Қазақстан мен Франция заңсыз мигранттарды кері қайтару жөнінде келісімге келді

cover Фото: Ақорда

Мәжіліс Қазақстан мен Француз үкіметтері арасындағы адамдарды реадмиссиялау туралы келісімді ратификациялады. Келісімге 2024 жылғы 5 қарашада Мемлекет басшысының Францияға сапары барысында қол қойылған, деп хабарлайды Orda.kz.

Бұл келісімнің негізгі мақсаты – ұлттық заңнама талаптарын бұзып екі ел аумағында жүрген адамдарды реадмиссиялау мәселелері бойынша екіжақты ынтымақтастыққа құқықтық негіз қалау. Құжатта осы елдер аумағында болу шарттарын бұзған немесе қиын жағдайға тап болған, айталық құжатын жоғалтқан адамдарды өз еліне қайтару қарастырылған.

«Қазақстан азаматтары жеке басын куәландыратын құжаттарының жоғалғаны немесе елде заңсыз жүргені туралы құзыретті органдарға хабарлаған жағдайда Франциядан ешқандай санкциясыз орала алады. Бұл ретте осы елдің Ішкі істер министрлігі азаматтың өз еліне қайтуы үшін құжаттарын ресімдеуге көмектеседі. Сонымен қатар келісім үшінші ел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдарды олардың азаматтығы бар немесе тұрақты мекендейтін мемлекеттеріне қабылдау, ауыстыру және транзиттік тасымалдау ресімдеріндегі бірлескен іс-қимылдардың бірізділігі мен реттілігін қамтамасыз етеді» деп жазылған мәжілістің ресми мәлімдемесінде.

Анықтама үшін: Реадмиссия – бір мемлекеттен басқа мемлекетке кіруі, болуы немесе тұруы заңсыз деп танылған азаматтарды өз еліне қайтару рәсімі. Қазақстанда реадмиссия институты 22 елмен арада белсенді жұмыс істейді. Соңғы жылы реадмиссия бойынша 273 өтінішхат қаралды.

Еске сала кетсек, тәуелсіздік күні қоғамдық көлікке және өз көлігіне мемлекеттік туды іліп жүрген азаматтарды полиция тоқтатты.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар