Газбен жүретін көліктерге қатысты тағы бір тыйым ұсынылды

cover Фото: бейнеден кадр

Бүгін Мәжіліс отырысында депутат Еділ Жаңбыршин газ бағасын қалыптастыру тетіктерін қайта қарау және тұтынуды нақты есепке алу бойынша бірқатар ұсыныстарын жария етті, деп хабарлайды Orda.kz.

Депутаттың айтуынша, қазіргі тарифтік саясат әлеуметтік әділеттілік қағидатына толық сәйкес келмейді. 

«Мәселен, жылы өңірде орналасқан 200 шаршы метрлік тұрғын үй суық аймақтағы дәл сондай үйге қарағанда газды көбірек тұтынады. Алайда бұл айырмашылық баға белгілеуде көрініс таппайды. Бұл әлеуметтік әділеттілік қағидатын бұзып әрі газды үнемдеуге ынталандырмайды», – деді Жаңбыршин.

Осыған байланысты «Газбен жабдықтау және тауарлық газды үнемдеп тұтыну мәселелері туралы» заң жобасына тұтыну лимиттерін енгізу ұсынылып отыр.

  • белгіленген лимит шегінде тұтынғандар – базалық тарифпен төлейді;
  • лимиттен асқан жағдайда – жоғары тариф қолданылады.

Қыста жылу бағасы күрт өседі

Депутат сондай-ақ сұйытылған мұнай газы арқылы жылитын үйге бағаның қыс мезгілінде күрт өсетінін атап өтті. Оның айтуынша, бір тонна газдың бағасы 150–200 мың теңгеден 250–300 мың теңгеге дейін қымбаттайды. Бұл ретте мемлекет тарапынан тікелей реттеу жоқ.

Осы мәселені шешу үшін сұйытылған мұнай газы бағасын бекіту құзыретін Табиғи монополияларды реттеу комитетіне беру ұсынылды. Бұл негізсіз баға өсімінің алдын алуға бағытталған.

«Ақылды» есептегіштерге кезең-кезеңімен көшу

Жаңбыршин газды есепке алу жүйесіндегі кемшіліктерге де тоқталды. Қазіргі таңда 2,8 млн абоненттің 2,1 миллионында есептегіш көрсеткіштері қолмен алынады немесе тұрғындар көрсеткішті фотоға түсіріп, мессенджер арқылы жібереді.

«Абоненттердің бір бөлігі үйде болмайды немесе есептегішке қолжетімділік бермейді. Бұл есепті толық әрі нақты жүргізуге кедергі келтіреді», – деді депутат.

QazaqGaz Aimaq жүйесіндегі 1,9 млн абоненттің тек 100 мыңға жуығы ғана деректерді қашықтан жіберетін құрылғылармен жабдықталған.

Осыған байланысты заң жобасында:

  • газды қашықтан дерек беретін есептегіштерге кезең-кезеңімен көшу;
    газды есепке алудың бірыңғай цифрлық жүйесін қалыптастыру қарастырылған.

Сондай-ақ газбен жабдықтаушы ұйымдарды халыққа есептегіштерді өз қаражаты есебінен орнатуға және ауыстыруға міндеттеу ұсынылды. Негізі бұл бұрыннан бар тәсіл.

 Еске сала кетейік, газ құю бекеттерінде қауіпсіздік талаптары күшейтіледі. Мәжіліс депутаттары бұл заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Оқи отырыңыз:


Жаңалықтар

барлық жаңалықтар