Иран АҚШ-тың қарулы соғысына «логистикалық соғыспен» жауап беріп, стратегиялық тығырыққа тіреді

cover Фото: Шетелдік БАҚ-тардан

Исламабадтағы үлкен үміт артылған 21 сағаттан астам уақытқа созылған келіссөз сәтсіз аяқталды. Тараптар ортақ келісімге келе алмады, Тегеран қарсы тарапты шектен тыс талап қойды деп айыптады. АҚШ өкілдері болса біздің талаптарымыз ескерілмеді деп ренжіді. 

 Orda.kz тілшісі осыдан кейін болған оқиғаларды саралап көрді. 

Сонымен сәтсіз аяқталған келіссөз нәтижесінде Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасын қалпына келтіру тұрмақ, одан да жеңіл ұсыныстарға қол жеткізу мүмкін болмады. Дәл осы «теңіз күретамыры» арқылы Парсы шығанағы елдерінің мұнайының едәуір бөлігі экспортталады. Бұғаздың жабылуы әлемдік экономикаға әсер етіп, Таяу Шығыс жағдайы әлі де тұрақсыз қалыпта қалып отыр. 

Ең бастысы — АҚШ-тың Иранның бұл стратегиясына қалай қарсы тұру керектігі жөнінде нақты жоспары да жоқ. Таңертең айтқан сөзінен түске жетпей тайқып шыға келетін Трамптың сөздері жұрттың бәрін жалықтырып жібергені де рас.

Дональд Трапм стратегиялық шешім қабылдаудың орнына күнде неше түрлі қоқан-лоққымен ғана шектеліп отыр. Бүгін кешке ол тағы да АҚШ Иран порттарын бұғаттайды,  жақындаған кемелерді жояды деп қорқытты, алайда Иран қатаң жауапқа дайын екенін бұған дейін мәлімдеп қойған.

АҚШ Пәкістандағы бейбіт келіссөздер сәтсіз аяқталғаннан кейін Иран порттарына әскери блокада енгізді. Дональд Трамп АҚШ блокадаға жақындаған кез келген ирандық соққы беруші кемелерді суға батыратынын мәлімдеді. Ал Иран тарапы АҚШ әскери-теңіз күштерінің кемелерін жоюға уәде берді. 

  

Truth Social әлеуметтік желісінде Дональд Трамп АҚШ бұған дейін Иранның барлық «жоғары жылдамдықтағы соққы беруші кемелерін» жоймағанын, себебі оларды айтарлықтай қауіп деп есептемегенін айтты.

«Ескерту: егер осы кемелердің кез келгені біздің блокадаға жақындаса, ол бірден жойылады. Біз теңіздегі есірткі тасымалдаушыларға қарсы қолданатын жою жүйесін пайдаланамыз. Бұл — жылдам әрі қатал. P.S. Теңіз немесе мұхит арқылы АҚШ-қа жеткізілетін есірткінің 98,2%-ы тоқтатылды» деп жазды Трамп. 

Иранның қорғаныс министрі міндетін атқарушы елдің «кез келген сценарийге» дайын екенін айтып, оған қарсы жасалған кез келген агрессия «қатаң әрі шешімді жауапқа» әкелетінін ескертті.

Бригадалық генерал Маджид Ибн Реза Иран қарулы күштері толық жауынгерлік дайындық жағдайында екенін мәлімдеді.

Иранның сыртқы саясат және ұлттық қауіпсіздік комитетінің мүшесі Алаэддин Боруджерди АҚШ-қа ескерту жасап, иран порттарын бұғаттауға әрекет ететін кез келген әскери-теңіз күштері кемелері суға батырылатынын айтты.

Бұған дейін АҚШ Қарулы күштерінің Орталық қолбасшылығы 13 сәуір күні Шығыс жағалау уақытымен сағат 10:00-де (Қазақстан уақытымен 19:00-де) Иран порттарына кіретін және шығатын барлық кемелерге, сондай-ақ жағалау аймақтарына блокада бастайтынын мәлімдеген. Қолбасшылықтың айтуынша, бұл шара Парсы шығанағы мен Оман шығанағы аймағындағы барлық иран порттарына кіріп-шығатын кез келген ел кемелеріне қатысты бірдей қолданылады.

Дегемен Иранның «танкер соғысы» бойынша тәжірибесі бұрыннан бар. Иран мен Ирак арасындағы қақтығыс кезінде ирандық әскери-теңіз күштері Парсы шығанағы елдерінің танкерлерін нысанаға алған. Бұған жауап ретінде АҚШ Кувейт танкерлері Ормуз бұғазы арқылы «Америка туын тағып алып» америкалық әскери-теңіз күштерінің қолдауымен «салтанатты түрде»  өтетінін жариялаған еді. Бұл жолы Вашингтон мұндай батыл қадамдарға бармай отыр, ал Тегеран бұдан өзіндік қорытынды шығарып та қойды. Оның үстіне, бұғаздың жабылуын АҚШ өзі үшін күтпеген жағдай ретінде көрсетуде.

  

Иран бұл бұғазды жабу сценарийін бірнеше рет жаттығулар мен маневрлерде пысықтаған. Ормуз бұғазының әлемдік экономика үшін маңызын ескерсек, АҚШ Иранға зымырандық және әуе соққыларын жасамас бұрын, қарсы әрекет тактикасын алдын ала дайындауы тиіс еді. Егер тікелей бұғазда оқу-жаттығу өткізу қиын болса, кем дегенде штабтық жаттығулар жүргізуге болатын еді. Алайда, мұндай әрекеттер жасалмаған тәрізді. Қазіргі таңда Вашингтон жағдайға жедел әрі дайындықсыз әрекет етуде.

Осының бәрін көрмей отырғандай Дональд Трамп бүгін кешке өзінің парақшасында: 

«Кеше Ормуз бұғазынан 34 кеме өтті, бұл күлкілі жабылудан бергі ең үлкен көрсеткіш» деп жазып тағы да айды аспанға шығарды. 

Негізінен АҚШ алғашқы зымыран соққыларынан кейін-ақ Ирандағы билік әлсірейді деген сенімде болған. Бұғазды жабу сценарийі елеулі түрде қарастырылмаған. Ал Иран болса, жылдар бойы дайындалған жоспарын жүзеге асырып, АҚШ-ты тығырыққа тіреді және сонымен қатар Вашингтонның еуропалық одақтастарымен қарым-қатынасына да елеулі қиындықтар туғызды. Негізінде бұл мәселелер бұрыннан бар еді, бірақ Ормуз бұғазы мәселесінде Еуропаның АҚШ-ты қолдаудан бас тартқаны жағдайды одан әрі ушықтырды.

Тегеранның йемендік хуситтер сияқты «прокси» күштері бар. Олар қақтығыс басталғалы бері тағы бір маңызды теңіз жолы — Баб-эль-Мандеб бұғазын да жаба алатындарын ашық меңзеп келеді. Яғни Қызыл теңізден Үнді мұхитына шығатын жолды бұғаттау қаупі де бар. Әрине, балама ретінде солтүстікке қарай Суэц каналы арқылы өтуге болады. Алайда бұл бағытпен Азиядағы мұнай сатып алушыларға жету өте қиын әрі тиімсіз.

Осылайша, Иран тек географиялық және логистикалық артықшылықтарын пайдаланып қана қоймай, іс жүзінде АҚШ-қа қарсы «логистикалық соғыста» басымдыққа ие болып отыр. Ал Вашингтон әзірге бұл тактикаға нақты жауап таба алмады. Нәтижесінде, Иранмен нақты келіссөз жүргізуден басқа амал қалмады, не әлдеқайда ауқымды әскери операцияға бару керек. Бірақ оған АҚШ-тың моральдық әрі саяси тұрғыда дайын еместігі байқалады. Тегеран өз артықшылығын сезініп, қысымды күшейтуге дайын отыр.

Тақырыпқа қатысты ұсынамыз:



Жаңалықтар

барлық жаңалықтар