Ехоба куәгерлері: Ресейде заңсыз деп танылған сенім Қазақстанда қалай таралды?

cover Коллаж: Orda.kz

Иса Мәсіх десек, бірден көбіміздің ойымызға Христиан діні келеді. Жалпы бұл дін де өз ішінде 3-ке бөлінеді. Олар: католицизм, православие және протестантизм. Ал «Ехоба куәгерлері» туралы естуіңіз бар ма? Бұл сенімнің Христиан дінінен айырмашылығы қандай және қазақтар олардың арасында не істеп жүр?

Orda.kz тілшісі арнайы олардың әр жексенбі күні жиналатын жиынының біріне қатысты. Сіздерге осы сенімнің Қазақстанда қалай жүріп жатқаны жайлы ақпарат береміз.

Ескерту: Бұл мақала кез келген дінді немесе конфессияның беделін түсіру, сынау немесе насихаттау мақсатында жазылмады. Материал тек ақпараттық-сараптамалық мақсатта дайындалған және ашық дереккөздерге, сондай-ақ Ехоба куәгерлерінің ұстанымдарына негізделген. Мақала кез келген діни ұйымды қолдамайды да, қорламайды да. Сонымен қатар оқырманға белгілі бір дүниетанымды танытуға тырыспайды. Автор мен редакция халықаралық және ұлттық нормаларда бекітілген объективтілік, ар-ождан бостандығы мен дінді құрметтеу қағидаттарын ұстанады.

Ехоба куәгерлері Қазақстанда қай уақыттан бері бар?

Orda.kz Вадим Белоусов есімді Ехоба куәгерімен тілдесті. Оның сөзінше, «Ехоба куәгерлері» 19-ғасырдың соңында пайда болған. 

«Ехоба куәгерлері Қазақстанда 1891 жылы пайда болды. Қазақстандағы Ехоба куәгерлерінің ең біріншілердің қатарында Семион Козлицкий есімді діни семинарияның түлегі болды. Ол патшалық Ресейде Киелі кітап зерттеушілерінің (сол кездегі Ехоба куәгерлердің атауы) ілімдерін уағыздағаны үшін сотталып, 1891 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан облысындағы Бұқтырма кентіне әйелі және балаларымен қоса жер аударылды», – деді Вадим.

Қазақстандағы «Ехоба куәгерлерінің» саны ХХ ғасырда репрессия кезінде көбейді. Ресей сол уақытта кеңес үкіметінің құрамына кіретін елдердегі мыңдаған «Ехоба куәгерлерін» Қазақстанға жер аударды. 

Қазақстандағы «Ехоба куәгерлерінің» саны қанша?

2021 жылдың санағы бойынша, қазақстандық «Ехоба куәгерлерінің» саны 17 500 болған. Вадимнің айтуынша, әр жексенбі сайын болатын кездесуде қызығушылық танытып келетіндер өте көп.

«Қазақстандағы Ехоба куәгерлерінің саны 17 500. Бұл біздің ресми сайтымызда да жазылған. Діни кездесулерімізге 30 000-ға жуық адам қатысады».

Қазақстанда 60-тан астам «патша сарайы» (ред. олардың құлшылық ететін орны) бар. Вадимнің айтуынша, бұл сенімнің Қазақстанда тарағанына 1 ғасырдан астам уақыт болды. Айта кетейік, «Ехоба куәгерлері» сенімі 1992 жылы Қазақстанда ресми түрде тіркелген және Қазақстанның әр облысында «патша сарайлары» бар.

«Ехоба куәгерлерінің алғашқы қауымдары Қазақстанның Орталық өңірінде пайда болған. КарЛаг-қа қамалғандардың арасында сенімдері үшін қуғынға ұшыраған Ехоба куәгерлері де болған. Кейін босап шыққаннан кейін олар Ақмола, Қарағанды мен Жезқазған өңірлерінде қалып кеткен. Ал 40-шы жылдардың соңында және 50-ші жылдардың басында Қазақстанның басқа да азаматтары Ехоба куәгерлері болды», – деді Вадим Белоусов.

Қазақстан халқының Ехоба куәгерлеріне деген көзқарасы қандай?

Orda.kz тілшісі бұл сұрақты өз бетінше саралап, сауалнама жүргізді. Тілшіміз «Ехоба куәгерлеріне» теріс көзқарасты ұстанатын адамдардың бар екенін байқады. Ал Вадим болса, бұл сұрақтың жауабын былай түсіндірді.

«Ехоба куәгерлеріне деген кереғар пікір кезіндегі Кеңес үкіметінен тараған. Неліктен Кеңес үкіметі Ехоба куәгерлерін қудалаған? Өйткені, олар атеистік идеологияға сай келмеді, олардың қызметі Кеңеске қарсы деп танылған. Бұл сенушілердің саясатқа араласудан бас тартқандықтан болды».

Қазақстандықтардың пікірлері әртүрлі. Мысалы, «Ехоба куәгерлерін» «миссионерлер» немесе «Америка тыңшылары» дейтіндер де бар. Ал «неліктен Америка тыңшылары дейді?» деп олардан сұрағанда, «Ехоба куәгерлері» өздері де не үшін олай атайтынын білмейді. 

Бірақ қазір көпшіліктің «Ехоба куәгерлеріне» деген көзқарасы басқаша. Әрине, бәрі емес, бірақ Вадимнің сөзінше, бейтарап ұстанымдағы адамдар да бар. 

«Ехоба куәгерлерінің» басқа дін өкілдерімен қарым-қатынасы қандай?

Ехоба куәгерлері әр адамның сеніміне құрметпен қарайды. Өйткені, тәуелсіз Қазақстанда кім қандай дін ұстанса да, өз еркі. Алайда «куәгерлікте» жүрген адамдар басқа дін өкілдерімен кездеспейді. 

«Біз барлық адамдарға құрмет таныту жайлы Киелі кітаптағы қағиданы ұстанамыз, бұған олардың діни сенімдері әсер етпейді. Туысқандарымыз, әріптестеріміз бен таныстарымыздың көбісі басқа дін өкілдеріне жатады. Қазақстан қоғамы мультиконфессионалды. Бұл отбасыларымыздың бақытты болуына, көршілерімізбен тату-тәтті өмір сүруімізге, қоғамның өміріне қатысуымызға еш кедергі емес», – деді Вадим.

Тіпті олар дінаралық кездесулерге бармайды. Өйткені Ехоба куәгерлерінің ұстанымы сондай. 

Қазақстанда діни қызметтеріне қатысты қандай қиындықтар туады?

Қазақстанда Ехоба куәгерлеріне түсетін шағымдар болған. Вадим көптеген қазақстандықтардың оларға өз көзқарасын білдіргені үшін сотқа барғандардың болғанын жасырмады.

«Ехоба куәгерлері заңға бағынады. Біз заңды және оның өкілдерін құрметтейміз. Кейбір Ехоба куәгерлері өз сенімдерімен бейбіт жолмен бөліскені үшін шынымен де әкімшілік жазаға тартылған. Қазақстан соттары, соның ішінде Жоғарғы Сот та, көптеген істерде азаматтардың діни сенім бостандығына деген құқықтарын қорғағаны бізді қуантады».
Айта кетейік, 2017 жылдың шілде айында Қазақстан үкіметінде өткен баспасөз мәслихатында, сол кездегі дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев Ехоба куәгерлерін экстремистік қауіпті топқа жатпайтынын мәлімдеген болатын.
«Қазақстанда тіркелген барлық діни бірлестіктердің құқықтары тең және заң алдында бірдей. Ал «Ехоба куәгерлері» діни бірлестігі Қазақстанда ресми тіркелген бірлестік, сондықтан ол заңға сәйкес жұмыс істейді», – деді Нұрлан Ермекбаев.

Ал сол жылдары Ресейдің Жоғарғы соты «Ехоба куәгерлері» ұйымын экстремистік деп таныды және оның Ресейдегі қызметіне тыйым салды. Ресей әділет министрлігі «Ехоба куәгерлері» өз қызметін жарғылық мақсаттар мен міндеттерді бұзып жүзеге асырды, сондай-ақ экстремизм саласындағы Ресей заңнамасын бұзды деп мәлімдеген болатын.

Қазақстанда «Ехоба куәгерлеріне» жасалған қастандықтар туралы түрлі фактілер бар. 2017 жылы Астанада екі «Ехоба куәгерінің» үстінен «діни араздықты қоздыру» айыбымен қозғалған қылмыстық іс тексерілген болатын. Астаналық тұрғын Теймур Ахмедовті қаңтардың 18-і күні ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) қызметкерлері «топтасып діни өшпенділікті қоздырды» деген айыппен ұстаған. Сол күні осындай айыппен «Ехоба куәгерлері» қауымының тағы бір мүшесі Асаф Гулиев те ұсталған. Кейін сол жылдың 2 мамырында Астана соты Теймур Ахмедовті осы діни нанымын басқаларға таратқаны үшін 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері діни қызметі үшін сотталған алғашқы адам.

Тағы бір оқиға 2023 жылдың 1 қаңтарында болған. Қостанай қаласының « Ехоба куәгерлерінің» 12 мүшесі Қарабалық ауылындағы «Бершат» сауда орталығында жиналып, мерекелік кездесу мен құлшылық рәсімін өткізген. Алайда бұл жиналыс кейбір келушілерге ұнамай, олардың жиналғаны туралы полицияға хабарлаған.

Оқиға орнына келген тәртіп сақшылары Ехоба куәгерлерінің құжаттарын тексеріп, адамдардан олардың жиналыс себебін сұрастырып, 25 минут ішінде тексеруді аяқтаған. Ешкімді ұстамастан, полицейлер оқиға орнынан кеткен.

Дәстүрлі діни көзқарасы

Orda.kz тілшісі Ұлытау облысы, Сәтбаев қаласына да осы іс бойынша барған болатын. Олардың әр жексенбі жиналатын жиынына қатысты. Жиыннан кейін тілші бірден Сәтбаев қаласының шіркеуіне барып, дін қызметшісінен бұл ұғымның христиан дініндегі ұстанымы туралы сұрады.

«Ехоба куәгерлері Иса Мәсіхті жай ғана адам деп санайды. Олар Иса Мәсіхтің құдай екенін жоққа шығарады. Жалпы біздің дінде көптеген Інжілдер бар. Бірақ менің білуімше, Ехоба куәгерлерінде сәл өзгертілген», – деді христиан дінінің қызметшісі.

Сондай-ақ, дін қызметшісі табынушылыққа келген кезде ғана сәйкес келмейтінін айтты.

«Біз моральдық нәрселермен келісе аламыз. Кейбір тұрмыстық заттары сәйкес келетін шығар. Бірақ біздің жолымыз табыну сияқты дүниелерге келгенде мүлде ұқсамайды», — деді христиан дінінің өкілі.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар