Дәрігерсіз, құжатсыз: Қазақстанда 400-ден астам заңсыз процедуралық кабинет анықталды

cover

Заңсыз процедуралық кабинеттер Денсаулық сақтау министрлігі жүргізген тексерістер барысында анықталды. Кабинеттер лицензиясыз, рұқсатсыз және құжатсыз жұмыс істегендіктен, пациенттердің денсаулығына қатер төндірген. Олардың шамамен 250-і өз еркімен жабылды, деп хабарлайды Orda.kz.

Тексерістер елдің әр аймағында болған бірнеше өлім жағдайынан кейін басталған.

Қарағанды облыстық медициналық және фармацевтикалық бақылау департаментінің қызметкерлері тексерісті аяқтады. Қалған өңірлерде жұмыстар әлі жүргізілуде. Жасырын процедуралық кабинеттер әлеуметтік желілердегі жарнамалар мен хабарландырулар арқылы табылған. Көпшілігі тіпті жасырын да болмаған — кейбірінің тіпті маңдайшасы да бар. Мониторингтік топтар алдымен жасырын түрде кіріп, заңбұзушылықтарды өз көздерімен көрген.

Қарағанды облысының Медфармбақылау департаментінің басшысы Ольга Смирнованың айтуынша,  барлық жерде бірдей дерлік проблемалар анықталған:

 • лицензиялардың мүлдем болмауы;

 • инъекцияларды медициналық рұқсаты жоқ адамдардың жасауына жол берілген;

 • процедуралар дәрігер тағайындауынсыз орындалған;

 • тіркелмеген және мерзімі өтіп кеткен препараттар қолданылған (тіпті 2020 жылға дейінгі мерзімі барлары кездескен);

 • шұғыл көмекке арналған дәрі қобдишалары болмаған (аллергиялық реакциялар жағдайында – ред. еск.);

 • пациенттерге қандай препарат енгізілгенін растайтын құжаттар жүргізілмеген;

 • тіркелмеген жабдық пайдаланылған.

«Шын мәнінде, бұл — заңсыз медициналық қызмет. Лицензияның жоқтығы, инвазивті әдістерді орындауға рұқсаты жоқ мамандардың жұмыс істеуі және дәрігер тағайындамайтын процедуралардың жасалғаны анықталды. Сан түрлі «золушка», иммунитетті жақсартады, ағартады, сергітеді деген жүйелер… Әр осындай орында В және С дәрумендерін араластырып, әдемі атау қойып, «золушка» , «жасартқыш» деп сатылған, бағасы — 20 000 теңге. Ал пациентке не енгізілгенін растайтын медициналық құжаттардың мүлде болмауы — дабыл қағатын жағдай болса, не қолданылғанын анықтау тіпті мүмкін емес», — дейді Ольга Смирнова. 


Заң бойынша процедуралық кабинеттер тек емханаларда немесе күндізгі стационары бар жеке медицина ұйымдарында ғана жұмыс істей алады. Алайда олар ғимараттардың бірінші қабаттарынан, сатып алынған пәтерлерден және тіпті дәріханалардың ішінен табылған.

Теміртауда «процедуралық кабинет» тура дәріхананың ішінде жұмыс істеген: клиент дәрі сатып алады да, оған уколды дәрігер немесе медбике емес, фармацевт өзі салып отырған.

«Жасарту процедураларын жүргізетін клиникалар бар: онда эндокринологтар жұмыс істейді, дәрігер тағайындауы бар — бұл бір бөлек. Ал енді бір бөлек жағдай — бұл жай ғана доврачебный кабинет, онда фельдшер отырады, бірақ оның инвазивті процедуралар жасауға да, ем тағайындауға да құқығы жоқ. Мұндай орындардан ешқандай тағайындау қағазы табылған жоқ. Сондай-ақ заң бойынша қажет ақылы медициналық қызмет көрсету туралы бірде-бір келісімшарт болмай шықты. Пациенттерге қандай қызмет, қандай сома және қандай шарттар ұсынылғаны да айтылмаған, нәтижесінде адам не үшін ақша төлегенін түсінбей қалады», — деп түсіндірді Смирнова. 


Мұндай кабинеттердегі қызмет құны 15 мыңнан 150 мың теңгеге дейін жеткен. Ең жоғары баға «кешенді жасарту» деп аталатын қызметке сұралған.

Қарағанды облысында 16 жеке процедуралық кабинет тексеріліп, олардың 13-інде заңбұзушылықтар тіркелді. Істер сотқа жолданды. Екі кабинет медициналық қызмет көрсету лицензиясынан ерікті түрде бас тартты, тағы біреуі тек биоматериал қабылдау пункті болған. Нәтижесінде жалпы сомасы шамамен 3,5 млн теңге болатын 36 әкімшілік хаттама толтырылды.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, ел бойынша 406 процедуралық кабинетте заңбұзушылықтар анықталған. Түсіндіру жұмыстарынан кейін олардың 247-сі өз еркімен жабылды. Қалғандары бойынша тексерістер жалғасуда. 15 млн теңгеден асатын сомаға 122 әкімшілік хаттама рәсімделді.

Астанада ерлікпен қаза тапқан фельдшер Ұлдана Мырзауанның күйеуі, дәрігер Әділет Зейнел мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Orda.kz. 

Дәрігер демекші, бейбіт күнде қаза тауып жатқан медицина қызметкерлері де бар. Естеріңізге сала кетейік, 8 қараша күні Астанадағы Тәуелсіздік даңғылындағы тұрғын үйдің қасбетінен сыртқы кірпіш қаптамасы мен кондиционерлік қондырғы құлаған кезде жарақат алған жедел жәрдем фельдшері ауруханада 10 күн жатып қайтыс болды. 

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар