Қанды Қаңтарда істі болған Тотыбаевтың Талғар маңындағы жасөспірім өліміне қандай қатысы бар?
Orda.kz тілшісі Талғар маңында орналасқан Еңбекшіқазақ ауданы Әймен ауылындағы 14 жасында кісі қолынан қаза тапқан Айболат Мұратханның оқиғасын жазған болатын. Мақала жарық көрген соң, артынша біз осы іске байланысты көптеген тың ақпараттар мен оқиғаның хронологиясын Айболаттың туыс ағасы, адвокат Талғат Нұрманнан білдік. Ең қызығы, бір қарағанда бұл еліміздегі кезекті жасөспірім өлімі болып көрінгенімен, зерттей келе артында тың мәліметтердің барын анықтадық. Атап айтар болсақ, қаңтар оқиғасы бойынша істі болып қазір қашқында жүрген бұрынғы полиция подполковнигі Болат Тотыбаевтың қандай қатысы барын зерделедік.
— Талғат біз бірінші шығарылымда Айболаттың ата-анасынан сұхбат алдық. Оқиғаның жай-жапсарын көпшілікке жеткіздік. Енді сіз әу баста оқиғаның басы-қасында болған туысы әрі заңгер ретінде (Талғат Нұрман Айболат ісі бойынша отбасының адвокаты емес — ред) бізге істің неге алға жылжымай жатқанын заң тұрғысында айтып берсеңіз.
— Айболат қайтыс болғалы 1 жыл 7 ай өтті. Осы уақыт аралығында іс сотқа өтіп, кінәлі адамдарға үкім шықпақ түгілі тергеу жүрмей жатыр. Қазіргі таңда іс ашық, бірақ, ешқандай алға жылжу жоқ. Дәлелдер бар, фактілер бар, барлық сараптама қорытындылары бар. Біз барған сайын, айтатын жауаптары бірдей, «тергеу жүріп жатыр, кедергі келтірмеңдер», — деп бізді шығарып салады.
— Айболат ауруханаға түскен күнге оралсақ.
— Менің жиенім 2023 жылы наурыздың 11-і күні түнде ауруханаға түсті. Ал 12-не анасымен бірге бала жатқан ГРЭС-тегі ауруханадан шыға салып арыз бердік. Арызды 106-баптың 2-бөлігі бойынша қабылдады. Бұл денсаулыққа ауыр зиян келтіру болып саналады. Сол күні арыз бергеннен кейін кешке Әймен мектебіне бардық, өйткені ол жерде мұғалімдер мен полиция қызметкерлері және оқиғаның басы-қасында болған Айболаттың достары болды. Олардан болған жағдайға қатысты түсініктеме алынды. Мектепте барлығы Жандостың ұрғанын айтып жатты. Жандос деген бала осы ауылдың тұрғыны әрі осы Айболаттың отбасына алыс туыс болып келеді. Ол кезде ол 18-де болды, студент. Мен оны ести салысымен Жандостың әкесіне хабарластым, олар мектепке келді. Мен Жандостан «Айболатты ұрған сен бе деп сұрадым. Ол, иә, мен ұрдым», — деп жауап берді. Сол жерде анықталғандай, олар Айболат пен достарын шақырып алған Жандостың қасында тағы өзі секілді мектеп бітірген 18 жасқа толған тағы 4 бала болғандығы барлығы мектепте айтылды. Неге ұрдың деп сұрағанда, Жандос маған «Айболат темекі шегеді екен, тәрбие ретінде мен оны бір рет ұрдым» деп мойындады. Мен оған бір рет ұрғаннан адам жансақтау бөлмесіне түспейтіндігін айттым. Артынша мәлім болғандай қасындағы 4 бала да бір-бір реттен Айболатты ұрып шыққан. Сол жерде полиция қызметкерлері болды, Жандос және басқа жігіттер қай жерінен неше рет не үшін ұрғанына қатысты түсініктеме жазып берді.
— Ауруханаға Айболат түскен кезде қандай диагноз қойды?
— Басында ол үйде асқазаны ауырып жатқанын айтып, құса бастағанда соқыршек деп ойлады ата-анасы. Бірақ ауруханаға барған кезде дәрігерлер соқыршек еместігін айтты, асқазанның ішек жолдарында үлкен ісінулер бар екендігі анықталды. Алған соққыдан ішегі сары суға толып кеткендіктен жүректен басқа ішкі органдар істен шығып жатты. Оның жансақтау бөлмесінде жүрегі 5 рет тоқтады. Нақтырақ айтар болсақ, 13 наурыз 2 рет, 14 наурыз 2 рет тоқтап, 5-ші рет тоқтағанда кешкі 17:30 да көз жұмды.
— Мәйітке сараптама жасауда қандай да бір заңбұзушылықтарды байқадыңыз ба?
— Сол күні кеште мәйітханаға апардық. Ертесіне түске таман мәйітке сараптама жасалды. Сот медициналық сарапшы ретінде, Бауыржан Құраметов, Иванова, және Еңбекшіқазақ аудандық ішкі істер бөлімі басшысының міндетін атқарушы полиция подполковнигі Болат Тотыбаев кірді. Негізінде, мәйітке сараптаманы бір ғана сот медициналық сарапшы жасайды. Мында 3-уі бірдей әсіресе полиция басқарамасының басшысы қосақтасып кіргені мені таңқалдырды. Мен де кірейін дегенде «Інішек, бізге кедергі келтірмей, баршы», — деді. Шыққан соң, бізге баланың ағзасында ешқандай, жарақаттар мен гематомалар жоқ екендігін, бала өзінің ауруынан қайтыс болғандығын айтты. Олардың бұл сөздері ауруханадағы дәрігерлер айтқан диагнозбен қарама-қайшы еді. Мен мәйітті алған кезде оның дене жарақаттарын өз көзімен көрдім. Мен оларға айтқан сөздері мен сараптамаларына сенбейтіндігімді сол жерде айттым.
— Айболатты жерлеген соң, іс ары қарай қалай өрбіді?
— Баланы жерледік, жетісі мен қырқы өтті, іс еш жүрмеді. Мен жерлеуден кейін-ақ тергеушіге барып не болып жатқанын сұрадым. Ол маған істі зерттеп жатырмыз деді, мен одан неге әлі күнге күдіктілер тайраңдап жүргенін сұрадым. Ол маған «іс жүруде, кедергі жасамыңыз» деді.
Содан бұл жерде мардымды ештеңе анықталмаған соң біз жергілікті органдарға, яғни жергілікті прокуратура мен полицияның әрекетсіздігі туралы шағым жазып, облысқа жібердік. Олар облыстан «барлығы заң шеңберінде» жүріп жатыр деп жауап берді. Егер келіспесеңіз, шағымдана аласыз деп қысқа қайырып отырды. Бұған дейін де бізге бірнеше рет осылай жауап берген болатын. Содан біз ары қарай ішкі істер министрлігіне және Бас прокуратураға шағымдандық. Бірақ, Бас прокуратура тексерудің орнына облысқа қайта жібереді. Президент әкімшілігіне жазамыз, олар бас прокуратура мен ішкі істер министірлігіне қайта жібереді. Яғни, біз аудандық құқық қорғау органдарының әрекетсіздігіне шағымданамыз, ал олар облысқа қайта жібереді, облыс ауданға, ал аудан «іс жүргізіліп жатыр» деп сол баяғы жауыр болған жауабын береді. Соңғы 1,5 жыл бойы көрген күніміз осы. Арлы-берлі бір-біріне сілтеп отыра береді.
— Талғат, марқұмға жасалған сот медициналық сараптама қортындысында не деп жазылған, эксгумация не үшін қажет болды?
— Бала қайтыс болғанда сот медициналық сарапшысы Бауыржан Құраметов бала 5-6 ай бұрын алған жарақатынан қайтыс болды деген қорытынды берді. Бірақ, Айболат наурыздың басында жанбасындағы ауырсынуға байланысты ауруханаға жатуы керек еді. Сол үшін, ол бастан-аяқ медициналық тексеруден өткен болатын. Сол кезде оған ешқандай еш жерінде ауру-сырқатының жоқ екені жайлы анықтама берілген. Біз денсаулық сақтау министірлігіне дәрігерлердің әрекетін тексеруге арыз жаздық. Содан ГРЭС-те Еңбекшіқазақ орталық аудандық ауруханасында тексеріс болды. Дәрігерлердің әрекетінен ешқандай заңбұзушылықтар мен қателіктер жоқ екендігі ауруханаға түскен кездегі диагнозы дұрыс қойылғандығы анықталды. Сонымен қатар, Біз сол кездегі сот медециналық сараптамасының іс-әрекетін тексеруге арыз бердік. Тексерістең соң сарапшылардың әрекетінен көптеген заңбұзушылықтар анықталды. Ол қорытындыдалардың барлығы біздің қолымызда бар.
Енді сол қорытынды бойынша полиция күдіктілерді қамауға алу керек еді. Ал тергеу болса, бізге ол сараптама қорытындысына сенбейтіндігін айтып эксгумация жасау керектігін жеткізді. Содан біз 2024 жылдың ақпан айында эксгумация жасаттық ол жерде тіпті бұрын табылмаған ішектің жарылуы мен бастағы жарақаттарды да анықтап берді. Содан бері 8 ай өтті іс әлі тұр.
— Талғат, істің жылжымай жатқанына қатысты басқа күдіктеріңіз бар ма?
— Эксгумация жасардың алдында алдында тергеуші істі жабамыз деп те айтқан болатын. Неге деп хабарласқанда қылмыс құрамы жоқ, бала өз ауруынан қайтыс болды деген сылтаумен істі тоқатамыз деді. Біз прокуратураға шағым түсірген соң олар 106-баптың 3-бөлігінен істі 317- баптың 3- бөлігіне, яғни дәрігерлердің қателігіне ауыстырмақшы болды. Соңғы рет мен тергеушімен сөйлескенде маған күдікті тараптың қорғаушысы тағы да дәрігерлер әрекетін тексеруді сұрап отырғанын жеткізді. Енді тергеуші 317-бап бойынша тексеріс жүргізетін маман таппай отырғанын сылтау қылып отыр. Оны маған осы жылдың мамыр айында айтқан болатын. Ал ол мамандардың бар-жоғын мен де анықтадым. Ондай маман жеткілікті, бұл тек сылтау мен істі тоқтатудың ғана амалы. Тергеу қазір еш жылжымады. Біз барлық жерге шағымданып жатырмыз. Тіпті қайда барып, кімге шағымданарымызды да білмейміз. Өйткені жоғарыда айтқанымдай барлығы бір-біріне сілтеп отыр. Ал басты күдікті Жандос пен тағы Айболатты ұрған 4 жігіт осы ауылда көз алдымызда талтаңдап жүр.
Болат Тотыбаевтың есімі қаңтар оқиғасына қатысты ҚК 361-бабы бойынша қызметтік лауазымын асыра пайдалану фактісімен істі болған экс-министр Ерлан Тұрғамбетовпен бірге аталған болатын. Ақпарат көздерінде соңғы қызмет орны Алматы облысы Қарасай ауданы полиция департаментінің басшысы ретінде көрсетілгенмен 2022 жылдың қараша айы мен 2023 жылдың 29 наурызына дейін Еңбекшіқазақ ауданы полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы қызметінде болған. Ал Айболат Мұхтархан 14 наурызда мәйітханаға жеткізілгенің келесі күнінде мәйітке сот медициналық сараптама жасаған Иванова мен Құраметовке қосылып осы полиция басқармасының басшысы Болат Тотыбаев кіргенін тағы естеріңізге саламыз. Тотыбаев қаңтар оқиғасына қатысты тергеудің екінші толқыны басталып, өзіне іс қозғалған сәтте елден қашып кетті. Болат Тотыбаевтың қазір қай жақта жүргені белгісіз, алдын ала болжам бойынша Қазақстан аумағында емес.
Orda.kz Айболат Мұратханға қатысты осымен екі материал шығарды. Оқиғаның егжей-тегжейін анықтадық. Тек іске қатысты құжаттарды көрсете алмаймыз, өйткені Айболаттың ата-анасы тергеу материалдарын жарияламау туралы қолхат жазып берген. Енді, осы орайда өзінен-өзі еріксіз туындайтын заңды сұрақ бар. Сонда, біздің елде жасөспірімнің өлімінде барлық дәлел мен дәйек қолда бола тұра жазықтыны абақтыға отырғызу Шерзат Полаттың өлімі сияқты резонансты керек ете ме?
Жаңалықтар
- Қызылордада 16 жасар қызды жөзекшелікке мәжбүрлегендер жазадан құтылуы мүмкін
- Мейіржан Төребаев жазасын өтеуді Алматыда жалғастырады
- Қонаев қалалық сотының төрағасы 4 жылға сотталды
- Спорттағы жемқорлық үшін жаза күшейтілді
- Маңғыстау облысында онкологиялық науқастарға тиісті жәрдемақы берілмеген
- Ақтауда алай–дүлей дауыл: Зардап шеккендер бар
- Қазақстанда 17 мыңнан аса адам банкрот деп танылды
- Хасан Қасымбаев екі айға қамауға алынды
- Қазақстанда тұрғын үй салу үшін жер беру талаптары өзгереді
- Министрлік пен БАҚ: соттағы үлкен тартыс
- Енді дәрігерлердің қателігі үшін науқасқа ақы төленеді
- Иман Хелифтің ер адам екенін дәлелдейтін құжаттар табылды
- «Алматы бас жоспары» бас директорының орынбасары сотталды
- Жер сілкінісі: Талғардағы мектептерде сабақ тоқтатылды
- Алматыда жер сілкінісі кезінде дабыл жүйесі неге қосылмады?
- «Жауын-шашын кесірінен»: Қостанайлық шаруалар несиелерін өтей алмай отыр
- Оралдың қақ ортасында жаппай төбелес болды
- СҚО-да балалар суицидке итермелейтін ойын ойнаған
- Алматыда жер сілкінді
- Декларация тапсырмағандардың шоттары бұғатталады