Қаңыраған киностудия: Ұлттық киноның ұйытқысы болған «Қазақфильмнің» жағдайы қандай?
Фото: Игорь Улитин / Orda.kz
Кезінде қазақ киносының қоржынына салатын ұлы туындылар шығарған, таланттар түлеген киелі мекен бүгінде қаңырап бос қалған. Тозығы жеткен ғимараттар, шаң басқан құрал-жабдықтар мен жартылай қираған павильондар... Есігін көпке аша бермейтін қазақ киносының қара шаңырағына Orda.kz тілшілері барып, мән-жайды анықтап қайтты.
Тілшіміз киностудияға өзі барып, ондағы бұрынғы архивтерді сақтап, талай жыл бойы талмай еңбек етіп келе жатқан қызметкерлермен тілдесіп көрді. Бір кездері даңқты режиссерлердің шедеврлері түсірілген павильондар қазір қаңырап бос тұрғанын байқадық. Қабырғалары сөгілген, ал мамандардың көбі уақытша жұмыстан қол үзіп қалған. Кең дәліздер мен шеберханаларды бұрынғыдай шығармашылық серпін емес, құрылыс материалдары мен шаң басып тұр. Кино өндірісінің ордасы болған «Қазақфильмде» бүгінде күрделі жөндеу жүріп жатыр.



16,5 гектар аумақта түсірілім павильондары, сәндік-техникалық құрылымдар корпусы, дыбыс жазу студиялары мен өндірістік-зертханалық корпус орналасқан. Киноөндіріс үшін қажетті барлық цехтар мен технологиялық бөлімшелер үш мамандандырылған ғимаратта шоғырланған.
Orda тілшілеріне «Қазақфильм» аумағын аралатып, киностудияның тыныс-тіршілігін Серікбол Өтепбергенов көрсетіп шықты. Әңгіме барысында оның Өтепбергенов қазақ көрермендеріне танымал «Время паториотов», «Шестой пост» фильмдерінің режиссері екенін білдік.
Киностудия өткен ғасырдың 60-жылдары салынса да, өзінің сапасын жоғалтқан жоқ. Режиссердің айтуынша, техникалық тұрғыдан ескі болғанымен, көптеген заманауи павильондарға қарағанда әлдеқайда сапалы әрі ыңғайлы.

«Қазақфильм» кинопроцесіне өте қолайлы. Мұндағы дыбыс оқшаулау жүйесі басқа жекеменшік павильондармен салыстырғанда әлдеқайда жақсы. Фильм түсіріп жатқан кезде мен әлі бұл жерде жұмыс істемеген едім. Бірақ соған қарамастан дәл осы «Қазақфильмнің» павильонын таңдадым» деді режиссер Өтепбергенов.
Техникалық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Андрей Александрович «Қазақфильмде» 80-жылдардан бастап жұмыс істеп келеді. Оның айтуынша соңғы модернизация 2022 жылы болды. Жаңадан алынған құрылғылар саны шамамен 40–50%, ал қалғаны ескі техника.
«Жаңа линзасы бар жарық құралдарын соңғы рет «Көшпенділер» фильмі үшін сатып алғанбыз. Яғни, бұл — шамамен 20 жыл бұрын. Сол жарықпен біз пандемияға дейін табысты жұмыс істедік. Пандемиядан кейін жаңа операторлар келді. Олар басқа типтегі, заманауи құрылғыларға LED-жарыққа көше бастады. Олардың ескі, линзалық жарықпен жұмыс істеуге дайын болмауы немесе оны жақсы меңгермеуі мүмкін. Дегенмен, бұл — классикалық жарық, одан толық бас тарту дұрыс емес деп ойлаймын», деді Андрей.
Киностудиядағы соңғы техникалық жаңартуларға қарамастан, материалдық база толық жаңартылды деуге келмейді.
«Жаңа құрылғылар өте аз, тек 40–50%. Қазіргі уақытта бір мезетте біз нақты 2–3 картинаны толық техникалық жағынан қамтамасыз ете аламыз»деді Андрей Александрович.
Айтпақшы, жалпы қазақ киносы туралы Айдар Омаров Orda.kz бас редакторы Гүлнара Бажкеноваға берген сұхбатында кеңінен айтып берді.
«Көшпенділер», «Жау жүрек мың бала», «Алтын тақ»...
Киностудия қорында мыңдаған киім-кешек пен аксессуар бар. Костюмдердің бір бөлігі жобадан жобаға көшіп, жылдар бойы қолданыста жүр. Уақыт өте келе кейбіреулері тозып, есептен шығарылғанымен, олар да өз орнын табады. Отандық шоу-бизнес өкілдері де бұл қорды жиі пайдаланады. Киностудияның киім-кешек қоры жайлы реквизитор Гүлзат Жакубаева айтып берді.



«Мұнда 5000-ға жуық бұйым бар. Әшекейлерден бастап ханның дулығасына дейін тұр. Костюмдер негізінен бір жобадан екіншісіне өтіп отырады. Реквизиттер «Көшпенділер» фильмінен бастап бүгінгі күнге дейінгі барлық тарихи фильмдерде қолданылып келеді. Кейбір киімдер 20 жыл бойы қызмет етті. Ал кейбірі әбден тозып, есептен шығарылады. Есептен шығарылған костюмдерді кейде түсірілім кезінде кедей кейіпкерлер киіп отырады. Бейнебаян түсіретін мамандар да костюмдерді жалға алады. Мысалы, Jah Khalib-тің «Медина» бейнебаяны мен «Ирина Кайратовна» тобы да соңғы бейнебаянына осы жерден костюм алған. Бір костюмнің тәуліктік жалдау бағасы –шамамен 15 000 теңге», – деп айтты Гүлзат.
Гүлзаттың айтуынша, «Қазақфильмдегі» реквизиторлардың еңбекақысы атқаратын жұмыстың көлемі мен жауапкершілігіне мүлде сай келмейді. Ол жалақының өте төмен екенін, ал жұмыс жүктемесінің жыл сайын артып келе жатқанын атап өтті.
«Осындай үлкен жұмыс көлеміне еңбекақы– өте аз. Жұмысты жалғыз атқарасың, ал қойма үшеу. Ұлттық қойма бар, басқа ғимаратта «Ұлы дала таңы» жобасының киім-кешегі сақталған кабинет бар. Онда костюмдер сәл жаңарақ. Тарихи фильмдер жыл сайын шығып тұрады, жұмыс өте көп», – дейді Гүлзат.
«Қазақфильмнің» қасиетті архиві
Одан кейін біз «Қазақфильмнің» жүрегі саналған – фильмотекаға бет алдық. Дәл осы жерде қазақ киносының алтын қоры, тұтас тарихы сақтаулы тұр. Мұнда 1939 жылдан бастап 2015 жылға дейінгі түсірілген фильмдер мұра саналып, мұқият сақталып келеді. Бұл — қазақ киносының сан жылдық шежіресі сақталған қасиетті орын. Алайда сыртта тұрып, бұл жерді қасиетті деп айту қиын. Сыртқы келбеті ескі қоймаға көбірек ұқсайды – иесіз, ұмыт қалған бір кеңістік секілді. Ғимараттың өзі де әбден тозған.

Осы жердің қараушысы Светлана Пузырникова фильмотекада 40 жыл бойы еңбек етіп келеді.
Мұнда шамамен 10 000-ға жуық дайын фильмнің бобинасы сақталған — көркем, деректі және жылнама ленталары. Сондай-ақ, сол фильмдерді қажет болған жағдайда қалпына келтіруге мүмкіндік беретін дәл сондай мөлшердегі негативтер де бар. Әр бобинаның ұзақтығы — 10 минут.
Светлана Юрьевна 2015 жылдан бастап киностудияда цифрлық түсіруге толық көшкенін атап өтті. Дәл осы кезден бастап фильмдерді сақтау да цифрлық форматта жүзеге асырыла бастады. Плёнкаға түсірілген соңғы фильм — Абай Құнанбаев жайлы картина. Светлана Юрьевна плёнка сақтаушыларының маңыздылығын ерекше атап өтеді:
«Плёнкалардан негатив те, позитив те, қалағанның бәрін де жасауға болады. Сондықтан, бұл Қазақстанның қазынасы деп айтсақ, артық айтқандық емес. Көптеген елдерде плёнкадан цифрлық тасымалдаушыларға көшті. Енді көптеген елдер фильмді сақтау үшін кем дегенде бір плёнкалық нұсқаны қайта енгізіп жатыр. Қазақстанда қалай боларын әзірге білмеймін, әңгіме көп... Бірақ 2015 жылдан кейін бізге сақтауға ешкім плёнканы тапсырған жоқ», — деді ол.


Плёнка материалдарын сақтау тәртібін дұрыс ұстанса, ол 300 жылға дейін сақталады.
Светлана Юрьевна плёнкалардың дұрыс сақталуы мен тазалану ережелерін түсіндірді:
«Тазарту бірнеше кезеңнен тұрады. Мысалы, монтаж үстелінде отырып, алдымен плёнканы спиртпен тазарту. Бұл өте қарапайым процесс. Содан кейін біз оны арнайы аппаратқа өткіземіз, ал аппарат оны ультрадыбыспен тазартады. Бұл процедураны үш жылда бір, кейде бес жылда бір рет міндетті түрде жасау керек. Яғни, алғашқы плёнкадан бастап тазалауды бастаған сәттен кейін, бүкіл қоймаларды ультрадыбыспен бір айналдырып шыққан соң, үш жылдан кейін қайта сол алғашқы плёнкаға ораламыз. Бірақ қайта қарағанда, кей жерлері тозып, сызаттар пайда болуы мүмкін».
Ұзақ сақталудың тағы бір маңызды шарты — температураны сақтау. Қыста кондиционерлер өшіріледі, ал ауа райы жылына бастаған сәттен бастап, барлық кондиционерлер тәулік бойы 17 градуста жұмыс істейді.
Дәл осы шағын ғимаратта фонотека да орналасқан. Фонотека сақтаушысы, музыканы қайта қалпына келтірумен айналысатын — Аққайша Баймұратова. Оның айтуынша, одан басқа музыканы реставрациялауды «Қазақфильмде» қазір ешкім білмейді.
«Бізде музыкалық редактор, композитор бар. Мен одан: «Монтаж, реставрация жасай аласың ба?» – деп сұрадым. Ол: «Жоқ, жасай алмаймын», – дейді. Бұл жерде бәрін мен өзім істеймін. Алдымен жұмысымды аяқтап аламын, содан кейін ғана демаламын. Аяғына дейін бітірмейінше, ешкімге сенбеймін, бәрін соңына дейін өзім жеткіземін. 1975 жылдан бері әлі күнге дейін осы салада жұмыс істеп келемін», – деді Аққайша Баймұратова.


Ол реставрация жұмысын 1981 жылы шығарылған ескі техникада істейді, алайда ешқандай оған наразылығы жоқ екенін айтты.
«Жақсы құрылғы. Чехословакияда ма, әлде Венгрияда жасалған ба? Нақты есімде жоқ. Бірақ жұмыс істеп тұр. Ауыстырудың не керегі бар?», – деді реставратор.
Ескі фильмдердің жаңа бояулары
Алтын қордағы фильмдерді цифрландыру және қалпына келтіру жобасы 2022 жылы бастау алды. Бұл – плёнкаға түсірілген фильмдерді қалпына келтіру жұмысы. Қайта келтіру жұмысына — плёнканы ластану, шаң, сызаттардан тазарту жатады.
«Мысалы, 1938 жылы түсірілген «Амангелді» фильмі – қалпына келтірілген алғашқы туынды. Бұл жұмыс шамамен үш ай уақытымызды алды. Себебі процесс өте күрделі және ұқыптылықты талап етеді. Бір маман орта есеппен 10 минуттық материалды өңдеуге кіріссе, оны тазалап, қалпына келтіру үшін кем дегенде екі ай кетуі мүмкін», – деді Айнұр Баймурзина.

Сонымен қатар, фильмдердің бастапқы дыбысы да қалпына келтіріліп жатыр. Ескі таспаға жазылған дыбыс сапасы уақыт өте келе бұзылып, шу көбейіп кетеді. Сол себепті арнайы дыбыс инженерлері дыбыс жолын сандық форматқа көшіріп, одан кейін қажетсіз шу мен бұзылған дыбыс фрагменттерін тазартуға кіріседі.
Көріп отырғаныңыздай қара шаңырақта костюмдерді, ескі мұраларды, архивтерді сақтау үшін табан ет, маңдай терін аямай қызмет еткен адамдар бар. Олар сөзсіз бір ұлттың мүддесі үшін шоқтығы биік мұра болып қала беретін кино деген құдіреттің қадірін сезініп, талмай еңбек етті. Алайда қазақ киносының алтын бесігі болған бұл киностудияға қатысты дау көп. Дегенмен жеке бастың мұраты, жеккөрініш, күндестік, бақастық секілді арамдыққа жол бермей, бірінші орынға қазақтың кино өнерін қойып, безбенмен қатар тартып қойғанда азаматтарымыз қашанда оң шешім қабылдауға тырысады деп үміттенеміз. Олай болмаған жағдайда «екі ортада бұл қара шаңырақтың келешегі қандай болмақ?» деген орынды сұрақ туады.
Бәріміздің санамызда сақталған көркем туындылар туған орда өз беделін көтеріп, жаңа дәуірге қадам баса ала ма? Ол уақыттың еншісінде.
Еске сала кетейік, Еуропада өткен халықаралық фестивальден жеңіспен оралған режиссерлерді киностудияға кіргізбей, «Қазақфильм» дау-дамайдың ортасында қалған еді. 26 ақпанда «Қазақфильм» киностудиясының алдында анимация саласының мамандары, режиссерлер жиналып, өз наразылықтарын айтқан еді. Олар қазақ анимациясын Астанаға ауыстыруға қарсы болып, кейбір қазақ режиссерлерінің киностудияға кіре алмағанын айтып, бейне үндеу түсірді. Киностудия басшылығы көп ақпаратты «бұрмаланған» деп, анимацияны Астанаға көшіру керісінше дамыту үшін жасалатын қадам екенін айтып, мәлімдеме жасады.
Orda.kz тілшісі жүлдемен оралған режиссер Елзат Ескендірге хабарласып, мән-жайды сұрастырған болатын. Халықаралық Азия кинофестивалінен үш бірдей жүлдемен оралған авторлық «Әбіл» фильмінің режиссері Елзат Ескендір «Қазақфильмдегі» тосқауылдар мен бөлінген ақша жайлы айтқан еді.
Жаңалықтар
- Қазақстанда 622 стоматологиялық ұйым тексеріліп жатыр
- «Қайрат» жастары «Олимпиакосты» 2:0 есебімен жеңді
- «Бір бала көз жұмды»: Астанада жасөспірім балалар арбасын өртеп жіберді
- Егіс алқабы бекітілген кестеден 1 гектар артық егілсе, енді оған су берілмейді
- Назарбаевтың бұрынғы көмекшісі 1,6 млрд үшін британ лордымен соттасып жатыр
- Дәурен Айдаркұлов екі әйелі бар екенін айтып, сынға қалды
- 2027 жылы елімізде жүргізушісіз жүк көліктері мен таксилер пайда болады
- Қостанайдағы айықтыру орталығында науқасты тепкен санитар 4 жылға сотталды
- «Ер адамның жыныс мүшесін ұстау сауап»: Азаматша медреседегі ұстаз жайлы сұмдық оқиғаны айтты
- «Пара алған»: Қытайда бұрынғы мемлекеттік компания басшысы өлім жазасына кесілді
- Түркістанда қомақты қаражат жымқырған бұрынғы бас дәрігер қолға түсті
- Алматы облысында жол апатынан төрт адам қаза тапты
- «Астанаға жаяу барамын»: Қаңтар құрбанының жесірін біреулер кері қайтарды
- Сот «Орда» редакциясының бас редакторын үйқамақтан шығарудан бас тартты
- Димаш Құдайберген БҰҰ-ның ізгілік елшісі болып тағайындалды
- Бомба жайлы хабардан соң, Алматыдағы MEGA-дан халық үдере сыртқа шықты
- «Whatsapp-тағы сөз енді заңды құжат»: депутат Мұрат Әбенов жаңа өзгерістер жайлы айтты
- Тоқаев келесі үш жылға арналған бюджет туралы заңды бекітті
- Түркістан облысында экс-келінін ұрған ер адам сотталды
- «Тура биде туған жоқ» немесе «көбелек эффекті»: журналистерді қамау қоғамды қалай құлдыратады?