Арайлым Қожамұратова ісі: 4,6 млрд теңге қайда кетті және менеджерлердің рөлі қандай?

cover Фото: Orda.kz

Арайлым Қожамұратоваға қатысты сотта жәбірленушілер тапсырыс пен төлемнің аймақтардағы менеджерлердің жеке шоттары арқылы қабылданғанын айтты. Осыған байланысты сотта менеджерлердің рөлі мен шығын үшін кім жауап беретіні талқыланды. Соттан кейін қорғау тараптың адвокаттары іске қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Orda.kz.

Алматы қаласы кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Арайлым Қожамұратоваға қатысты кезекті сот отырысында жәбірленушілерден жауап алынды. Іс бойынша негізгі күдікті ретінде Арайлым Қожамұратова танылғанымен, сот барысында бірқатар жәбірленушілер келтірілген шығынға Қожамұратованың қол астында жұмыс істеген менеджерлердің де қатысы болуы мүмкін екенін айтып, оларды тексеріп, жауап алуды сұрады.

Аталған іс бойынша Арайлым Қожамұратовадан бөлек тағы 12 адам сотталушылар қатарында. Олардың басым бөлігі — оның жақын туыстары. Қазіргі уақытта үш адам кепілмен босатылып, сотқа айыпталушы ретінде қатысып отыр, ал қалған он сотталушы тергеу изоляторында қамауда. Өткен сот отырысында туыстары  тергеу изоляторында отырған 12 сотталушы негізінен Қожамұратованың қол астында қоймада жүк тасып жүрген әрі төлемдер мен тапсырыстарға тікелей қатысы жоқ адамдар екенін айтқан еді. Туыстарының айтуынша, оларды тек Арайлым Қожамұратованың туысы болғаны үшін қамап отырғанын жеткізді.

Айта кетейік, 298 жәбірленушінің алда әлі 80-нен астам жәбірленушілерден жауап алынуы керек. Жәбірленушілердің басым көпшілігі Қазақстанның түпкір-түпкірінен. Ең қызығы, жауап алу барысында көбісі тапсырысқа ақшаны тікелей Қожамұратоваға емес,  әр қалада белгіленіп қойған менеджерлерге аударған екен. Сұрастыра келе кейбір менеджерлерге тіпті қылмыстық іс қозғалған болып шықты. Ал ол менеджерлерден тапсырыс қаражаты Қожамұратованың есеп-шотына түскен түспегенін кейбір жәбірленушілер дәлелдей алмады. Себебі іс құжаттарында төлем түбіртектері болмай шықты. Судья Самал Кеңесова келесі сот отырысына осы дәлелдерді жеткізуді тапсырды.

Қожамұратова 2018 жылдан бері саудамен айналысып, тапсырыс алып жеткізіп келген екен. Нақты қылмыстық іс 2022 жылғы тапсырыстарға қатысты қозғалған.

Еске салайық, айыптау актісіне сәйкес, қазіргі таңда бұл іс бойынша 298 жәбірленушінің арызы қаралуда, ал келтірілген жалпы шығын көлемі 4,6 млрд теңгеден асады. Бұған дейінгі сот отырысында қорғаушылар сот тарапынан өрескел заңбұзушылықтар болғанын айтып, сотталушылардың 32 күн бойы тергеу изоляторында заңсыз ұсталғанын мәлімдеп, судья Самал Кеңесоваға адвокаттар қарсылық білдірген еді. Іс 2023 жылы тергеліп басталғанымен, сот процесі тек 2025 жылдың мамыр айында басталды. Айс Мұратова есімімен танымал кәсіпкер Арайлым Қожамұратова Қытайдан арзан тауар әкелемін деп азаматтардан ақша жинап, уәде етілген тауарды жеткізбеді деген күдікпен ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабының 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша, яғни алаяқтық дерегімен айыпталып отыр.

Менеджерлердің рөлі және «Шын Сауда» схемасы: Ақша қайда кетті?

Тапсырыс беру схемасы қалай жұмыс істеген? Сотта белгілі болғандай, Арайлым Қожамұратова негізін қалаған «Шын Сауда» ЖШС арқылы ыдыс-аяқпен қатар жиһаз, кілем және үйге қажетті өзге де тауарлар сатылған. Алайда тапсырыстардың басым бөлігі Қожамұратованың өзіне емес, аймақтардағы менеджерлер арқылы қабылданыпты.

Жәбірленушілердің жауаптарында ортақ WhatsApp топқа қосылу үшін де ақша алынғаны айтылды. Көп жағдайда төлемдер менеджерлердің жеке Kaspi шоттарына аударылған. Алайда бұл қаражаттың ары қарай қайда бағытталғаны нақты белгісіз. Соған қарамастан, жәбірленушілердің басым бөлігі шығынды тікелей Қожамұратовадан өндіруді талап етіп отыр.

Сотта жауап берген жәбірленуші Сидеренконың айтуынша, Анар Дүйсенбаева өзіне ортақ чатқа кіру үшін адамдардан 300 мың теңгеден алды. Осыған байланысты қорғау тарабы Дүйсенбаевадан қайта жауап алуды сұрады. Себебі сот барысында бұл дерек бірнеше рет аталған. Ал Сидеренкоға Мурзабекова деген менеджер арқылы тіркеліп, тапсырыс пен ақша аударымын соған аударған, одан кейін нақты ақшаны Қожамұратоваға аударды деп ойлап отыр. Алайда сотта анықталғандай, Мурзабекованың өзі де жәбірленуші болып шықты.


Сот барысында жәбірленуші Әлемгүл Сарбасова бұған дейін тапсырыс берген тауарларын уақытында алып жүргенін, сондықтан күмәні болмағанын айтты. Алайда соңғы тапсырысында шамамен 2 млн теңге тауарға тапсырыс беріп, оны ала алмаған.

Сотта жәбірленушілердің жауаптарын тыңдау кезінде бірқатар қарама-қайшылықтар анықталды. Атап айтқанда, айыптау актісінде көрсетілген шығын көлемі мен сотта айтылған қаражат арасында айырмашылық бар. Сонымен қатар кейбір төлемдерге қатысты чек пен банк құжаттары іс материалдарында жоқ болып шықты.

Келесі жәбірленуші Баян Төлегенова тапсырыс үшін ақшаны Нұрғасыр Әділбекұлына аударғанын айтты. Сондай-ақ, сотта жауап берген жәбірленушілердің арасында үшінші немесе екінші тұлғалардың Kaspi қосымшасы арқылы төлем жасағаны да анықталды. Бұл өз алдына заңбұзушылық болып есептеледі.

Сотта тағы бір мәселенің шеті шықты: Алматы прокуратурасы менеджер болып жұмыс істеген Мақпал Сихымбековаға қатысты да іс қозғапты. Ол Қожамұратованың қол астында жүріп, адамдардан тапсырыс пен ақша қабылдаумен айналысқан екен. Сонымен қатар, сотқа 49 жәбірленушіден «процеске қатыспай-ақ қояйық» деген өтініш түскен. Судья бұл өтінішті мақұлдап, олардың қатысуынсыз-ақ сотты жалғастыра беруге рұқсат берді. Бірақ адвокат Рышқалиев бұл жерде бір шикілік барын айтып отыр. Оның сөзіне қарағанда, ол адамдардың кейбірі мұндай өтініш жазғандарынан мүлдем хабарсыз болып шыққан. Яғни, адвокаттың уәжіне сенсек, жәбірленушілердің атынан біреулер өз бетінше хат жазып жіберген болуы мүмкін.

Қожамұратованың адвокаттары іс басталғалы бері тергеу мен сот барысында қандай заңбұзулар болғанын және судьяға бір емес бірнеше рет қарсылық білдіргенін айтып берді.

Сот соңында адвокат Сағынтай Рышқалиев өтінішхат оқыды. 

«Бұл өтінішхатта қорғау тарапы соттың алдын ала тыңдауды заңсыз ұзартқанын көрсетіп отыр. Заң бойынша (ҚР ҚПК 321-бап) алдын ала тыңдау қаулы шыққан күннен бастап 10 тәулік ішінде өтуі керек және оның мерзімін ұзартуға болмайды. Алайда сот 2025 жылғы 26 мамырда алдын ала тыңдауды тағы 20 тәулікке ұзарту туралы қаулы шығарған. Бұл — ҚПК-ге де, Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысына да қайшы, яғни сот өз өкілетінен асып кеткен. Қорғау тарапы мұны елеулі процессуалдық заң бұзушылық деп санайды», — деді Рышқалиев.

Адвокат Рышқалиевтің  өтінішхатына қатысты судья Самал Кеңесова сот өткізу мерзімін  ұзартудың себебі істің көлеміне байланысты деп жауап берді.

Арайлым Қожамұратованың адвокаты Айдос Қалжатбай сот барысында судьяға неліктен қарсы шыққанын айтып берді. Оның ойынша, бұл істе заң талаптары өрескел бұзылып жатыр.

Адвокаттың айтуынша, басты мәселенің бірі — айыптау құжаттарының дұрыс дайындалмауы. Қорғаушының сөзіне қарасақ, күдіктілер іс материалдарымен әлі танысып үлгермей жатып, прокурорлар жаңа айыптау қағазын жасап қойған. Кейінірек тіпті бұрын-соңды аты аталмаған адамдар мен жаңа оқиғалар қосылған тағы бір құжат пайда болған. Адвокат мұны заңсыздық деп санайды.

Сонымен қатар, Қожамұратоваға жүзден астам томнан тұратын іс қағаздарын оқып шығуға мүмкіндік берілмеген. Қорғаушының мәлімдеуінше, судья бұған қарамастан сотты тоқтатпай жүргізе берген. Бұл адамның өзін қорғау құқығын шектеу дейді адвокат. Оған қоса, сотта сөйлеген 150-дей жәбірленушінің сөзі мен тергеу құжаттарындағы мәліметтер бір-біріне сәйкес келмейтіні анықталған. Тіпті бір ақшаға бірнеше адам таласқан жағдайлар да болған көрінеді.

Адвокаттың тағы бір наразылығы сотталушыларды қамауда ұстау мерзіміне қатысты. Оның айтуынша, судья қамау мерзімін заңда көрсетілген уақыттан кешіктіріп ұзартқан және бұл шешім Жоғарғы сот пен Конституциялық соттың талаптарына мүлдем қайшы келеді. Осының бәрін алға тартқан адвокат судьяның әділдігіне күмән келтіріп, оны істен шеттетуді талап етіп отыр.

Сонымен қатар, адвокат Қалжатбай тергеуші А. Қаңтарбаевтың әрекеттерін заңсыз деп есептейді. Оның айтуынша, тергеуші тамыз айының аяғында «істі тергеу бітті» деп жариялаған, бірақ артынша жұмыс мерзімін тағы бір айға ұзартып қойған.

Адвокаттың сөзіне қарасақ, осы уақыт ішінде тергеуші ешқандай маңызды жұмыс істемеген, тек күдіктілерден жауап алумен шектелген. Басқа қажетті тексерістер жүргізілмеген дейді қорғаушы.

Сонымен қатар, адвокаттың мәлімдеуінше, тергеуші бір істі жауып, оның құжаттарын жаңадан ашылған іске ауыстыра салған. Қалжатбай мұны заң бұзушылық деп санайды. Оның ойынша, тергеуші осы әдіс арқылы адвокаттарға іс материалдарын толық көрсетпей, кедергі жасап отыр. Адвокат тергеуші істі әдейі созып, заң талаптарын орындамай отыр деп мәлімдеді.

Осыған орай Orda.kz Конституциялық сот пен Жоғарғы сотқа Қожамұратованың адвокаттары сот және тергеу барысында айтқан заңбұзушылықтардың қаншалықты заңды екенін анықтау мақсатында сауал жолдады. Себебі іс кең көлемде резонанс тудырып, жәбірленушілер саны көп, шығын сомасы да үлкен. Әдетте мұндай істер қатаң бақылауда өтуі тиіс емес пе деген заңды сұрақ туындайды. Сауалымызға жауап келген жағдайда оны қосымша жариялаймыз.

Orda.kz келесі сот отырыстарынан да хабар таратуды жалғастырады.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар