Қазақстанда жүктілік пен босану бойынша жәрдемақылар мен атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) төңірегінде ауқымды ұрлықтар анықталды. Келтірілген залал сомасы 1 миллиард теңгеден асады, деп хабарлайды Orda.kz Қаржы мониторингі агенттігіне сілтеме жасап.
2024–2025 жылдары Қаржы мониторингі агенттігінде жалпы қаражат 1,2 миллиард теңге болатын 13 қылмыстық іс қаралған. Жүктілік пен босануға байланысты жәрдемақыларды заңсыз тағайындау бойынша 10 іс тергеліп, нәтижесінде 15 ұйымдастырушы жауапкершілікке тартылған.
«Жалған жұмыспен қамту қызметі нәтижесінде 385 жүкті әйел жәрдемақыны жалған мәліметтер негізінде алып, бұл 1 миллиард теңге көлемінде заңсыз төлемдерге әкелді» деп жазылған агенттік таратқан хабарламада.
Осындай заңсыз жолдар Қазақстанның әртүрлі өңірлерінде жүзеге асырылған. Анықталған барлық жағдайларда қылмыс жасау тетігі бірдей.
Қаржы мониторингі агенттігі құйтырқы айланың мәнін былай түсіндіреді:
«Олар жүкті әйелдерді арнайы құрылған жеке кәсіпкерліктерге жалған жұмысқа орналастырған. Одан кейін шегерілген мерзіммен ең жоғары әлеуметтік және зейнетақы аударымдарын рәсімдеген. Осылайша, жалған құжат әйелдердің жоғары мөлшердегі жәрдемақы алуына «негіз» болған».
Сонымен қатар, әкімдіктердің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінің бас есепшілері сенімді адамдарын әлеуметтік көмек алушылар тізіміне енгізіп отырған. Бұл адамдар әлеуметтік осал топқа жатпаса да, олардың атына төлем тапсырмалары рәсімделіп, мекеме басшылығы қол қойып отырған.
Ақша сенімді тұлғалардың шоттарына түсіп, қолма-қол шешіліп, қылмыстық топ мүшелері арасында бөлінген.
«Бюджет қаражатын жымқыру фактілері бойынша әкімдіктердің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінің 15 лауазымды тұлғасына қатысты 3 қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды» деп хабарлады ҚМА.
Бұл жағдай әлеуметтік төлемдерді бақылау жүйесінде әлі де осал тұстар бар екенін көрсетіп отыр.
Жақында Қазақстанның Сауда және интеграция министрлігі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына (ӘМАТ) жеңілдетілген бағамен сатып алуға арналған цифрлық ваучер жайлы түсініктеме берді.