Хасан Қасымбаевтың соты: Істегі 20 парақ жоғалып кетті

cover Фото: Orda.kz

6 қазан Алматы облысы Талғар қаласында Хасан Қасымбаевқа және тағы басқа айыпталушыларға қатысты сот отырысы өтіп жатыр. 2016 жылы жәбірленуші Тәжиевтің ісін тергеген тергеуші сот алдында жауап берді. Бұл туралы Хасанның жұбайы – Зүлфия Хасанова айтты. Ол іс материалдарының шынайылығына күмән келтірді, деп хабарлайды Orda.kz.

Жоғалған жиырма парақ және айыпталушы тараптың уәжі

Сотта 6 айыпталушы және 2 жәбірленуші бар. Бүгінгі сотта Хасан Қасымбаев пен Тәжиевті сот беттестірді. Судья бұған дейін жәбірленушінің соттағы жауабы көпшілікке жарияланбайды деп шешім қабылдады. 

Бүгін сот отырысында 2016 жылы жәбірленуші Тәжиевтің ісін тергеген тергеуші жауап берді.

«Тергеуші айтты: «2024 жылы оны осы іспен қайта танысуға шақырған кезде, құжаттар тізімі жазылған бет орыс тілінде толтырылғанын байқаған. Ал ол істің барлығын тек қазақ тілінде жүргізген. Сондай-ақ, сол беттегі қолтаңба өзінікі емес екенін растады», — деді Хасанова.

Оның айтуынша, тергеуші істі мұрағатқа тапсырған кезде барлық құжаттар талапқа сай тігілген және толық рәсімделген, тек қазақ тілінде болған.

«Ол айтты: «істі прокуратураға өткізгенде бәрі ретімен болған. Бірақ 2024 жылы мұрағаттан іс қайта алынғанда, құжаттар тізімі орыс тілінде толтырылған болып шыққан, ал қол бөтен», — деді Хасанның жұбайы.

Бұдан бөлек, істе шамамен жиырма бет жетіспейтіні анықталды. Бұл туралы қорғаушылар тарапы судьяға мәлімдегенімен, Хасанованың айтуынша, судья өтінішті тағы да қабылдамаған.

«Бүгін осының бәрін тіркеп, судьяға қайтадан қарсылық білдірдік. Біз тек істің әділ және ашық қаралғанын қалаймыз», — деді ол.

Адвокат Мендешов: «Хасан ісі бойынша сот процесінде өрескел заңбұзушылықтар болды» дейді.

Басты сот отырысының басында судья Түкібаева істі офлайн режимде қарау туралы шешім қабылдады. Адвокат Мендешовтің айтуынша, бұл шешім қылмыстық-процестік кодекстің онлайн-жауап алуды жүргізу тәртібін реттейтін баптарына қайшы келеді.

«ҚПК-нің 369 және 370-баптарына сәйкес, жәбірленушілер мен куәгерлердің бейне-жауап алу тек олардың тұратын немесе жүрген жеріндегі сотта жүргізілуі тиіс. Алайда біздің жағдайда олар қала ішінде көлікте отырып немесе басқа орындардан қосылған. Бұған қоса, сотқа келе алмайтынын растайтын ешқандай құжат ұсынған жоқ», — деді Меңдешев.

Адвокат судья Түкібаеваға қарсылық білдіріп, оның «көптеген заң бұзушылықтарға жол бергенін» айтты. Оның сөзінше, судья журналистерді залдан шығарып жіберген, бұл сот процесінің ашық өту қағидасын бұзу.

«Судья қанағаттандырылған немесе қанағаттандырылмаған өтініштер бойынша үш тәуліктің ішінде қаулы шығарып, оны тараптарға табыстауы тиіс. Бірақ бізге бірде-бір қаулы берілген жоқ. Бұл — ҚПК-нің тікелей бұзылуы», — деп атап өтті адвокат.

Сараптамалардағы қайшылықтар

Мендешовтің айтуынша, айыптаудың негізгі дәлелі саналатын сараптама толық емес әрі бір-біріне қайшы келеді. Қосымша сараптама жүргізген Ерсенбетов есімді сарапшы сотта бастапқы 2021 жылы Талғар ауданында жасалған сараптамамен таныспағанын мойындаған.

«Қосымша сараптама барлық алдыңғы сараптамаларды ескере отырып жүргізілуі тиіс, бірақ тергеу органдары оларды ұсынбаған. Әділет министрлігі де мұның заң бұзушылық екенін растады», — деді Мендешов.

Адвокаттың айтуынша, жәбірленуші Әлімовке келген денсаулық зияны да дұрыс бағаланбаған. 2025 жылғы жаңа әдістемеге сәйкес, ауыр зиян 33 пайыздан жоғары жағдайда ғана анықталады, ал Әлімовтің көрсеткіші — 30 пайыз, яғни орташа ауырлықтағы жарақат. Бұдан бөлек, ол оның көру қабілетінің төмендегені медициналық құжаттармен расталмағанын да айтты.

Адвокаттың айтуынша, істегі рентген және компьютерлік томография материалдары жоқ болғанымен, сарапшы олардың негізінде қорытынды жасағанын жазған.

«Сарапшы рентген зерттелді деп жазған, бірақ медициналық құжаттарда оның жүргізілмегені көрсетілген. Бұл — ойдан шығарылған тұжырым. Тағы бір сарапшының қорытындысы бойынша, Әлімовтің тек бір қабырғасы сынған, ал қосымша сараптама екі қабырға деп көрсеткен. Бұл қайшылықтың себебін сарапшы түсіндіре алмады», — деді ол.

Меңдешев қазіргі уақытта іс бойынша бұқаралық ақпарат құралдарының назары азайғанын атап өтті. Оның пікірінше, ашық сот процесі қоғамға заң бұзушылықтардың нақты ауқымын көрсетуі тиіс еді.

«Егер Қасымбаев ісі Бишімбаев пен Шерзат істері сияқты онлайн көрсетілсе, қоғам мен заңгерлер тергеу мен сот тыңдауларының қалай өтіп жатқанын көріп, шошыр еді. Сот бейтарап болуы тиіс, бірақ біз судьяның белгілі бір мүддеге ыңғай бергенін көріп отырмыз», — деді адвокат.

Оның пікірінше, мұндай заң бұзушылықтармен іс прокурорға қайтарылуы немесе дәлелдемелердің заңсыз жиналғанына байланысты тоқтатылуы тиіс.

Айта кетерлік жайт, «тілшілеріміз сотқа қатысып жүр» деген аты ғана. Сот кезінде үзіліс жариялана салысымен тілшілер ақпарат алу мақсатында қорғаушыларға жүгіреді. Себебі тілшілер отырған кабинетте онлайн эфир жүріп жатыр және ол естілмейді. Қазіргі таңда тілшілер Хасанның қорғаушыларынан алған ақпаратты таратуға мәжбүр болып отыр.

Жәбірленуші тараптың уәжі

Айта кетейік, қазір тілшілерге айыпталушы тарап белсенді түрде сұхбат беріп жатыр. Ал жәбірленуші тараптың белсенділігі саябырлады. Біз бұған дейін іс бойынша жәбірленуші Арман Әлімовтің анасы Күнайым Әлімованың Orda.kz тілшісіне айтқан сөзін назарларыңызға ұсынамыз. Жәбірленушінің анасы өткен соттарда сот тым созылып, іс алға жылжымай тұрғанын атап өтті.

«Сот созылып барады. Менің ойымша, соттың созылуына айыпталушының қорғаушылары себеп болып отыр. Кеше үш айыпталушы сотқа келмеді. Сөздерінше, ауырып қалған екен. Қаласа келеді, қаламаса келмейді. Түрлі түсініксіз өтініштер айтып жатыр. Сот дұрыс шешім қабылдайды деп үміттенемін. Іс алға жылжымай тұр. Үш күн бойы ұлымнан жауап алды. Содан бері бәріміз бір орында тұрып қалғандаймыз. Бүгінгі күн сәл нәтижелі болды. Екінші жәбірленушіні және біздің іс бойынша барлық куәгер сұралды», – деген еді жәбірленушінің анасы. 

Күнайым Әлімова сотқа БАҚ өкілдерінің қатысуына қарсы емес екенін атап өтті. «Журналистердің сот залына не себепті кіргізілмей жатқаны түсініксіз» дейді.

Сонымен қатар Күнайым Әлімова екінші жәбірленуші Аюпжан Тәжиевтің соттағы жауабына қатысты пікір білдірді.

«Екінші жәбірленуші қысымға байланысты қорқып жүр. Кеше оны конвоймен алып келді. Бүгін ол ауруханаға түсті. Қысымды сезінгендіктен қорқады. Сондықтан сот залынан Қасымбаевты шығарып жіберуді талап етуге тура келді. Әрине, бес адвокат бар, олар түрлі сұрақ қойды, сол себепті ол сотқа келмей, онлайн түрде жауап берді», – дейді К. Әлімова.

Айта кетейік, Хасан Қасымбаев 2024 жылдың 2 қарашасында ұстау изоляторына қамалды. Ол ММА жауынгері Арман Әлімовті ұрлап, денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіргені үшін ұсталған. Қасымбаевтан бөлек Нұрмұхамет Сұлтанбеков, Мадияр Қалымжанов, Данияр Асқаров, Сайлау Ақтанов есімді азаматтардың да бұл қылмысқа қатысы бары анықталды.

Orda.kz істі ары қарай қадағалап, ақпарат беруді жалғастырады.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар