оппозициялық журналист емеспін, режиммен күресуші де емеспін. Бірақ мен үшін еркіндік – өте маңызды. Ешқашан билікке де, Назарбаевтар отбасына да жұмыс істеген емеспін. Тіпті Назарбаевтың тұсында Esquire журналында оның отбасы мен жүйедегі жемқорлықты сынаған өткір мақалалар жазған кезімде де маған қысым болмады. Тек бір рет Даурен Абаев танысқысы келіп, менің не мақсатым бар екенін сұрады. Бірақ одан арыға барған жоқ», – деді Бажкенова. 

Ол бір жолы президенттік делегацияға шақырылғанын айтты. Бірақ олар барлық шығынды өзі көтеруі керектігін айтыпты. Оған сотталып, жазасын өтеп жатқан бір кәсіпкер сол кезде қаржылай көмек көрсеткен. Оның айтуынша, сол кезеңде билік мұндай еркіндікті тек аудиториясы шағын платформаларға ғана рұқсат еткен.

«Назарбаев дәуірінде Esquire сияқты айына 100 мың оқырманы бар платформаларда өткір әрі еркін жазуға мүмкіндік берілетін. Ал ірі медиаға шектеулер қойылған еді. Мен күрескер емеспін, бірақ еркіндікті сүйетін адаммын. Маған қысым көрсетіп, редакция саясатын өз беттерінше таңғысы келгенде, денсаулығым сыр бере бастайды», – деп атап өтті Бажкенова. 

Orda.kz редакциясына жасалған үлкен қысым 2022 жылы басталды. Билік журналистердің жұмысына тікелей араласа бастады, кей тақырыптарды жазуға мүлде тыйым салды.

Әблязовтен алған сұхбат және Козачковтың ісі

«Сот процесі басталды, бізге: «Бұл тақырыпты қозғамаңдар» дейді. Мен: «Жоқ, біз жазамыз» деп жауап беремін. Дау туады. «Тиіспеңдер» дейді. Жоқ, біз жазамыз. Осы үшін мен билік өкілдерімен қырғи қабақ болдым», – дейді Гүлнәр Бажкенова.

Оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовтен алған сұхбаттан кейін үлкен жанжал басталды. Бажкенова ешқандай салдарын ойламастан, шын ықыласпен бұрыннан армандап жүрген сұхбатын алғанын айтты.

«Әблязовтен алған сұхбаттан кейін сұмдық жағдай басталды. Жарнама берушілер мен коммерциялық серіктестер бірінен соң бірі бас тарта бастады. Олар президент әкімшілігінен қысым түсіп жатыр деп ашық айтты. Соңында бұл сұхбатты өшіруге мәжбүр болдым. Сол кезде «бізді бұзып кіріп, бейнежазбаны өшіріп кетті» деген сылтауды айтуыма тура келді. Бұл осынша уақыт істеп келе жатқан жұмысты сақтап қалу үшін жасаған ымыра болды», – деді бас редактор. 

Осы оқиғадан кейін Бажкенова құрбысы екеуінің әріптестік форматын қайта қарау туралы мәселені көтерді. Келіссөздердің нәтижесінде ол Orda.kz-тің жалғыз құрылтайшысы атанды.

«Біз тек коммерциялық қатынасқа көштік. Мен «Орда» сайтының толыққанды иесі болдым. Тек компаниялармен коммерциялық серіктестікті сақтадық. Бұл біздің тәуелсіздігіміздің кепілі. Өйткені билік ең алдымен журналистерді материалдық жағынан қысып, қаржыдан айыруға тырысады. Себебі өлтіру не түрмеге қамаудың өте үлкен саяси әрі қаржылық шығын екенін түсінді», – деді ол. 

Алайда қиындықтар мұнымен толастаған жоқ. Келесі дағдарыс Михаил Козачковқа қатысты сот процесінде туды. Бұл тақырыпты мүлде жазбау туралы билік қойған талапқа Бажкенова қарсы шықты. 

«Назарбаевтың кезінде де мұндай болған жоқ. 90-жылдардың соңында «Информбюро» редакциясын Қажыгелдин туралы жазғанымыз үшін таратып жібергені есімде. Бірақ ол – Назарбаевтың қарсыласы, ауқымды фигура болатын. Ал мынау – жай ғана журналистке қатысты сот процесін жазуға тыйым салу ғой. Олай тйым салар болса, бұл Өзбекстан мен Түрікменстан деңгейі», – деді ол. 

Бажкенова Қозачков ісіне байланысты жарияланған материалды өшіруден бас тартты. Онда тергеу мен қорғау тараптарының да пікірлері берілген. Осы жағдайдан кейін ол серіктестерімен болған қарым-қатынасқа нүкте қойды.

«Маған билікпен байланыс орнатқан құрбым қоңырау шалып, материалды дереу өшіруді талап етті. Мен: «Жоқ, өшірмеймін» деп жауап бердім. Біз бұған дейін Козачковқа қарсы тергеудің мәліметтерін жаздық. Енді неге енді қорғау тарабының ұстанымын өшіруіміз керек? Бұл – арандатушылық. Осыдан кейін мен бұл әріптестікті тоқтатуға шешім қабылдадым. Біздің серіктестігіміз осымен аяқталды», – деді Бажкенова. 

Ультиматум және басып алу

Оның шешімінен кейін жобаның болашағына қауіп төндірген одан да қатты қысым басталды. Желтоқсан мен қаңтар айларында Гүлнәр Бажкеноваға ультиматум қойылды. Не Orda.kz жабылады, не ол өз үлесінің көп бөлігін өзі мүлде танымайтын Мақсат Ғаниевке тапсыруы тиіс.

«Менің алдыма екі таңдау қойды. Не «Орданы» жауып тастайды, не мен құжаттарға қол қойып, басқаруды ешқашан көрмеген адамға тапсырамын. Маған осыдан кейін қысым тоқтайды. Тіпті бұл бір «қамқорлық» болады деп уәде берді. Осыған дейінгі қысымның бәрі жегідей жеп, әбден күйзелген, физикалық жағынан қажыған мен «Орданы» аман сақтап қалу үшін сол құжаттарға қол қойдым. Қазір көп адам осы шешімімді түсінбейді. Бірақ мен сол кезде өзіме: «батырлықпен өлгеннен гөрі, не де болса батырлықпен өмір сүрген жақсы» дедім. Қазір заңгерлермен бірге бұл істі зерттей бастағанда, Ғаниевке үлес беру туралы келісімшарттың көшірмесі де маған берілмегені анықталды. Мен барлық іспен айналысқан оларыдың адвокаты Виталий Пактан осы құжатты сұрағанда, ол маған: «ештеңе бермейміз» деп жауап берді», – деп түсіндірді Бажкенова. 

Ол редакция жабылып қалмас үшін қол қоюға мәжбүр болғанын айтты. Алайда қысым тоқтайды деген уәде берілгенімен, жағдай мүлде басқаша арнаға ауысты. 

«Заң жүзінде бұл – нағыз рейдерлік. Мен құжаттарға еркіммен емес, қысыммен қол қойдым. Ол кезде ешқандай есеп те, үміт те қалған жоқ. Мен нағыз «аждахамен» бетпе-бет келіп тұрғанымды түсіндім. Ол мені рухани жағынан жаншып тастады. Тек аман қалу үшін ғана шегінуге тура келді», – деді Гүлнәр Бажкенова. 

Үлес берілгеннен кейін серіктестерімен қарым-қатынасы мүлде ушығып кетті. Оған үнемі «Orda.kz ықпалды адамдарға кедергі келтіреді, журналистік қызметтерің банктер мен қаржы институттарына зиян тигізеді» деген кінә тақты.

«Бізді күнделікті жүретін күрес қажытады. Біз бостандығымызды қорғау үшін қадам басып келеміз. Алайда біз туралы соған қарамастан «үкіметтің сойылын соғады» деп жазатындар бар. Иә, мен шын жүректен Тоқаевты Назарбаевтар әулетіне қарсы тұрғанда қолдадым. Себебі Тоқаев бір қызметін атқарып кетеді. Ал Назарбаевтар мәңгі қалар еді. Бірақ қазіргі билік бізді өз пікірімізден бас тартуға мәжбүрлеп жатыр», – деді Бажкенова. 

Ол Президент әкімшілігінің Orda.kz редакциясын толық бақылауға алуға тағы бір әрекет жасағанын да айтты. 2025 жылдың басында оған редакцияны АП-ға қарасты «Сана» орталығына өткізу ұсынылған.

«Маған: «Орда» «Сана» орталығына өтуі керек деді. Ол барлық жасырын Telegram-арналар мен жалған «тәуелсіз» БАҚ өкілдерінің басы қосылған жер. Олар іс жүзінде президент әкімшілігіндегі адамдарға бағынады. Мен бас тарттым. Бәрі «Хабар» сияқты болуы керек деген ұғым дұрыс емес. Елге тәуелсіз ақпарат құралдары қажет», – деді ол. 

Оның бұл шешімі қысымды күшейте түсті. Жағдай, әсіресе, ҰҚК қызметкерінің өз-өзіне қол жұмсауы және Айдос Садықовтың өліміне қатысты журналист Наталья Садықова жүргізген зерттеу жарияланған соң, күрт ушығып кеткен.

«ҰҚК қызметкерінің өлімі туралы шолу жасадық. Бұл оқиғаны ведомстводағы өзге жағдайлармен байланыстырдық. Мұндай материалдарды мен бұрын да жасап жүргенмін. Тіпті Назарбаевтың кезінде де шығардым. Кейін Айдос Садықовтың өлімі туралы сөз қозғадым. Себебі бір жыл бойы ештеңе болмағандай отыруға болмайды. Билік бұл жағдайды жасырудың орнына  түсіндіруі тиіс. Бұл енді авторитаризм де емес, одан да сорақы дүние», – деді ол. 

Қоқан-лоқы

ҰҚК қызметкерінің қазасына қатысты шығарылымнан кейін редакцияға қысым шарықтау шегіне жетті.

«Маған: «сен барлық шектен өттің, «Орданы» не жабады, не тартып алады» деп ашық айтты. Тіпті: «Журналистиканы қойып, кітап жазумен айналыссаң, жақсы болар еді» дегендер де болды. Бірақ бірден журналистиканы тастамайтынымды айтып, бірден жауап бердім. Жұмысымды шетелде жалғастырамын», – деді Бажкенова.

Оның айтуынша, банкирдің өкілдерімен кездесу өткен. Онда оның жақын құрбысы, адвокат Виталий Пак және тағы бір заңгер болған. Кездесу барысында оған Мақсат Ғаниевтің редакцияны енді қажет етпейтіні және Гүлнәрдің өз үлесін сатуды талап еткені туралы хатты берген. Бажкенова бұл талапқа үзілді-кесілді қарсы болған.

«Мен өз үлесімді сатпаймын деп кесіп айттым. Содан соң ыза болып, керісіп қалдық. Ашу үстінде: «Онда 10 миллион доллар беріңдер!» деп қалдым. Шын мәнінде, редакциямды сататын ниетім жоқ еді. Бұл қысым көрген соң шыққан реакциям болатын. Кейін олар менің осы сөзімді бұрмалап, қоғамға мені бопсалаушы етіп көрсетті», – деді ол. 

Кейінгі кездесулердің бірінде адвокат Виталий Пак: «Күресудің қажеті жоқ, бәрібір «Орданы» тартып алады» деп ашық айтты. Осыдан кейін Бажкенова тағы да қоқан-лоқы көрген. Бейіттің суреті мен «Кет. Әйтпесе расымен осылай бейітте жатасың» деген жазу жіберген.

Дегенмен Мақсат Ғаниев пен Виталий Пак өздері белгілеген 8 шілдедегі жиналысқа келмеді.

«Егер шынымен адал болсаңдар, неге келмедіңдер? Неден қорықтыңдар? Сендер қылмыскер емессіңдер ғой?», – деді Бажкенова. 

Күрес жалғасады

Ол Orda.kz редакциясын соңына дейін қорғайтынын және бірнеше шетелдің дипломаттары мен халықаралық ұйымдарының қолдауына ие болғанын мәлімдеді. Қазір Нью-Йоркте сот отырысына дайындалып жатыр. Өйткені редакцияны рейдерлік жолмен тартып алмақ болғандарға қатысы бар компания АҚШ-та бизнес жүргізеді.

«Маған: «Кітап жаз» деді. Жарайды, жазармын. Бірақ ол менің журналистік жұмысыммен қатар жүреді. Бұл менің миссиям. Қысым түсіргендерін қарамастан, осы жолды ешқашан тастамаймын. Қазір шетелде отырып жұмыс істеуге барлық жағдайым бар. Мен АҚШ-та жұмысымды жалғастырып, «Ордамен» терезесі тең ақпарат құралын жасаймын», – деді ол. 

Сөз соңында Бажкенова егер тұтқындап жатса немесе өміріне қауіп төнсе алдын ала арнайы бейнеүндеу әзірлеп қойғанын айтты. Бұл бейнежазба халықаралық медиаларға тараса, Қазақстандағы инвестициялық ахуалға кері әсер етуі мүмкін.

«Бейнежазба: «Егер бұл жазбаны көріп отырсаңыз, мен түрмедемін немесе мені өлтіріп кетті» деген сөзбен басталады. Мен күресті Қазақстанда да, АҚШ-та жүріп те жалғастырамын. Себебі бұл — өте маңызды іс. Егер біз жеңсек, бұл бүкіл Қазақстандағы журналистика үшін үлкен жеңіс болады»,
– деп сөзін аяқтады Гүлнәр Бажкенова. 

Еске сала кетсек, бұған дейін Orda.kz редакциясы мен бас редактор Гүлнәр Бажкенова жарты жылдан бері қудалауға, қоқан-лоқы мен үнемі болатын қысымға ұшырап келгенін хабарладық. Біздің қызметкерлеріміз тұратын жерге бейтаныс адамдар келіп, өздерін полиция қызметкері ретінде таныстырып, көршілерден сұрақ-жауап алып, жасанды суреттерді көрсетіп, журналистің іздеуде жүргенін айтып кеткен жағдайлар да болды.

Автор: Артем Волков


Жаңалықтар

барлық жаңалықтар