Қазақстан Украинаға нота жолдады

cover Фото: ашық дереккөзден

Қастандыққа ұшыраған оппозициялық белсенді Айдос Садықовқа байланысты Қазақстан Украинаға ресми нота жіберді.

Қазақстанның Украинадағы елшісі Дархан Қалетаев мәлімдеді.

«Біз Украина сыртқы істер министрлігінен осы жағдайға түсініктеме беруін сұрап ресми нота жолдадық. Әзірге жауап келген жоқ. Украина тарапынан ешкім байланысқан жоқ», – деді елші Азаттыққа.

Еске салсақ, Киевтегі Ярмола көшесінде, метро стансасының жанында, Айдос Садықовқа шабуыл жасалып, ол әйелімен бірге көлігіне жақындағанда оқ атылды. Садықов ауруханаға жеткізіліп, оған операция жасалды.

Ақорда хабарлағандай, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Садықовқа қатысты тапсырма бергенін айтты.

«Біз заң үстемдігін нығайтып жатырмыз. Қоғамдағы барлық қарама-қайшылықтар мен келіспеушіліктерді заңды түрде шешу қажет. Кеше Қазақстан азаматы Айдос Садықовқа қатысты Киевте болған қылмысқа осы ұстаным тұрғысынан қарау керек. Мен Украина тарапына ресми сұраулар жіберу туралы нақты тапсырма бердім. Қажет болса, Қазақстанның ресми органдары істің ақиқатына жетуге жәрдем беруге дайын», – деді президент Тоқаев.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар