Арыс қаласында бір мектепте 17 жұп егіз оқиды

cover Фото: Orda.kz

Арыс қаласындағы бір мектепте бірден 17 жұп егіз оқиды. Өткен жылы 32 жұп оқыған, деп хабарлайды Orda.kz.

Бесінші сынып оқушылары Абдулазиз бен Абдулхафизді ажырату қиынның қиыны. Екеуі де бірдей киінеді, жүріс-тұрысы да, бет-әлпеті да ұқсайды.

«Мұғалім апай есімімізді сұрайды да, бәрібір шатастырады. Кейде мені тыртығымнан ғана таниды. Үйде әжем ажыратады, атам ажырата алмайды. Сыныптастар да шатастырып жатады, ал достарымыз үйреніп кеткен. Біз де кейде әзіл ретінде есімдерімізді ауыстырып аламыз», — дейді Абдулазиз Бакирданбек.

Сырт келбетінің бірдей болуына қарамастан, қызығушылықтары бөлек. Біреуі — спортқа жақын, екіншісі — шығармашылыққа бейім. Араларындағы жас айырмашылығы — небәрі бірнеше минут, бірақ соған қарамастан олар бір-бірін «аға» және «іні» деп қабылдайды.

Жоғары сыныптарда да егіздер көп.

«Біздің мектеп ерекше. Егіздер өте көп. Кейбір сыныптарда үш жұптан бар. Біздің сыныпта — бір жұп қана. Біз көп жылдан бері бірге оқимыз. Болашақта бір қалаға оқуға түсіп, бірақ әртүрлі мамандық таңдағымыз келеді. Әрі қарай да бірге жүргіміз келеді», — дейді 11-сынып оқушысы Оңдасын Асылбеков.

Егіздердің көптігіне байланысты Әліби Жангелдин атындағы мектепті халық арасында әлдеқашан «егіздер мектебі» атап кеткен.

«Мектебімізде шамамен 1700 оқушы бар, егіздер саны расында көп. Олар өзгелерге жақсы үлгі көрсетеді: бір-бірін қолдайды, көмектеседі, айналасындағыларға мейірімді», — дейді мектеп директоры Рахима Жүсіпова.

Жалпы Түркістан облысында егіздер мен үшемдердің дүниеге келуі жиілеп келеді. Дәрігерлер бұл тенденцияның себебін әзірге нақты түсіндіре алмай отыр.

Тек Арыс қаласының өзінде 150-ге жуық кәмелетке толмаған егіз бар. Жыл сайын бұл көрсеткіш артып келеді.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар