Қазақстандықтар жылқы етін тұтыну бойынша жаңа рекорд орнатты

cover Фото: Ашық дереккөзден

2025 жылғы IV тоқсан қорытындысы бойынша әрбір қазақстандық орта есеппен 2,35 келі жылқы етін тұтынған. Бұл соңғы 15 жылдағы кез келген тоқсан үшін ең жоғары көрсеткіш болып тіркелді, деп хабарлайды Orda.kz.      

2024 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда өсім 10,7% болды. Бұл есеп Қазақстан Республикасы Ұлттық статистика бюросы деректеріне негізделген.

Жылқы етін тұтыну маусымға байланысты өзгеріп отырады — ең жоғары көрсеткіштер дәстүрлі түрде жылдың ең суық кезеңдері, яғни бірінші және соңғы тоқсандарға тиесілі. Соңғы төрт жылда тарихи рекордтар дәл қазан–желтоқсан айларында жаңартылып келеді.

2025 жылдың IV тоқсанда жан басына шаққандағы жылқы етін тұтыну жалпы ет және ет өнімдерін тұтынуға қарағанда әлдеқайда жылдам өскен. Жылдық есепте жалпы ет тұтыну небәрі 0,6%-ға артып, бір адамға шаққанда орта есеппен 21,96 келіге жетті.

2025 жыл бойы қазақстандықтар орта есеппен  7,63 келі жылқы етін тұтынған, бұл өткен жылмен салыстырғанда 7%-ға көп. Бұл көрсеткіш кемінде соңғы 15 жылдағы ең жоғары деңгей болды. Жалпы ет тұтыну да рекордтық деңгейге жетіп, адам басына 84,4 келіден болды. Алайда өсім салыстырмалы түрде төмен — +1,9%.

Бұл деректер қазақстандықтардың ет тұтынуы өзгеріп жатқанын көрсетеді. Жылқы етінің үлесі жыл өткен сайын артып келеді.  2025 жылы ол рекордтық 9%-ға жетіп, бір жылда 0,5 пайыздық тармаққа өсті. Басқа ет түрлерінің ішінде сиыр еті –0,9  (30%-ға дейін), қой еті –0,4  (6%-ға дейін), шошқа еті –0,2% (3,8%-ға дейін) төмендеді. Ал тауық еті үлесі сәл өсіп, +0,1 болып, 6,6%-ға жетті.

Сарапшылардың пікірінше, 2025 жылғы тұтынудағы өзгерістер сиыр еті (+32,1%) мен қой етінің (+28,8%) қымбаттауымен байланысты болуы мүмкін. Осы аяда жылқы еті (+17,3%) мен құс еті (+10,7%) бағасының өсуі салыстырмалы түрде төмен көрінеді.

Оқи отырыңыз:


Жаңалықтар

барлық жаңалықтар