Қызылордада донор қаны құйылып, ВИЧ жұқтырған әйел: сәбидің талдау нәтижелері шықты

cover Фото: freepik.com

Қызылорда облыстық перинаталдық орталығында босанған әйелдің АИТВ-инфекциясын жұқтыруына қатысты жаңа деректер шықты, деп хабарлайды Orda.kz.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, перзентханада қан құйдырған әйелдің АИТВ-инфекциясын жұқтырғаны кезекті тексеру кезінде анықталған. Қазіргі таңда ол облыстық АИТВ-инфекциясының алдын алу орталығына есепке алынып, қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр екен.

«Қазіргі таңда нәрестенің ВИЧ (адам иммун тапшылығы вирусы) жұқтыру көрсеткіші теріс нәтиже көрсетіп отыр. Дегенмен, сәби 1,5 жасқа толғанда ғана оның нақты жұқтырған-жұқтырмағаны анықталады. Эпидемиологиялық зерттеу барысында қан құюға пайдаланылған барлық донорлардың ВИЧ-тест нәтижелері теріс болғаны анықталды. Қазір бұл жағдайға байланысты тергеу  мен донорларды қайта тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Тексеру нәтижелері бойынша қосымша ақпарат беріледі»,  деп хабарлады ведомство. 

Еске салайық, Қызылорда облыстық перинаталдық орталығына босанғаннан кейін ауыр жағдайда түскен әйелге 12 донордан қан құйылып, бір айдан кейін одан АИТВ (ВИЧ) анықталды. Оқиға тіркеліп, денсаулық сақтау министрлігіне хабар берілген, бірақ ешқандай шара қолданылмағаны белгілі. Медицина қызметкерлерін тергеудің орнына БАҚ-қа шағымданбау үшін ақша ұсынған. 

Болған жағдайды денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова түсіндірді. Ол қазіргі уақытта тергеу жүргізіліп жатқанын айтты.

«Бұл жағдай денсаулық сақтау министрлігінің бақылауында. Қазір тергеу жүргізіліп жатыр, оның қорытындысы бойынша тиісті шаралар қабылданады», — деді министр Мәжіліс дәлізінде. 


Жаңалықтар

барлық жаңалықтар