Күш «атасын» таныған кез: Зерендіде жұрттың зәресін алған жаттықтырушылар жазаланды

cover Фото: Бейнеден кадр

Ақмола облысында дау туды. Зеренді демалыс орнында өзін жекпе-жек айқасы федерациясының жаттықтырушылары деп таныстырған үш ер адам ішімдік ішіп, балағаттап, есіктерді сындырып, әйелдер мен балаларды шошытқан. Бұл оқиға қоғамда үлкен наразылық туғызды. Orda.kz тілшісі оқиғаның мән-жайын анықтап көрді. 

Оқиғаның жай-жапсары

Оқиға 17 шілдеде Ақмола облысының Зеренді ауданындағы демалыс орталығында болды. Бұл курорт Көкшетаудан 50 шақырым жерде орналасқан. Базаның әкімшілігі түсіндіргендей, тәртіпсіздік жасағандар аймақтық жекпе-жек айқасы федерациясының жаттықтырушылары.

Ішімдік ішкен соң, қонақтар өздерін дөрекі ұстай бастаған, олар айқайлап, басқа адамдардың бөлмелеріне кірмек болып, балағаттап бүкіл маңайдағы адамдарды шошытты. Орталықтың әкімшісі полиция шақыруға мәжбүр болды. Бірақ полицейлер келсе де, олар тайсалмады. Керісінше оларды көріп араққа сылқия тойғандар құтырып, білгендерін жасапты.

[media=https://www.instagram.com/anticor_media_center/?utm_source=ig_embed&ig_rid=ee466958-daa1-4459-8fe0-d24b4cd260ca]


— Тіпті қыздар да маған арыз жазбайды, ұқтың ба? — деп мақтанған бейнежазбада.

— Барлығыңды ұстайды.

— Алып тастаңдар оны! Барлығын ұмытыңдар. Қалада көріп қалсақ, жоқ қыламыз.

Әбден масайып, құтырып кеткен ер адам полиция қызметкерлері келгенімен дым істемей қорқып тұрғанын көріп былай дейді:

— Кісен бар ма? Мықты болсаң, қолыма кигіз, қазір төбелесеміз онда. 

Бейнежазбада полиция қызметкерлері өте байыпты сөйлескендей немесе сескенгендей көрінеді.

Бұл дау тудырған бейнежазбаны «Бірінші сыбайлас жемқорлыққа қарсы медиаорталық» ұйымы жариялады.

«Сіздерге жағдайдың ауқымын түсіндіру үшін тек үзіндісін көрсетіп отырмыз. Полиция қызметкерлерінің кеудесіндегі камералардағы жазбалар сақталды деп үміттенеміз. Қоғамдық тәртіпті бұзу, полицияға бағынбау, қоғамдық орында дөрекі сөздер айтып, балағаттау, адамның өміріне қауіп төндіру фактілері бойынша іс қозғалғанын қалаймыз. Мұндай мінез-құлық — жай ғана «жамандық» емес, бұл қоғамдық қауіпсіздікке төнген қатер» деп жазды қоғамдық ұйым өкілдері.

Бейнежазба әлеуметтік желілерде үлкен дау тудырды. Көпшілік балалармен мұндай жаттықтырушылар жұмыс істесе қауіпті әрі олар жаттықтырушы болуға лайықсыз деп жазып жатыр.

Сонымен қатар, желідегілер полиция қызметкерлерін де сынап өтті. Олар тәртіп бұзушыларға тым сабырлы болғанын айтып, тіпті достық көзқараспен қарағанына таңғалып жатыр. Қылмыскерлерден қорқатын болса, онда қызметтен кетсін деген де пікірлер де бар.

Тәртіпсіздік танытқандар қалай жазаланды?

Ақмола облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, «қаһарман» қамауға алыныпты. Ол енді әкімшілік кодекстің үш бабы бойынша жауап береді.

Оқиғада ер адам, 32 жастағы жекпе-жек айқасының жаттықтырушысы Аслан Зейнуллаев болып шықты. Айта кету керек, оның төрт баласы бар екен. 

[media=https://www.instagram.com/anticor_media_center/?utm_source=ig_embed&ig_rid=7d15708f-1fd9-4f3e-b299-f56d92b3b023]
«Мұндай жағдайдың болғанын кеше ғана білдім. Өзімнің әрекетім үшін кешірім сұраймын. Соның ішінде демалыс орнының қонақтары мен қызметкерлерінен, сондай-ақ спортшылар мен федерациядан кешірім өтінемін», — деді ер адам.

Ал федерация не дейді?

Алайда жекпе-жек айқасы федерациясы жанжал туғызған жаттықтырушының ол жақтың мүшесі екенін жоққа шығарды.

 «Аслан біздің құрамда жоқ, ол жай ғана залды жалға алады. Неге осыншама шу шыққанын түсінбеймін. Федерацияға кері әсер етті. Алайда, ашық айтайын, ол спортта қанша жыл болса да, мұндайды алғаш рет көріп отырмыз. Бұл біз үшін жағымсыз жағдай. Мұндай әрекетті айыптаймыз, дереу жалпы жиналыс өткіздік», — деді Ақмола облыстық жекпе-жек айқасы федерациясының жетекшісі Алма Хамитова.

Сонымен қатар, 17 шілдеде Аслан Зейнуллаев демалыс базасындағы жаттықтырушыларға қосылған болуы мүмкін екенін айтты.

«Біздің әріптестер жылына бір рет қала сыртында демалады. Олар менен екі күн демалыс сұрады. Мен рұқсат бердім. Мүмкін ол кейін қосылған болар. Бірақ біздің жаттықтырушылар тыныш қайтты. Олар егде жаста, бізде де үлкендер бар».

Федерация жаттықтырушылары мемлекеттік қаражатқа демалды деген бейнежазба авторларының мәлімдемесін жоққа шығарды.

«Бұл бюджеттік ақпарат шындыққа жанаспайды. Біз бәрін банк арқылы төлейміз, әріптестер жеке қаражатымен демалады. Мерекелерде әрқашан өз ақшаларына демалады. Мемлекет қаржыны спортшыларды дайындау және жарыстарға шығару үшін бөледі. Сондай-ақ жаттықтырушылардың еңбекақысын төлейді. Біздің федерацияда жеті жаттықтырушы бар».

Ақмола облысында шамамен 300 бала жекпе-жек айқасымен айналысады. Жасұлан Жантасов балаларды 20 жылдан бері жаттықтырып, жыл сайын орташа есеппен 20 млн теңгені осы спорт түрінің дамуына жұмсайды. Ол жекпе-жек айқасын қадірлемейтін және қатыгез спорт деп атаған пікірлерге мүлде қосылмайды, сондай-ақ мемлекеттік қаржыландыру тым аз деп есептейді.

«Бұл әдепсіз оқиға бүкіл жаттықтырушылар мен спорт түріне теріс баға бермеу керек. Жекпе-жекте ережелер бар. Мысалы, балалардың басына соққы жасауға болмайды. Қаржыландыруға келсек, біз жеті жыл бойы бюджеттің екі миллион теңгесін ғана алдық. Соңғы жылдары төрт миллионға жетті. Біз ММА жарыстарына Бразилияға бардық. Сонда 16 миллион теңге жұмсадық, Тайландқа 7 миллион кетті. Әрине, көбірек болса жақсы, бірақ осы да жетеді. Себебі жекпе-жек айқасы олимпиада спорты емес», — дейді Жантасов.

Ол бұл жанжалдың негізгі себебінің ішімдік екенін айтты. 

«Аслан 14 жыл жаттықтырушы болып істеді. Бұрын ешқашан мас болып, агрессивті қылық көрсетпеген. Тек кейде дауласатын, бірақ ол бөлек әңгіме. Қазір оның бір әрекеті бүкіл ұжымға әсер етті, жаттықтырушыларға да нұқсан келтірді. Менің ойымша, бәрі ішімдіктен. Оған қоса, отбасында да жанжалдар болады. Бұл мәселеге елде тыйым салған дұрыс. Қазір Аслан 7 күнге қамалған. Шыға салысымен барлық жаттықтырушылармен тәрбие бағытында әңгіме өткіземіз. Әркімнің қателігін түзетуге мүмкіндігі бар», — дейді Жантасов.

Ақмола облысының туризм басқармасының басшысы Андрей Подгурский қоғамдық демалыс орындарында мұндай тәртіпсіздіктің жиі болатынын айтты. 

«Бұл оқиғада демалыс базасының иесі соңына дейін барды, азаматтық белсенділік көрсетті. Көріп отырғанымыздай, полиция тиісті шара қолданды. Менің ойымша, бұл туристерге сабақ болды. Олар салдарын ойлап, тәртіпсіздік көрсетпеуге, тәртіп сақтауға ғана емес, сонымен қатар қарапайым түрде қоқыс тастауға да үйренеді деп сенемін. Себебі, біз Еуропа деңгейіне жетуге ұмтылып жатырмыз, бірақ өкінішке қарай, демалу мәдениеті әлі төмен деңгейде. Әлеуметтік желілердегі пікірлерге қарағанда, адамдар бұл жағдайға бейжай қарап отырған жоқ. Бұл қуантады...», – деді Подгурский.

Автор: Әсел Тұрар


Жаңалықтар

барлық жаңалықтар