«Бір адам қаза тапты»: Талғарда қызметтік көлікпен аң аулауға шыққан әкім жол апатына ұшырады

cover Коллаж: Orda.kz

Талғар ауданының Панфилов ауылдық округінің әкімі Дулат Дәулетәлиев Алматы облысы Райымбек ауданындағы тауда, жұмыс орнынан жүздеген шақырым жерде жол апатына ұшырады, деп хабарлайды Orda.kz. 

Апат 13 қыркүйек күні кешке Нарынқол — Сарыжаз тас жолында болған.

Дәулетәлиев Панфилов ауылдық округі әкімдігінің балансындағы Bestune T55 (мемлекеттік нөмірі 101 BG 05) қызметтік автокөлігін мініп алған. Жолда апат болып, көлік бірнеше рет аударылған. Нәтижесінде 38 жастағы ер адам қаза тапты. 34 жастағы жолаушы мен ауыр жарақат алған әкім жансақтау бөлімінде жатыр.

«Шенеунік демалыс күні кешке Райымбек ауданындағы тауда қызметтік көлікпен не істеп жүр?» деген сұрақ туындайды. Orda.kz мәліметтері бойынша, ол 12 қыркүйек күні аң аулауға шыққан. Ең бастысы — көлікті қандай күйде басқарғаны белгісіз.

Тергеу ҚР ҚК 345-бабының 3-бөлігі «Адам өліміне әкеп соққан жол қозғалысы ережелерін бұзу» бойынша жүргізіліп жатыр.

Куәгерлер бұл көлікті Дәулетәлиев басқарғанын айтқан.

Редакция Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев пен өңір прокурорынан жол апатының мән-жайларын түсіндіріп,  сұрақтарға жауап беруді сұрады.

Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі былай деп жауап берді:

«Сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Қазір Дәулетәлиев уақытша еңбекке жарамсыз, ал оқиға тексеріледі. Осыған байланысты қызметтік тергеу жүргізуге әлі ерте»,  деп хабарлады әкімдік.

Сондай-ақ баспасөз қызметі жол апатына қатысты барлық мәселелер бойынша уәкілетті органға жүгінуге кеңес берді.

Айта кетейік, бүгін, 23 қазанда Самара — Шымкент тас жолында DAF жүк көлігі мен «Газель»автокөлігі соғылды. Жантүршігерлік жол апатынан 12 адам көз жұмды.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар