«Көлік иесі де ажал құшқан»: Ақтөбеде бөтен көлікке мінген 16 жастағы жасөспірімнің денесі көлден табылды

cover Фото: Ислам Төреғалидің туыстары ұсынған сурет

Ақтөбеде 16 жастағы жасөспірім мезгілсіз көз жұмды. Ислам Төреғалидың денесі Ілек көлінен табылды. Марқұмның туыстары жасөспірімнің өзіне қол жұмсағанына сенбейді.

Orda.kz тілшісі Ислам Төреғалидың отбасына көңіл айтып, істің жай-жапсарын сұрады. 

Марқұмның әпкесі Нұрханым Төреғалиеваның айтуынша, қайғылы оқиға 30 қараша күні Ақтөбеде болған. Исламды аймақтағы монша басшысы адам көп екенін айтып, жұмысқа шақырыпты. Жасөспірім түскі 15:00 шамасында үйден шығып моншаға бет алған. 16 жастағы Ислам 23:59-да моншадағы жұмыстарын бітіріп, үйге қайтпақ болған. Қолына мысығына деп алған қалдық тамақтары болады. 

«Бейнебақылау камераларынан көргенімізде көңіл-күйі жақсы болып кетіп жатқан еді», — дейді Нұрханым Төреғалиева. 

16 жастағы жасөспірім үйге қайтар жолда қуыс жолдан өтуі керек болған. Ал ол маңға 23:46 да бір көлік кеп тоқтайды. Қараңғы, қуыс жер болғандықтан көліктің мемлекеттік нөмірі және ішінде кімнің бар екені көрінбейді. 

«Көліктегі адам Исламның жұмыстан шыққанын күткен. Кейін інім көлікке отырған. Екінші бейнебақылау камерасынан көргеніміз бойынша, Ислам көліктің алдына отырған екен. Содан кейін оның телефоны өшті», — дейді марқұмның әпкесі. 

Ұлының үйде жоқ екенін ата-анасы түнгі 3:00 шамасында байқап, монша басшысына хабарласып, іздей бастайды.
1 желтоқсан күні 16:00-де Ислам мінген көлік табылды. Көліктің ішінде жан пендесі жоқ, кілті де табыла қоймаған. Көліктің алдына отырған Исламның ұялы телефоны көліктің артқы орындығында жатқан. Ол жерден жүргізушінің де телефоны табылған. Сонымен қатар, жағадан тағы бір телефон табылады. 

Өкінішке қарай, сол күні кешкі сағат 19:00-де Ислам Төреғалидың денесі судан табылды. Сот экспертизасы марқұмның денесінен зорлық белгілерін таппады. 

«Бірақ, біз оның денесін Атырауға алып келгенде көгерген іздерді көрдік», — дейді марқұмның әпкесі. 

Келесі күні, 2 желтоқсанда жүргізушінің де денесі судан табылды. 

«Ол баланың кім екенін білмейміз. Оның кім екені, Исламға кім болып келетіні белгісіз. Ол Исламнан 11 жас үлкен бала», — деді Нұрханым Төреғалиева. 

Марқұмның отбасы тергеу жүріп жатқанын, бірақ полиция ешқандай ақпарат бермегенін айтып, наразылық білдірді. Исламның әпкесі нақты не жағдай болғанын білу қиын болып тұрғанын айтты. 

«Ілек көлінің жаны негізі құз. Биік жер болғандықтан көлді қарау не суға түсу мүмкін емес» — дейді ол.

Ислам Төреғали Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетіне барып сөз сөйлеуі керек болған күні денесі табылды. Енді жастай көз жұмған жігіттің туыстары тергеудің әділ жүріп, шындықтың бүкпесіз ашылуын талап етіп отыр. 

Айта кетейік, Ақтаудағы аялдамалардың бірінен ер адамның мәйіті табылды.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар