Қазақстандық кәсіпкер Алмас Әбдіғаппаров қамауға алынды

cover

Белгілі кәсіпкер және Parmigiano Group желісінің негізін қалаушы Алмас Әбдіғаппаров Алматыда 420 млн теңге жымқырды деген күдікпен ұсталды. Коммерсант үстінен арызды «AV Construction» ЖШС басшысы жазған, онда Әбдіғаппаров директордың орынбасары болып жұмыс істейтін еді.

Бұл туралы Orda.kz хабарлайды.

Аталған ақпаратты Алматы қалалық соты растады.

Қалалық соттың баспасөз қызметінің мәліметінше, кәсіпкер екі ай мерзімге қамауға алынды. Оған 189-баптың 4-бөлігінің 2-тармағында көзделген «аса ірі мөлшерде сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе ысырап ету» қылмысы бойынша айып тағылған.

Белгілі болғандай, қылмыстық іс Esentai City маңындағы қымбат вилланы сатумен байланысты болған. 2021 жылдың наурыз айында «AV Construction» ЖШС директоры Рауан Бабаев өзінің орынбасары Алмас Әбдіғаппаровқа бір сатып алушыдан жылжымайтын мүлік үшін ақша алуға сенімхат береді. Бизнесмен 840 млн теңге алған, алайда компанияның кассасына 420 млн теңге ғана аударылған. Сонымен бірге Әбдіғаппаров жалған қолхат қолданған көрінеді. Онда сатушы өкілі оған 840 емес, 420 миллион берді деп көрсетілген.

17 шілде күні Рауан Бабаев Алматы қалалық полиция департаментіне арызданады. Бір аптадан кейін, 24 шілдеде Алмас Әбдіғаппаров ұсталып, уақытша ұстау изоляторына орналастырылды.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар