Қаныш Сәтбаев: халқым менен де биік. Қазақстандағы қазбалы байлықтың ғылыми жүйесін құрған ғалым
Фото: Әлеуметтік желіден
Қазақстанда «ғылым» деген сөздің өзі бір кезеңде Қаныш Сәтбаевтың есімімен қатар жүретін. Ол кен тапқан геолог қана емес, тұтас ғылыми жүйені нөлден құрған стратег, ұйымдастырушы және реформатор болды. Биыл Қаныш Сәтбаевтың туғанына 127 жыл толады. Осы орайда Orda.kz тілшісі академиктің өмірбаянына шолу жасады.
Бұл бір адамның өмірбаяны ғана емес. Бұл — Қазақстандағы ғылымның қалай пайда болғанының тарихы.
Академик, геолог және қоғам қайраткері 1899 жылы 12 сәуірде Теңдік ауылынан 1 шақырым қашықтықтағы Айрық деген жерде дүниеге келді. Бүгінде бұл Павлодар облысы Баянауыл ауданы Сәтбаев ауылдық округіндегі Мұса Шорман ауылы.
Дүниеге келген сәбиге Ғабдул-Ғани деген есім берілген. Анасы ұлын еркелетіп Ғани, Ғаныш деп атапты. Артынша баланы барлығы Қаныш деп атай бастаған.
Қаныш Сәтбаев жас күнінде ауыл молдасынан білім алады. Ол араб, парсы тілдерінде оқыған. Мұнан кейінгі екі жыл көлемінде Сәтбаев уездегі алғашқы қазақ-орыс мектебінде білім нәрімен сусындайды. Мектеп Аққелін аулында ашылған.1911 жылы Қаныш Павлодардағы орыс-қазақ училищесіне түседі. Ол үш жыл ішінде төртжылдық бағдарламаны меңгеріп, артынша Семейдегі мұғалімдер семинариясына оқуға түскен. Сәтбаевтың денсаулығы сыр бере бастағандықтан, диплом алу үшін емтиханға өз бетінше дайындалған.
Содан кейін Томск технологиялық институтына түсуге дайындалады. Асқынған туберкулезді қымызбен емдеу үшін 1920 жылдан 1921 жылға дейін туған өлкесінде болады. Осы кезде Қаныш Сәтбаев қазақ мектептеріне арнап алғашқы алгебра оқулығын жасай бастайды. Бұл жұмысты 1954 жылы бітіреді.
Академик Қаныш Сәтбаевтың сара жолы
1921 жылдың басында Қаныш Сәтбаевтың тағдыры бір кездесуден кейін күрт өзгереді. Ол асқынған туберкулезден қиналып, қымызбен емделген-ді. Осы кезеңде Баянауылға емделуге кеңес геологы Михаил Усов келеді. 22 жастағы жігіт геология туралы әңгімелерге қызығып, 1921 жылы халық сотындағы қызметін тастап, Томскідегі техникалық институтқа түседі. 1922 жылдың басында дерті Сәтбаевтың жолына тағы да тосқауыл болады да, жас өрен ауылына қайта оралады. Бірақ Қаныш оқуын тоқтатқысы келмей, үйінде университет курсынан өтемін деп шешеді. Бұған Баянауылға жиі келетін Усов көмектеседі. Сәтбаев жарты жылдан кейін университетке оралып, 1929 жылы оны сәтті аяқтайды.
Көп ғасыр тарихы бар қазақтардың арасында тұңғыш геолог атанған Қаныш Сәтбаев Жезқазған және Қарсақбай ауданындағы басқа да пайдалы қазбалар кен орындары геологиясын зерттеді. Сәтбаев геологиялық барлау жұмыстарын жүргізді, оның жетекшілігімен бұрғылау шеберлері, сызба сызушылар, прорабтар және т.б. кадрлар қалыптасты.
Қазақстандық ғалым Жезқазған мыс кен орнының қоры бұрынғыдан әлдеқайда көп екенін дәлелдеді. Осы жаңалық үшін оған 1940 жылы КСРО жоғары мемлекеттік наградасы – Ленин ордені берілді. Кейінірек оған тағы төрт орден табыс етілді. Қаныш Сәтбаев соғыстан кейінгі жылдары елдегі ғылымда жүрген адамдардың басын қосып, Қазақ ғылым академиясын құрды.
1946 жылы ашылған ҚазКСР ғылым академиясының алғашқы президенті болып Қаныш Сәтбаевтың сайлануы кездейсоқтық емес. 1947 жылы наурызда Қаныш Сәтбаев КСРО жоғарғы кеңесі депутаты ретінде Лондонда Уинстон Черчиллмен кездеседі, сол кезде саясаткер одан «Өзге қазақтар да сіз сияқты бойшаң ба?» деп сұрағанда академик: «О не дегеніңіз, Черчилль мырза, олай емес, мен қазақтардың ішіндегі ең кішкентайымын! Халқым менен де биік» деп жауап берген екен.
Баянауылдағы Қаныш Сәтбаевтың мемориалдық музейіндегі пікірлер кітабында мынадай жазба сақталып тұр:
«Қаныш Сәтбаев – халқының ұлы баласы, кемеңгер ғалым, белгілі инженер. Қанекенің өмірлік жолы өз елін жақсы көрудің және ынтамен беріліп қызмет етудің үлгісі болды». Бұл сөздерді тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев айтқан еді.
Баянауылдағы музей қоғамдық бастамамен 1964 жылы ашылды. Сол кездегі политехникалық институт студенті Ғаділбек Шалахметов Алматыдан академиктің туған жеріне оның әйелі Таисия Сәтбаева табыстаған заттарын, құжаттарын, фотосуреттерін әкелді.
Қаныш Сәтбаевтың ғылым мен мәдениетке қосқан үлесі
Ғалымның өмірін қысқаша баяндағанның өзінде оның ғылыми қызметінің ауқымы мен елдің дамуына қосқан үлесінің қаншалықты маңызды екенін көруге болады.
Жезқазғандағы ірі мыс қорын ашуы
Зерттеу жұмыстары нәтижесінде Жезқазған өңіріндегі мыс қорының көлемі 2 миллион тоннадан асатыны анықталды. Бұған дейін ағылшындар бұл қорды небәрі 60 мың тонна деп бағалаған. Сол кезеңде бұл әлемдегі ең ірі қор деп танылды.
Қаныш Сәтбаев өз тұжырымдарын дәлелдеу үшін шамамен 40 ғылыми еңбек жазды. Бұл қорларды игеру үшін тек білім ғана емес, ғалымның сенімі мен табандылығы да қажет болды. Ол әр түрлі жоғары мекемелерде өз дәлелдерін мойындатып, шешім қабылдайтын тұлғаларды сендіре алды.
Қаныш Сәтбаев геологиялық барлау жұмыстарын табанды түрде жүргізіп, қыс мезгілінде де ұңғымаларды бұрғылауға рұқсат алды. 40 градус аязда қондырғыларды киізбен жауып жылытуға мәжбүр болды.
Ғалымның ғылыми еңбегі жоғары бағаланып, 1942 жылы Жоғары аттестациялық комиссия (ВАК) оған геология және минералогия ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін берді.
Қазақстанның пайдалы қазбалар картасының жасалуы
Қаныш Сәтбаевтың тікелей басшылығымен Қазақстанның пайдалы қазбаларының картасы жасалды. Бұл үшін кешенді әдіс әзірленіп, жұмыс макеттері құрылды. Осы әдіс геологиядағы жаңа бағыт – металлогенияның негізін қалады. Қаныш Сәтбаев бұл бағыттың негізін салушы әрі геологиядағы «қазақ мектебінің» негізін қалаушы ретінде танылды.
Институтта жасалған карта дәлдікке тексеріліп, ғылыми конференцияларда талқыланды және ең сенімді карта ретінде қабылданды. Бұл еңбек үшін ғалымдар тобы 1958 жылы Ленин сыйлығына ие болды.
1950-жылдардың ортасында республика ғалымдары табиғи ресурстарды тиімді пайдалану жолдарын зерттеді. Тың жерлерді игеріп, ғылыми институттарды жұмылдырғаны үшін Қаныш Сәтбаев Ленин орденімен марапатталды. Бұл ғалымның үшінші Ленин ордені еді.
Оқи отырыңыз:
Жаңалықтар
- Боқаевтың жақтастары оған қатысты істі тікелей эфирде ашық түрде қарауды талап етті
- Тоқаев Ресейдің жетекші мыс өндіретін компания басшысымен бірлескен инвестициялық жобаларды талқылады
- Қаныш Сәтбаев: халқым менен де биік. Қазақстандағы қазбалы байлықтың ғылыми жүйесін құрған ғалым
- Сағын сындыру үшін жасалған әрекет: Заңгер Әділетхан Молдаханның інісі мәлімдеме жасады
- Жетісулықтар тағы бір жер асты дүмпуін сезді
- Бес әнімнің ақысын бермеді деген композиторға әншінің өзі арыз жазды
- Ұсталған Әділетхан Молдахан туралы не белгілі?
- Сәуірден бастап бақылау күшейеді: аударымдар да назарда
- Елімізде пойыз қозғалысын реттеуде Starlink спутник жүйесі қолданылады
- Баян Алагөзова: Радикализм, «Алтын Ханым» және әл-Фарабидегі апаттар
- Жетісу облысында магнитудасы 5,4-ке тең жер сілкінісі болды
- Алматыда әр бесінші мопед тіркелген: Курьерлік қызметтер мотокөлікті көбейтіп жіберді
- Алматы облысында автобус пойызбен соқтығысты: зардап шеккендердің жағдайы қандай?
- Елімізде 400-ден аса жеке емшара кабинеті лицензиясыз қызмет көрсеткен
- Санжар Боқаев бұлтартпау шарасымен екі айға қамалды
- Мүлкін иемденгісі келген: Павлодарда әйелін әдейі суға батырып өлтірген ер адам сотталды
- 1-сыныпқа құжат қабылдау мерзімі өзгерді
- Алматыда заңгер Әділетхан Молдаханның ұсталғанын полиция растады
- Израильде өлім жазасы неге бәріне бірдей жүрмейді? Заңға шолу және халықаралық реакция
- Израильде терроризм үшін сотталғандарға өлім жазасын кесетін заң қабылданды