Мемлекет бұрынғы ҰҚК басшысымен байланысты компаниядан темір жолдарды қалай қайтарып алды?

cover Коллаж Orda.kz

Ақтауда Маңғышлақ станциясынан теңіз портына дейінгі магистральдық теміржол желілері мемлекеттік меншікке қайтарылды. Бұл нысан «Каскор-Транссервис» АҚ-ның иелігінен алынды. Orda.kz осы компания туралы және оның бұрынғы ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасына қандай қатысы барын анықтады. 

Бас прокуратура  теміржол желілерін жекеменшік компаниядан қайтарып алу туралы талапты дәл осы қадағалау органы қойғанын мәлімдеді.

«Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 14 наурыздағы шешімімен талап толықтай қанағаттандырылды. Бұл – Қазақстанның көлік инфрақұрылымының тұрақты дамуын қамтамасыз етудегі маңызды қадам, сондай-ақ мемлекеттің теміржол желісінің негізгі нысандарын бақылауда ұстайтынына кепілдік береді», деп жазылған Бас прокуратура хабарламасында.

Біз АҚ «Каскор-Транссервис» компаниясының «Ескі Қазақстанның» танымал өкілдерімен байланысы бар екенін анықтадық. Атап айтқанда, директорлар кеңесінде 68 жастағы Жақсыбек Күлекеевтің есімі аталады. 2000-жылдары ол экономика министрі, білім және ғылым министрі қызметтерін атқарған, сондай-ақ «ҚазМұнайГаз» компаниясының топ-менеджері және «Қазақстан темір жолы» президенті болған. Нұрсұлтан Назарбаевтың тұсында оның мансабы біраз өрледі.

Сонымен қатар, АҚ «Каскор-Транссервис» директорлар кеңесінің құрамында Тұрарбеков Мереке Аманжолұлы, Жұмабаева Айжан Бекетқызы, Шағиров Қанат Бекетұлы, Сахимов Әли Өтепұлы, Құдабаев Қанат Нүкебайұлы бар.  

Ал компаниямен аффилиирленген тұлғалар тізімінде 56 жастағы Марат Әбіқаевтың есімі аталады. Ол – ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы әрі экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сенімді серігі болған Нұртай Әбіқаевтің ұлы.

 

Мемлекет бірнеше жыл бойы «Каскор-Транссервис» АҚ-нан Ақтаудағы теміржол жолдарын қайтарып алуға  тырысты. Компанияны демонополизациялау қаңтар оқиғаларынан кейін басталды.  

2022 жылы сол кездегі Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы (қазіргі ҰЭМ басшысы) Серік Жұманғарин «Каскор-Транссервис» АҚ бойынша тексеру жүргізілгенін хабарлады. Кәсіпорын 15 шақырым кірме жолға иелік етіп, теміржол тарифін өз бетінше белгілеп отырған, бұл нарықтағы теңсіздікке әкелген.  

Бұған жауап ретінде компания жұмысшылардың ереуілге шығатынын мәлімдеді. «Каскор-Транссервис»  АҚ өкілдері президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа ашық хат жазып, теміржолдарды тартып алмауды сұрады. Олар егер мемлекет активті қайтармаса Ақтауда 600-ге жуық теміржолшы жұмыссыз қалуы мүмкін екенін айтты.

Көлік министрлігі компанияның ескертуіне жауап ретінде бұл нысанның кезінде жекешелендірілгенін, ал қазір теміржолдың мемлекеттік меншікке қайтарылуы тиіс екенін мәлімдеді. Көлік министрі Марат Қарабаевтың айтуынша, заң бойынша магистральдық желі тек мемлекетке тиесілі болу керек.  

Бұған дейін «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының IPO-ға шығуынан кейін оның активтері акционерлерге тиесілі бола ма деген сұрақ болған.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар