«Қорғас ісі»: Қожамжаров командасының тағы бір өкілі сотталды

cover Фото: freepik.com

Бұрын Экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыстарымен күрес агенттігінің (ЭСЖҚКА / АБЭКП) тергеушісі болған, экс-финпол басшысы Қайрат Қожамжаровтың командасында жұмыс істеген Жандос Әріп «Қорғас ісі» бойынша материалдарды қолдан жасағаны үшін сотталды, деп хабарлайды Orda.kz. 

 «Қорғас ісіне»  қатысты тағы бір үкім бүгін, 29 желтоқсан күні шықты. Бұрынғы қаржы полициясының тергеушісі Жандос Әріп «Қорғас ісіне», дәлірек айтқанда, оны қолдан өршітуге байланысты құжаттарды қолдан жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Тергеу мәліметінше, 2011–2012 жылдары қаржы полициясына жаңадан қызметке тұрған тергеуші Әріп ҰҚК-нің жоғары лауазымды қызметкерлері – Талғат Жақаев пен Ирлан Абдрахмановты қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін дәлелдер жинаумен белсенді айналысқан. Қаржы полициясының қызметкері басшылықтың тікелей нұсқауын орындай отырып, Алматыдағы мейрамханалардың бірінен алынған бейнежазбаларды қолдан жасаған. Ол бейнелерде «ұйымдасқан қылмыстық топтың жетекшісі», сыртқы экономикалық қызметпен айналысқан кәсіпкер Талғат Қайырбаев ҰҚК қызметкерлерімен кездескендей етіп көрсетілген. 

Ал шын мәнінде ол жерде басқа адамдар болған. 

Сонымен қатар, биллинг деректері мен іссапар құжаттарына сәйкес, Жақаев пен Абдрахманов ол кезде Алматыда болмаған. Алайда қаржы полициясы бұған қарамастан, өз істерін жалғастыра берген. «Контрабандистердің ҰҚК қызметкерлерімен байланысы бар» деген ақпарат президент Назарбаевқа жеткізіліп, сондай-ақ, БАҚ-та таратылған. Бұл жайт ҰҚК офицерлерін ұстау мен қамауға себеп болды. Оның үстіне, Жақаев пен Абдрахмановтың ол жерде болмағаны анықталғаннан кейін де, соттар тергеу органдарының өтінішімен олардың қамауда ұстау мерзімін қайта-қайта ұзартқан.

Іс 2023 жылы қайта қозғалып, 2025 жылы сотқа жеткен. Медеу аудандық соты Әріпті кінәлі деп танығанымен, ол істің мерзімінің өтуіне байланысты нақты жаза алған жоқ.

Айта кетейік, Қырғызстан президенті Садыр Жапаровтың шешімімен елдің бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаев мемлекеттік жоғары наградаларынан айырылды.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар