Дінмұхамед Қонаевтың туған күнінде оның аты берілген қаладағы 80 отбасы уақытша баспанаға ие болды

cover Фото: Қонаев қаласының әкімдігі

Бүгін, 12 қаңтарда мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың туғанына 113 жыл толды, деп хабарлайды Orda.kz.

Алматы облысы Қонаев қаласындағы Мәдениет үйінде Дінмұхамед Қонаевты еске алуға арналған кеш өтті.

«Бүгін біз үшін ерекше күн – 1912 жылы 12 қаңтарда қаламыз есімімен аталатын көрнекті жерлесіміз, мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаев дүниеге келген. Ол ел басқарған жылдары Қазақстанда 68 жұмысшылар ауылы, 43 қала салынды. Оның бастамасымен Іле өзеніне бөгет салынып, жаңа су электр стансасы іске қосылып, Қапшағай қаласының іргетасы қаланды», – деді қала әкімі Асхат Бердіханов. 

Мұнан соң кезекте тұрған 80 отбасыға жаңа пәтерлердің кілті табыс етілді.

«Мен көп балалы анамын, жеті балам бар. Мен 17 жылдан бері баспана кезегінде тұрмын. Бүгін Дінмұхамед Ахметұлының туған күнінде көптен күткен арманымыз орындалып, өз үйімізге қол жеткіздік. Мен өте қуаныштымын!», - деді жаңа қоныс иесі Назым Ахметова.

Облыс әкімдігі пәтерлердің сатып алу құқығынсыз жалға берілетінін қосты. Жалдау бағасы қала тұрғындары үшін қолжетімді, деп мәлімдеді шенеуніктер.


Жаңалықтар

барлық жаңалықтар