«Көтерілді»: Оралдағы «Құс фабрикасы» серіктестігінің тұрғындары жолды жапты

cover Фото: Sarapshy.info

3 ақпан кешкі сағат 19:00 шамасында Орал қаласының іргесіндегі «Құс фабрикасы» бау-бақша серіктестігінің тұрғындары мәселелеріне назар аударту үшін іргелеріндегі айналма жолды жапты, деп хабарлайды Orda.kz Sarapshy.info сайтына сілтеме жасап.

Бұл өңірде тәулік бойы жарық болмаған. Айтуларынша, бұрынғы серіктестік төрағасы жарықтың ақшасын электр желілері компаниясына төлемей кеткен.

Дәл қазір аудан тұрғындарының «Батыс Қазақстан аймақтық электр желілік компаниясы» ЖШС-ына қарыз мөлшері 71 млн теңгеге жеткен. Сол себепті таңертеңгі сағат 11:00-ден бастап ауданның жарығын өшіріп тастаған. Шамамен бұл ауданда екі мың екі жүзден астам үй бар.

Фото: Sarapshy.info

Бау-бақша серіктестігі болып саналғандықтан мұнда 1 кВт/сағ электр энергиясының құны қазіргі уақытта  -  32,60 теңге. Ал Орал қаласы бойынша орташа тариф — 28,16 теңге. 

Қыстың күні жарық пен жылудың өшкеніне наразы халық жиналып, шағымдарын білдіріп жатыр.

Тұрғындардың айтуынша, осы уақытқа дейін электр энергиясының ақшасын ауданның бұрынғы төрағасы Асылбек Қабесовтың Kaspi нөміріне аударып отырған. Кей жағдайда серіктестік төрағасы отырған кеңсеге барып, қолма-қол төлеп те жүрген.

Фото: Sarapshy.info

«Құс фабрикасы» ауданының бес жылдан бергі тұрғыны Әзиза бұрынғы төрағаның кезінде өшпеген жарық, енді неге өшеді дейді. Осы уақытқа дейін бұрынғы төрағадан қарыздың сұрауы болмағанына таңғалады.

«Қыстың күні үйдің іші салқын. Балалар сабақтан келді. Халық ашынғаннан осында шықты. Бұрынғы төрағаның қарызы жабылмай, жарықты қоспаймыз дейді. Осы уақытқа дейін бұрынғы төраға қарызды неге жаппаған? Оған неге халық кінәлі? Бізде жеке шот жоқ. Бұрынғы төраға Асылбек Қабесовтың шотына немесе конторға келіп, қолма-қол төлеп жүрдік. Халық қарыз емес. Ай сайын жарықтың, газдың ақшасын төлеп тұр. Қалалық электр желілері бастығынан сұрап жатырмыз, олар осы уақытқа дейін бұрынғы төрағадан неге сұрамаған? Есеп сұрамай ма? Ал қазір жаңа төрағаға келіп, «жарықты өшіреміз, сендер мына қарызды төлеуге міндеттісіңдер» деген нәрсені неге қойып тұр ?», — дейді тұрғын.

Ал Батыс Қазақстан аймақтық электр желілік компаниясының Бақылау және есеп жөніндегі директор Рүстем Нұрболатұлы шағым түскеннен кейін жарықты өшіріп тастағанын айтады. Әр тұрғынға жеке шот ашу үшін техникалық талап керек дейді.

«Бізге Зашагандағы бау-бақша серіктестігінің электр қуатын өткеру жөнінде 72 млн теңге қарызы бар екені туралы шағым түсті. Біз жарықты сол үшін өшіріп тастадық. Шарт бойынша тек он трансформатор бар. Сол он есептегіш құралы бойынша төлем шығады. Біздер әрбір үйге кіре алмаймыз. Әрі қарай әрекетті әкімдік шешу керек», — дейді ол.

Ал «Құс фабрикасы» бау-бақша серіктестігінің қазіргі төрағасы Асхат Әнесұлы әлі «Батыс Қазақстан аймақтық электр желілік компаниясы» ЖШС-мен келісімшартқа отырып үлгермегенін айтады:

«Қазіргі халықтың көтеріліп жатқан себебі — РЭК-ке («Батыс Қазақстан аймақтық электр желілік компаниясы» ЖШС) осы аудан тұрғындарының жарыққа қарызы. Маған дейінгі тағайындалған төраға Асылбек Қабесов ақшаны РЭК-ке төлемей келген. Қазіргі кезде  ол 71 млн теңге болған. Олар келді де, жарықты өшіріп тастады. Ал мен ақшаны төлеп үлгерген жоқпын. Маған төле деп жатыр. Мені әлі РЭК-пен келісімшартқа отырған жоқпын», — дейді ол. 

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар