«Балаларымды көрмегеніме бір ай болды». Шымкенттік келіншек кәсіпкерден балаларын ала алмай жүр

cover Көрнекі иллюстрация. Сурет ЖИ көмегімен жасалған

Шымкент қаласында бұрынғы азаматтық некеде тұрған ерлі-зайыптылар арасында балаларға қатысты дау туындады. Әйел полицияның әрекетсіздігіне шағымданып, кішкентай балаларын өзіне қайтаруды талап етсе, ер адам керісінше бұрынғы әйелін балаларға дұрыс қарамады деп айыптайды. 

Бұл туралы Orda.kz тілшісіне екі тарап та өз пікірін айтты.

«Балаларымды көре алмай отырмын»

Жадыраның айтуынша, ол бұрынғы азаматтық күйеуімен ажырасқаннан кейін де біраз уақыт оның анасының үйінде тұрған. Оның сөзінше, бұл шешімді күйеуі ұсынған, себебі балалар жалдамалы пәтерде тұрмасын деген. Алайда әйел Алматыға кеткеннен кейін жағдай өзгерген.

«Мен Алматыға кеткен кезде, маған есікті жай ғана ашпай қойды. Сол үйде бір және үш жасар балаларым қалды. Осы уақытқа дейін мен балаларымды да, заттарымды да алып кете алмай отырмын», — дейді Жанар.

Оның айтуынша, Шымкент қаласының Тұран аудандық полиция қызметкерлері бұл жағдайға байланысты нақты әрекет жасамай отыр. Жанар Алматыға барған себебін де түсіндірді. Оның айтуынша, бірінші некесінен екі қызы бар — жастары 11 және 9-да.

«Мен барлық баламды Шымкентке көшіріп әкелдім. Бірақ осы балалардың кесірінен біз қатты ұрысып қалдық. Оның туыстары менің қыздарымды ұнатпады. Олар менің күйеуім жетім балаларды асырауға міндетті емес екенін айтты», — дейді ол.

Осы жағдайдан кейін олардың арасында жанжал күшейген.

«Мен қыздарымды уақытша туған әкесіне апарып бердім. Әкесіне түсіндірдім, ол қабылдады. Қыздарыма әр апта сайын барып тұрдым. Жиналыстарға қатысамын, мектептегі барлық мәселеге араласамын. Осы себептермен Алматыға жиі барып жүрдім. Бір апта Алматыда, бір апта Шымкентте болдым», — дейді әйел.

Жанардың сөзінше, ол балаларын көру үшін бірнеше рет әрекет жасаған.

«Мен кіреберісте тікелей эфирде екі тәулікке жуық отырдым. 20 сағаттан астам уақыт бойы дәретханаға да бармадым, тамақ та ішпедім, су да ішпедім. 102-ге қайта-қайта қоңырау шалдым, бірақ олар әрекет етпеді. Маған балаларды тек сот арқылы көресің деді. Бірақ балалар ем қабылдап жатқан жоқ, балабақшаға да бармайды. Біз азаматтық соттың шешімін күте алмаймыз. Балалардың әкесі менің жаман ана екенімді дәлелдесін. Егер дәлелдей алса, балаларын алып кетсін», — дейді ол.

Ол қазір балаларын көрсетпей отырғанын айтады. Оның айтуынша, сотқа дейін балалар өзімен бірге тұруы керек. Жанардың сөзінше, балалардың әкесі бұрын сотқа балалармен кездесуге рұқсат алу үшін жүгінген.

«Сот оған сенбі күні таңғы 10-нан кешкі 6-ға дейін, менің қатысуыммен балаларды көруге рұқсат берді. Мемлекеттік мерекелерде таңғы 10-нан күндізгі 3-ке дейін де менің қатысуыммен көруге болады. Туған күндерде де солай. Бірақ ол бұл істе ұтылып, кейін апелляцияға берген.  Оның отбасы менің қыздарымды қабылдамағандықтан ажырастық. Мен басынан бастап оған қыздарыма тиіспеу керек екенін айтқанмын. Алғашында 2–3 жыл бала сүймей өмір сүрдік. Оның өз балалары болды, менің қыздарым болды. Кейін ол менен бала тууды сұрады. Сүйікті әйелінен бала болғанын қалады. Содан кейін ортақ балаларымыз дүниеге келді. Бәрі жақсы болды. Бірақ Шымкентке көшкеннен кейін жағдай өзгерді», — дейді ол.

Жанар олардың некесі ресми түрде тіркелмегенін айтты. Оның айтуынша, олар үш жыл бірге тұрған.

Әкенің жауабы: Ол негізі маған тоқал болып тиген

Балалардың әкесі Бақыт бұл айыптаулармен келіспейтінін айтты. Оның айтуынша, Жанар балаларға дұрыс қарамаған.

«Ол негізі маған тоқал болып тиген. Менің бірінші әйелім де, ата-анам да қабылдаған. Байлықты көтере алмай қалды. Балаларға қарамағанын өзі де біледі. Балаға жақын ана емес. Қалада қаңғып жүргенді жақсы көреді. Бұрынғы күйеуінен туған екі қызы бар. Оларға да қарамаған. Бұрынғы күйеуінен сұрасаңыздар болады», — дейді ол.

Оның сөзінше, бұл жағдайды айналасындағы адамдар да біледі. Бақыттың айтуынша, Жанар балаларын тәрбиелеуге жеткілікті көңіл бөлмеген. Ол сондай-ақ әйелі Жанардың ата-анасы да балалардың өзінде қалғанын қалағанын, балаларды асырауға қажетті қаражатты өзі төлеп отырғанын айтады.

«Бір миллион екі жүз, бір миллион үш жүз мың теңге шығын болады. Балаларды қалай асырайды? Мен бәрін төлеп отырдым. Ай сайын ақша беріп отырдым. Бұл жай ғана жала», — дейді ол.

Сонымен қатар ол балаларды қаржы мәселесінде пайдаланылып жатыр деп санайды. Бақыттың айтуынша, ол Жанарға қымбат үй алып берген.

«130 миллион теңгелік үй алып бердім. Үйдің толық дизайнын жасадық. Барлық техникасын, ең соңғы үлгідегісін сатып алдым. Оған көлік те алып бердім. Мен 500 мың теңге берем дедім. Бірақ ол миллионнан көп сұрады. Ол балаларға қарағысы келмейді, тек қаңғырып жүрсе болды. Егер балаларға дұрыс қараса, маған да жақсы болар еді ғой, уайымдамай бизнесімді жасап жүре берер едім», — дейді ол.

Сонымен бірге ол Жанардың психологиялық жағдайын тексеру қажет деп санайды.

«Менің ойымша, оның психологиялық жағдайын тексеру керек. Балаларға қауіп болуы мүмкін. Егер үйді босатпасаңдар, балаларды да, өзімді де өлтіремін деген жазбалары бар. Ол маникюр, педикюр жасайды. Бірақ тұрақты жұмыс істемейді. Жылына бір-екі рет шетелге барып демалады. Күнде кафе, ресторанда жүреді», — дейді ол.

Редакция осы жағдайға қатысты адвокат Гүлмира Бабажановадан пікір сұраған еді.

«Мұндай жағдайларда ата-аналардың арасында неке ресми түрде тіркелген-тіркелмегеніне қарамастан, қос ата-ана да өз балаларына қатысты тең құқықтар мен міндеттерге ие екенін есте ұстаған жөн. Бұл Қазақстан Республикасының «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодексінің 68 және 70-баптарында тікелей қарастырылған. Аталған баптарға сәйкес, ата-аналар балаларын тәрбиелеу мен асырау жөнінде тең құқықтарға ие және тең міндеттер атқарады», – деді адвокат.       

Оның айтуынша, егер ата-аналар арасында балалардың кіммен бірге тұратыны немесе олармен қарым-қатынас жасау тәртібі қалай жүзеге асырылатыны жөнінде дау туындаса, мұндай мәселелер тек сот тәртібімен шешіледі. Аталған кодекстің 73-бабына сәйкес, осындай дауларды қарау кезінде сот ең алдымен баланың мүддесін басшылыққа алады.

«Ата-аналардың ешқайсы соттың тиісті шешімінсіз екінші ата-ананың балалармен араласуына өз бетінше шектеу қоя алмайды. Мұндай әрекеттер ата-ананың баланы тәрбиелеуге қатысу құқығын бұзуы мүмкін», – деді адвокат.

Даудың соңы сотта шешілуі мүмкін. Қазіргі уақытта тараптар арасында балаларға қатысты дау жалғасып жатыр. Әйел полиция әрекетсіз отыр деп есептеп, балаларын өзіне қайтаруды талап етсе, ер адам керісінше балалар өзінде қалуы керек деп санайды. Бұл мәселеге қойылатын нүкте енді сот шешіміне байланысты.

Редакция сот шешімі әлі шықпағандықтан сұхбат берушілердің аты-жөндерін өзгертіп бергенін ескертеді.

Оқи отырыңыз:


Жаңалықтар

барлық жаңалықтар