«Нұрқаділов ескерткіші»: Болат Назарбаевқа қандай аманат айтылған?
Коллаж: Orda.kz
Алматы облысы Кеген ауылының кіреберісінде қасқайып тұрған Заманбек Нұрқаділовтің бейнесі бастапқыда толыққанды ескерткіш болып жоспарланып, артынша неліктен бюст болды? Арада 19 жыл өтсе де Нұрқаділовтың ісі қайта ашыла ма?
Orda.kz тілшісі саясаткердің туған ауылында болып, оған арналған ескерткіштің ашылуына қатысты.
Заманында Заманбек Нұрқаділовпен қызметтес, дос болып, көзін көрген қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар мен жанұясы, туыстары ескерткіш-бюстің ашылуына қатысты. Артынша марқұмға арналған арнайы ас берілді.




Фото:Orda.kz
Аста шамамен 200-дей адам болып, марқұмның әруағына арнап Құран бағыштады. Сөз алған қоғам белсендісі Рысбек Сәрсенбай президенттің өзі ескерткіш қойылсын дегенде неліктен кішігірім ғана бюст орнатылғанын түсінбейтінін айтты. Сонымен қатар, Кеген ауылына да Нұрқаділовтің аты берілсін деген ойын көпшілікке жеткізді.
«Осы ауылды да Зәкеңнің атымен атау керек. Осы жақында ел ағалары Ерлан Қаринге, облыс әкімі мен аномастикалық комиисияға хат жазды. Кеген ауылын Заманбек атымен атауды ұсынды. Ал ауданның атын Мұқағали деп атау керек деп ойлаймын. Бюст орнатылды, тақтайша ашылды, мектпке де аты берілді, дегенмен де Заманбектің алдында тағы бір борышымыз бар. Зәкеңе жала жапты, анығын айтқанда сол кезде ішкі істер министірі Бауыржан Мұхаммеджановтың дүйім жұртқа Заманбек Қалаубайұлы өз-өзін өлтірді деп жала жапқандығы. Міне, сол жала әлі тұр. Халық, әрине, оны хабылдаған жоқ. Алайда, заң жүзінде солай тұр», – деді ол.
Белсендінің айтуынша, Нұрқаділовтің 70 жылдығында Серікболсын Әбділдин, Қабдеш Жұмаділов, Мұрат Әуезов сынды ірі тұлғалар істі қайта қарауды талап етіп, Бас прокуратураға хат жазды. Тіпті, экс-елбасының інісі Болат Назарбаевқа да аманаты айтылды.
«Заманбекке қастандық жасаған зұлымдарды, оған тапсырыс бергендерді тауып, ақ-адал есімін қайтаруды талап еттік. Өйткені, Зәкең өз-өзін өлтіріетіндердің қатарынан емес. Міне, арада 10 жыл өтті. Тіпті, бұл туралы бұрынғы президенттің інісіне де айттық: «Ағаңа айтып бар, Заманбектің мына жаладан тазартсын, кінәләлерді тапсын, таппаса, өзі тапсырыс беруші болып саналады». Ал енді бюст пен тақтайша ашылды екен деп қанағат тұтып отырмаймыз. Бұрынғыдан да қаттырақ талап етеміз. Зәкең мен Алтынбекке жасалған қастандықты, қылмыскерлерді, саяси тапсырыс берушілерді анықтап, заңмен жазаласын. Зәкеңнің бар жазығы ұрының ұры екенін, жемқорлар жүйесін құрып, мемлкеттің болашағын ойламаған басшы екенін бетіне айтқандығы», – деді Сәрсенбай.
Сонымен қатар, аста марқұмның ұлы Қайрат Нұрқаділовке анасы Нұрбике Нұрқаділованың қайтыс болуына байланысты көңіл айтылды. Жиналған қауымға Заманбек Қалабайұлы 1996 жылы өзі жазып кеткен «Не только о себе» атты кітаптың 300 данасы таратылды.
Жиналған жұртшылық тектінің тұяғы деп ұлының иығына шапан жауып, астына ат мінгізді. Тіпті, Нұрқаділовке арналып шыққан ән де шырқалды. Көзі көргендер мен ет жақын туыстары Заманбек Нұрқаділов жайлы естеліктерін ортаға салды. Сондай-ақ, марқұмның ұлы Orda.kz тілшісіне неліктен әу баста, ескерткіш деп жоспарланып, артынша бюст ашылғаны себебін айтып берді.
«Бюсті біз қаладық, неге десеңіз оған қаражат бюджеттен бөлінді. Ал бюджеттің ақшасы, түптеп келгенде халықтың ақшасы. Егер толыққанды ескерткіш орнатылса 60 млн шамасында болатын еді, сол үшін ұят болады деп халықтың ақшасын ысырап жасамау үшін отбасымызбен ақылдаса келе осы бюстке тоқталдық. Ал мына бюст 15 млн шамасында шықты. Сонымен қатар, егер алдағы уақытта үкімет саябағын белгілеп берсе Алматы қаласында да ескерткішін орнатуды жоспарлап отырмыз. Не дегенмен де, әкемнің еңбегі тікелей осы Алматы қаласына сіңді ғой. Ал ауылдың атауына қатысты жергілікті тұрғындар хат жазып, мақұлдаса мен де қосыламын», – деді ұлы.
Сондай-ақ 2022 жылы Қайрат Нұрқаділов Бас прокуратураға Заманбек Нұрқаділовтің ісін қайта қарау туралы арыз берген болатын. Ол кезде БАҚ беттерінде прокуратураның істі қайта қарауына негіз жоқ деген ақпарат тараған болатын. Дегенмен де бұл жолы Нұрқаділовтің ұлы іске қатысты басқаша мәліметпен бөлісті.
«Ол істі қайта қарауға қатысты айтар болсам, оны келесі жылға көктемге қалдырдық. Негізі күзде осыған кірісеміз деп жоспарлап едік, алайда, елде референдум болды, артынша анам сырқаттанып, қайтыс болған соң мүлдем ыңғайы келмеді. Арызым прокуратура жатыр, ал олардың жауабын мен өзім күте тұрайық деп тоқтатып қойдым», – деді Қайрат Нұрқаділов.
Ал Заманбек Нұрқаділовтің қызы Құралай өнер мектебінің әкесінің атымен аталғанына қуанышты екенін жеткізді.
«Мен өзім де шығармашылық адамы ретінде бүгін балалардың немен айналысып жатқанын көрдім. Ауылдағы қарапайым балалар, кейде қалаға, музейге баруға мүмкіндігі болмайтын балалар үшін осы мектепте ашылған музей шабыт көзі болғанын қалаймын. Қарапайым ауылдан шыққан жігіт те биік жетістіктерге жете алады. Сол үшін мен балаларға табыс тіледім. Балалардың көздері жанып тұрғанына қатты қуандым», - деді Құралай Нұрқаділова өз әсерімен бөлісіп.




Фото:Orda.kz
Нұрқаділованың айтуынша, бұл күн оның өміріндегі ең қарама-қайшы сезімдерге толы күн болды. Іс-шараны 25 қарашада өткізу жоспарланған еді. Аналары да осы шараның төрінде отыруы керек еді. Бірақ ол кісі бюстің ашылуына аз уақыт қалғанда қайтыс болды.
« Шынымды айтсам, бүгін маған қиын. Бір жағынан көпжылдық табандылықтың арқасында әкеме деген құрметке қол жеткізіп отырмыз. Алайда, анамның дүниеден қайтқанына небары 10 күн ғана болды», — деді Құралай Нұрқаділова көз жасына ерік беріп.
Сондай-ақ, Қайрат Нұрқаділов шарада таратылған кітаптың 500-ге жуық данасына 1 млн 200 мың теңге кеткенін және оны өз қалталарынан төлегендерін айтты. Алдағы уақытта халықтан сұраныс болса - сатуға шығаруға ниетті екенін жеткізді.
Жаңалықтар
- Ерлан Жетібаев Қазақстан СІМ ресми өкілі болып тағайындалды
- Теңіз кен орнындағы өртті тергеу үшін комиссия құрылды
- Отбасы банк жеңілдетілген ипотекаға кедергі болатын тұстарын алып тастады
- Қазақстан мен Франция заңсыз мигранттарды алмастырады
- Павлодардағы Halyk Bank бөлімшесін тонау ісі бойынша жаңа мәліметтер белгілі болды
- Астанада футболға Борат «бейнесінде» келген бельгиялық жанкүйерлер қамалды
- СҚО-да алты бірдей әкім қоқыс үйінділері үшін айыппұл төледі
- Қаскелеңде үзіліс кезінде аяқ астынан мектеп оқушысы қайтыс болды
- Өзбекстанда ту түстес көйлек киген модель жазаланды
- Нұрайдың шағымын елемеген полиция қызметкерлеріне қатысты қылмыстық іс қозғалды
- Трамп: АҚШ Венесуэладан 50 млн баррель мұнай алып үлгерді, енді елдің жағдайы «керемет» болады
- Қазақстан 2026 жылғы қысқы Олимпиадаға 36 спортшы жібереді
- Еліміздегі скрининг бағдарламаларының саны артты
- Тоқаев Конституциялық комиссия құру туралы жарлыққа қол қойды
- Кентауда екі өгей қызын жылдар бойы зорлады деген күдікке ілінген ер адам ұсталды
- Kundelik.kz компаниясының басшысы: платформадағы деректер BilimClass-қа заңсыз ауыстырылды
- Scat-тың Тараз – Екатеринбург рейсінің жолаушылары әуежайда қалып қойды
- «Күніне 130 қалдық төгетін көлік келеді»: Алматы облысында кәріз суы мәселесі ушығып тұр
- Шымкентте жолға таласып кісі өлтірді деген күдікпен төрт адам ұсталды
- Шерзаттың әкесіне қатысты қылмыстық іс тоқтатылды