«Хасанға түрмеде телефон берді»: адвокаттар жәбірленушінің бұрын істі болғанын алға тартты

cover Фото: Orda.kz

14 қазанда Алматы облысы Талғар қаласында Хасан Қасымбаевқа және тағы басқа айыпталушыларға қатысты сот отырысы өтті. Кезекті сот отырысында Хасан Қасымбаев жауап берді. Ол Шерзаттың ісіндегі айыпталушыларды және осы істегі жәбірленуші Тәжиевті танымайтынын ашық айтты. Екінші жәбірленуші Арман Әлімовті ұрып-соқты деген айыпты Хасан жоққа шығарды. Адвокаттар жәбірленушінің бұрынғы қылмысын алға тартты. Ал прокурор бұрынғы оқиғаның бұл іске қатысы жоқ екенін атап өтті. 

Orda.kz тілшісі сотқа тікелей қатысып, ақпарат таратып отыр.

Сот кезінде куәгер Әбдіразақов Гуламдин Ниязұлы жәбірленуші Тәжиевті атышулы алаяқ деп атады. Қорғаушы Мендешов Тәжиевтің қылмысына назар аудартпақ болды. Осы кезде прокурор мұның іске қатысы жоқ екенін айтып, мән бермеуін өтінді. Ал қорғаушы прокурорды қылмысты жасырып отыр деп айыптады. Хасан қолын көтеріп, өз пікірін айтпақ болған кезде судья мән бермеді. Бұған Хасан ашуланып наразылығын білдірді. 

Хасан Қасымбаев Тәжиевке қатысты эпизод бойынша жауап бергенде оны танымайтынын мәлімдеді. Сонымен қатар, «Тәжиевтен дәріхананың жұмысын жүргізу үшін ақша бопсалады» деген айыпты да жоққа шығарды. Шерзат Полаттың қазасынан соң бір аптадан кейін Хасан Қасымбаев полиция бөлімшесіне шақырылған. Бұл туралы Х. Қасымбаев сотта берген жауабында айтты. 

Одан тергеушілер: «Шерзат Полаттың өліміне күдікті деп танылған сотталушыларды танисыз ба? Бұл іске қатысыңыз бар ма?» деп сұрады. Хасан Қасымбаев оларды танымайтынын, еш қатысы жоқ екенін айтып жауап қатты.

Адвокат М. Ержанов: Сізге Қаржаубай Нұрымов пен Арман Әлімов екеуінің арасында достық қарым-қатынас бары немесе жақын араласқаны туралы мән-жайлар белгілі ме?

Х.Қасымбаев: Ол жағы белгісіз. 

Адвокат М. Ержанов: Сізге Арман Әлімовтың марқұм Шерзат Полаттың бапкері болғаны белгілі ме?

Х. Қасымбаев: Ол жайында тек естуім бар.

Адвокат М. Ержанов: Қылмыстық топ деп резонанс жасап жүрген А. Әлімов жайында не айта аласыз? Арман Әлімов есірткі заттарын тасымалдаумен айналысқанынан хабардар болдыңыз ба?

«2021 жылы осы оқиға болғанда әлеуметтік желіде бейнежазбасы тарады. Талғар кішкентай қала болған соң, оны не себепті ұрған екен деген сұрақ туындаған. Есірткі сатады екен. Сол себепті оны ұрып кетіпті деп айтылып жатты. Мен сол кезде: «жастарды улап жатыр ғой, дұрыс болған екен» деп айтқанмын. Сол сөзімді естіп қалғандар бар шығар», — деді Хасан Қасымбаев.

Хасан Қасымбаевтың айтуынша, тергеу изоляторында отырған кезде телефон және дауыс тыңдайтын құрылғыларды тауып алған. Адвокат бір ақпарат алуға тырысқан тергеушілер әдейі беруі мүмкін екенін айтты.

«Ұялы телефонды Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының (УБОП) қызметкерлері беруі мүмкін. Бір рет шелпекке орап беріпті, Хасанды сол телефонмен сөйлессе, осы арқылы дәлелдер алуға тырысқан. Камераға да басқа бір адамды отырғызған. Ол адам Хасанның, қалай айтсақ екен, жүрегіне жол тауып, одан ақпарат алуды мақсат еткен. Бұл жағдай Алматыдағы тергеу изоляторында да болған. Оған тағы да бір телефон берген. Қайдан келгенін және кім бергенін өзі білмейді. Ол телефонды өзі пайдаланбай, оны басқа тұтқындарға беріп, олардан үйіне телефон шалуды өтінген. Полиция департаменті осы істің барлық анықтау шараларын жүргізіп, Қасымбаевты кінәлі деп табатын дәлелдер жинауға тырысты. Бұл жағдайда Тәжиев пен Әлімовтің ісі бойынша да ешқандай нәтижеге қол жеткізе алмады. Тіпті осы жасырын тергеу әрекеттері, тыңдау мен адам енгізу әдістері де еш нәтиже бермеді. Қазіргі таңда тек Тәжиевтің және Әлімовтің куәліктері ғана дәлел ретінде қарастырылады. Басқа ешқандай куәгерлер немесе қосымша айғақтар, телефон байланыс мәліметтері істің материалдарына қосылмаған», — деді қорғаушы Мендешов. 

Қорғаушы Ерлан Мендешовтың айтуынша, Қасымбаев сотқа Шерзаттың өлімінен кейінгі оқиғаларды түсіндірді. Оның айтуынша, бірнеше күннен кейін, мүмкін бір аптадан да ертерек, Талғар қаласына келген бас прокуратура қызметкерлері оны шақыртқан. Сондай-ақ оны Ұйымдасқан қылмысқа қарсы басқарма қызметкерлері де шақырып, телефондарын тексеріп, Шерзаттың өліміне қатысы бар-жоғын анықтауға тырысқан. Егер Хасанның телефон қоңырауларында немесе басқа қандай да бір деректерде, тіпті болар-болмас белгілері болса, ол осы іске тартылар еді. Яғни, ол кезде, қылмыстық іс тіркелмей тұрып, ол тексерілді.

«Осыдан кейін, Хасан бүгінгі күнге дейін өзіне қатысты қылмыстық іске қатысты барлық мәліметтерді білгенін айтты. Ол, 7 қазан күні Қаржаубайдың өзіне қатысты сөз қозғағанын және «Хасан Қасымбаев осы қылмысқа қатысы бар» дегенін естіген. Сонымен қатар, 7 қазанда осы оқиғаға қатысты Әлімовтің анасы да сөз сөйлегенін айтып өтті. Хасанды және оның ағасы Асланды Бас прокуратура мен полиция қызметкерлері сол кезде шақыртып, олардың қатысын тексеруді бастаған. Ал 15 қазанда Алматы облысы полиция департаменті Тәжиевтің арызы бойынша тоқтатылған қылмыстық істі сұратқан. Бұл істі не үшін сұратқанын нақты айту қиын, бірақ Қасымбаевқа қатысты қылмыстық іс Бас прокуратурада тек 24 қазан күні ғана тіркелген, яғни Тәжиев ісі сұратылғаннан кейін бір апта өткен соң», — деді Мендешов. 

Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылдың 2 қарашасында Хасан Қасымбаев уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ол 2021 жылы ережесіз жекпе-жектен жаттықтырушы Арман Әлімовтің денсаулығына қасақана ауыр зиян келтірді және ұрлады деген күдікке ілінген. Сонымен қатар оған 2016 жылы Аюпжан Тәжиевке қатысты оқиға бойынша айып тағылған. 

Іс бойынша Х. Қасымбаевтан басқа тағы 5 адам айыпталған. Олар: Руслан Әлиев, Мадияр Қалымжанов, Сайлау Ақтанов, Нұрмұхаммет Сұлтанбеков, Данияр Асқаров.

Айта кету керек, 13 қазанда өткен сот отырысында айыпталушылар: Руслан Әлиев пен Сайлау Ақтанов жауап берген еді. Олар жәбірленуші Әлімовпен болған жанжалды «еркектер арасындағы дау» деп, адам ұрлады деген айыпты жоққа шығарды.

Бүгін де сот отырысында айыпталушылар жауап беріп жатыр. Orda.kz тілшісі сотқа қатысып, тікелей ақпарат таратады.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар