Қазақстандық олигархтың ұлы ERG тау-кен компаниясын сатып алуға ниетті

cover Фото: ERG

Шухрат Ибрагимов ERG-нің үлкен үлесін алуға ниетті, деп хабарлайды Orda.kz.

Шухрат Ибрагимов Eurasian Resources Group (ERG) компаниясында бақылаушы үлеске ие болуды көздеп отыр. Financial Times басылымының жазуынша, Ибрагимов ұсынысын компанияның негізін қалаушылары— Патох Шодиевке және биыл наурызда қайтыс болған Александр Машкевичтің мұрагерлеріне жасаған. Ақпарат бес анонимді дереккөзге сүйеніп жарияланды.

Ибрагимов — 2024 жылдың қазанынан бері бас директор қызметін атқарып келеді. Ол компанияда 2015 жылдан бері жұмыс істейді, ал 2021 жылы әкесі Әліжан Ибрагимов қайтыс болған соң, директорлар кеңесіне енген.

ERG — 1994 жылы Әліжан Ибрагимов, Александр Машкевич және Патох Шодиевтің бастамасымен құрылған ірі тау-кен және металлургия тобы. Қазіргі кезде әр отбасының үлесі шамамен 20 пайыз, ал қалған 40 пайызы Қазақстан үкіметіне тиесілі.

2024 жылы компанияның негізін қалаушылар өз үлестерін мұрагерлеріне өткізе бастады. Шодиев басқаруды ұлы Сабырға тапсырса, Машкевичтің орнына жиені Эдуард Сурлевич келген. Осы кезеңде үлестерді сату жөніндегі алғашқы келіссөздер басталған, бірақ олар Машкевич қайтыс болғаннан кейін айтарлықтай жеделдеген.

Басылым дереккөздеріне сүйенсек, Шодиев пен Машкевич отбасылары өз акцияларын сатуға дайын. Алайда компанияның нарықтағы бағасына қатысты ортақ мәміле табу қиынға соғып отыр. Сатушылар өз үлестерін 1,8 миллиард долларға бағаласа, Ибрагимов бұдан төмен ақша ұсынып отыр.

Келіссөздер барысында ақшалай төлемнен бөлек, Ибрагимовтың басқа активтердегі, мысалы, Еуразиялық банк пен «Евразия» сақтандыру компаниясындағы үлесін мәміле шеңберінде айырбас ретінде беру мүмкіндігі де қарастырылып жатыр.

ERG келіссөздерге қатысты түсініктеме беруден бас тартты. Ибрагимов, Шодиев және Сурлевичтің өкілдері де Financial Times сұрақтарына жауап бермеді.


Жаңалықтар

барлық жаңалықтар