Марат Ахметжанов Көкшетаудағы сыз үйдегі қарт анаға қалай көмектеспек?

cover Фото: Gov.kz / Гүлзираның анасы / бейнеден кадр

Orda.kz бұған дейін Ақмола облысындағы 85-тегі қарт ана мен жасөспірім бала көктемде ауласын су басқан соң көк сасыған, сыз үйде тұрып жатқан жалғызбасты әйел туралы жазған болатын. Біздің мақаламыздан кейін облыс әкімі Марат Ахметжанов су тасқынынан зардап шеккен үйлерді тексеріп, тұруға жарамайтын болса, көмектесуге Қызылжар ауылдық округінің әкімі Серікжан Мәкішке тапсырма берді. 

Редакциямызға хабарласқан Гүлзира Рамазан үйін көк басып, сыздан өзінің ауру болғанын айтты. Оның сөзінше осы суық пен сыздан ауырып, ауруханаға бірнеше рет жатып шыққан. Қазіргі кезде сыздан өкпесі зақымданған әйел мүгедек ретінде тіркеле алмай жүр. Жалғызбасты Гүлзира Рамазанның қасында 85 жастағы қарт анасы мен 12 жасар баласы бар.

Бұған дейін Orda.kz Көкшетаудағы сыз үйге мәслихат төрағасы келгенін жазған. Гүлзира Рамазан Көкшетау мәслихатының төрағасы Әкімов Дастан Алтайұлының расымен қол ұшын беріп, осы үйге көмір түсіріп бергенін хабарлады. 

Гүлзира Рамазан бұған дейін облыс әкіміне кіре алмай жүргенін айтқан еді. Orda.kz мақала жариялағаннан кейін әкім Серікжан Мәкішпен бірге шақырыпты. 

«Мен бар жағдайымды айттым. Барды бар деп айту керек. Облыс әкімінің қабылдауына бірнеше рет жазылғанмын. Кім істеп отырғаны белгісіз, жазылғанымды өшіртіп, болмаса өзі бас тартты деп қояды. Серікжан мырза «рас, көк сасыған бірнеше рет барғанда көрдік» деп сол жерде мойындады. 80-нен асқан анам ауруханаға 6 рет жатты. Ал менің өкпем ауырады. Дәрігерлер өлгіңіз келмесе, мұндай үйде тұрмаңыз деген. Серікжан Мәкіш құм-тас түсіріп берген. Жалғызбасты ер адамы жоқ әйел, мен оны қайтемін?», — деді Гүлзира Рамазан.

Ол облыс әкімі тапсырма берген соң, ешқайсысы келмегенін айтты.

Ал жаңалық — Қызылжар ауылдық емханасына арнайы экспертиза келді. Гүлзира Рамазанның денсаулығын тексермек болды. Үйіне тексеруге келіп көмектеседі деп күтіп отырған Гүлзира Рамазан шақырымға жуық жердегі ауруханаға ескертпестен шақырғанына ыза болып кетіп қалғанын айтты.

«Маған үй бермесе де, қарт анама үй берсе екен. Мен оны әкемнен аманаттап алдым. Бір емес 2 адамның өміріне жауаптымын. Ұлым бар. 16 жылдан бері үй кезегінде тұр. Не деген жылжымайтын кезек? Бүгін қар жауды. Үйіміз суық. Қыстан қалай шығамыз деп уайымдап барамын», — деді Гүлзира Рамазан.

Гүлзира Рамазанды ауруханаға арнайы шақыртып алып, өзінің эксперт екенін айтқан әйел анализдерінің бәрін қарап шығыпты. 

«Астыңғы шаң басқан бөлмеге кіргізіп алып, ер адамның көзінше «шешін» деді. Бір шақырым жерден шақырып алып, мені мазақ етіп отырған секілді. Бүгін үйді тексеруге ешкім келмеді. Есесіне ауруханаға шақырып, мені тексерді. Облыс әкімі қанша үй бар, соны ертең тексеріп түске дейін әкеп беріңдер деп тапсырма берген. Міне, бүгін екінші күн, ешкім келмеді. Осылай облыс әкімінің тапсырмасын орындамай отыр», —деп наразы болды Гүлзира Рамазан. 

Гүлзира Рамазан жедел жәрдемді он шақты рет шақырғанын айтады. Мақала жазылып жатқанда ауруханадан қайтқан Гүлзира Рамазан жағдайы нашарлап, жедел жәрдем шақырыпты. Қан қысымы: 150/100, қант диабеті: 15/1.

«Бүгін барғанда қараған қыз кеудеңіз сырылдап тұр, жұмысқа жарамсыздық парағын созу керек деді. 5 күн аспа өкіл алыңыз деді. «Өліп қалса, бір жерде қант диабеті немесе қан қысымы көтеріліп кетсе, олар жауап бере ме?» деп мына келген жедел-жәрдемнің адамдары да ашуланып сөйлеп кетті. «Анаңызды білеміз, сіздің жағдайыңызды білеміз» деп 15 минуттың ішінде асығып келгендерін айтты. Олар келіп үлгермесе, не боларын құдай білсін. Мыналар ұстамам ұстап, ауруханаға түссем қарамай қоя ма деп қорқамын. Осылай сабылып жүргенде кейде Қазақстанға бекер-ақ келген екенмін деп ыза боламын», — деді Гүлзира Рамазан.

Бұл сурет әкім Серікжан Мәкіштің instagram парақшасынан алынды. Жазбада әкім мен орынбасарының күнінде 85 жастағы қарт ананың батасын алуға барғаны жайлы жазылған. Гүлзира Рамазан содан бері әкімнен үй мәселесінде көмек болмады деп, облыс әкіміне барып отырғанын айтты.

Orda.kz тілшісі Гүлзира Рамазанның анализдерінің бәрін сұратып, қарап шықты. Дәрігер қойған диагноз:

  • 1.Бронхиальды астма (аурудың өршуі, орташа ауырлық) – науқастың ентігу, өкпедегі сырыл және қақырықты бөліп шығару қиын болатын жөтел шағымдарына негізделген.
  • 2. Өкпе ауруы (хроникалық обструктивті өкпе ауруы) (аурудың өршуі) – жағдайдың нашарлауымен, ентігудің күшеюімен және спирография нәтижелері бойынша бронхиальды өткізгіштіктің айтарлықтай бұзылуымен расталған.
  • 3. Инсулинге тәуелсіз қант диабеті (2 түрі) (орташа ауырлық) – қандағы қант деңгейінің жоғары болуы (10,85 ммоль/л) анықталған.
  • 4. Гипертониялық ауру, 2 саты, жүрек зақымдануымен, жүрек жетіспеушілігі – артериялық қысымның (130/85 мм рт. ст.) көрсеткіштері және жүрек-қан тамырлары аурулары белгілерінің, атап айтқанда жүрек жеткіліксіздігінің болуымен расталған.

Сонымен қатар Гүлзира Рамазан өзінде зоб пен тізе қабынуы бар екенін де айтты. Ал енді осынша аурумен алысып 8 ай бойы аурухана есігінен шықпаған әйел жедел жәрдем келіп кеткеннен кейін, Қызылжар ауылдық ауруханасының қызметкерлері тағы шақырып, «мүгедектік алу болмаса алмау» жайлы анықтама қағазы келгенін айтыпты. Түске дейін барғанда неге бермеді десе, енді келгенін айтқан. Гүлзира барып алуға қазір денсаулығы мұрша бермей тұрғанын айтты.

Қазақстан Республикасы заңнамасына қарасақ, мүгедектікті тағайындау үшін мүгедектік дәрежесін анықтайтын медициналық комиссиядан өту қажет. Бұл процесс негізінен «Қазақстан Республикасындағы мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы» Заңмен реттеледі.

Пациенттің диагноздары, атап айтқанда бронхиалды астманың асқынуы, ХОБЛ, қант диабеті және гипертония сияқты аурулар болған жағдайда мүгедектік тағайындалуы мүмкін. 

  1. Ұзаққа созылған аурулардың асқынуы (мысалы, ХОБЛ, бронхиалды астма) егер жағдайды бақылау мүмкін болмаса немесе науқастың күнделікті тіршілігіне кедергі келтірсе, уақытша немесе тұрақты еңбекке жарамсыздыққа әкелуі мүмкін;
  2. Мүгедектік тағайындау Қазақстанда Медико-әлеуметтік сараптама (МӘС) арқылы жүзеге асырылады. Бұл сараптама пациенттің өмір сапасына әсер ететін аурудың ауырлығын бағалайды;
  3. Науқастың өмір сүру қабілетінің шектелуі;
  4. Әдеттегі күнделікті әрекеттерді орындауға мүмкіндігінің болмауы (мысалы, жұмыс істеу, өз-өзіне күтім жасау және т.б.);
  5. Функционалды бұзылыстарды, мысалы, тыныс алу жүйесінің бұзылуын немесе физикалық жүктемелерге төзімділікті бағалау.

Науқас медициналық мекемеге барып, медико-әлеуметтік сараптамаға жолдама алады. Гүлзира Рамазанға медициналық тексерістен кетіп қалғаны үшін дәрігерлер өздері өткізіп, ал оны Астанаға жіберіпті 

 Мүгедектік түрлері:

  • 1. Бірінші дәрежелі мүгедектік ең ауыр шектеулерге байланысты тағайындалады, яғни науқас толықтай өз бетінше өмір сүре алмайды.
  • 2. Екінші дәрежелі мүгедектік елеулі бұзылыстар болғанда, бірақ белгілі бір деңгейде өзінше әрекет ете алған жағдайда беріледі.
  • 3. Үшінші дәрежелі мүгедектік жеңіл жұмыс істеуге мүмкіндік беретін, бірақ белгілі бір шектеулері бар науқастарға тағайындалады.

Әрине, дәрігерлер бронхиалды астма, ХОБЛ, қант диабеті 2 типі мен гипертония сияқты диагноздары бар науқастарға мүгедектік тағайындау үшін медико-әлеуметтік сараптамаға жіберуі керек. Гүлзира Рамазанның қайта-қайта жәдел жәрдем шақырып, кеудесі сырылдап, тізесі қақсап, оның үстіне көк басқан сыз үйде тұрып жатқанын, жұмысына бара алмай аурухана есігінде жүргенін дәрігерлер мен облыс басшылығы ескере жатар. Біз тек фактілерді тізіп көрсеттік.

Осы жылы еліміздің 10 облысында су тасқыны салдарынан 224 елді мекен 17 603 тұрғын үй зардап шекті. Шарлапаев үкімет отырысында ауыз толтырып 9 156 үй жөндеу жұмыстарынан өткенін айтқан еді. Ал 8 447 үй қалпына келуге жатпайтын болып танылып, нарықтан 5 767 үй мен пәтер сатып алынды деп мәлімдеген болатын. Оның сөзінше, бүгінгі күнде 2 576 үйдің құрылысы аяқталған. 

Гүлзира Рамазан талай БАҚ өкілдеріне өз жағдайын айтып хабарласқан көрінеді. Алайда оған «бір-екі үйді су алды екен деп бармаймыз» деген жауап қайтарыпты.

Orda.kz бұл жағдайды ары қарай бақылайды.

Orda.kz Ақмола облысына және Қызылжар әкімдігіне осы мәселе бойынша арнайы сауал жолдады.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар