ІІМ алаяқтардың айласына түскен журналист Кәкен Қамзин туралы түсініктеме берді

cover

Белгілі журналист, профессор Кәкен Қамзин Алматыда интернет-алаяқтардың арбауына түсіп, жалғыз пәтерінен айырылуы мүмкін. Қазір бұл іске қатысты қылмыстық тергеу жүріп жатыр, деп хабарлайды Orda.kz.

Ішкі істер министрлігінің киберқылмыспен күрес департаментінің басшысы Жандос Сүйінбай іске қатысты деректермен бөлісті.

«Қазіргі таңда күдіктіні анықтауға бағытталған жедел-тергеу шаралары жүріп жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат әзірге жария етілмейді. Бұл азаматтың баспанасы – өз атына тіркелген жылжымайтын мүлік. Менің ойымша, ол баспанасыз қалмайды. Алаяқтық дерегіне құқықтық баға беріледі», – деді ІІМ өкілі Жандос Сүйінбай.

Профессор Кәкен Қамзиннің үйінің ақшасын алаяқтар шетелге аударылған.

«Қазір заңға сәйкес ашып ештеңе айта алмаймын. Бұл қылмыс бойынша біз тергеу амалдарын жүргізіп жатырмыз. Мұндай қылмыстардың қайдан және қалай жасалып жатқанын білеміз. Қазір қылмыскерлердің ақшаны қалай алғаны туралы, қалай шетелге транзакциялармен кеткен туралы тексеріс жүргізіліп жатыр», – деді ІІМ өкілі.

Полиция өкілі тергеу амалдары аяқталғанша, үйге қатысты қандай да бір шаралар қолдануға тыйым салынатынын хабарлады.

Пәтерді сатып алған адамдардың да бұл іске қатысы тексерілуде. Сүйінбайдың айтуынша, тексеру нәтижесінде олардың бұл жағдайға қандай да бір қатысы бары немесе жоғы анықталады.

«Тексеру аяқталған соң, құқықтық тұрғыда нақты шешім қабылданады», – деді ол.

Еске салсақ, белгілі журналист, профессор Кәкен Қамзин жәбірленуші ретінде тіркелген қылмыстық іс қозғалды. Оны белгісіз біреулер алдап, үйін сатып, ақшасын үшінші тұлғаларға беруіне себепші болған.

Алаяқтар профессорға алдымен коммуналдық қызмет өкілдері ретінде хабарласып, оның жеке деректерін алған. Кейін өздерін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері ретінде таныстырып, үй мүлкіне қауіп төніп тұрғанын алға тартып, шұғыл түрде жылжымайтын мүлікті сатуға көндірген.

Алаяқтар ақшаны «Ұлттық банктің арнайы шотына аудару керек» деген желеумен Қамзинді нотариус арқылы пәтерін сатқызып, қолма-қол қаражатты курьерге табыстатқан.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар