Алматыдағы мектеп-интернаттың тағдыры қыл үстінде: балаларды қала сыртына көшірмек

cover Фото: Orda.kz

Алматыдағы Ибрагим Нүсіпбаев атындағы қазақ мектеп-интернаты балалар үйінің тағдырын қайталауы мүмкін. Қоғам белсенділері мен түлектер балалардың қаладан тыс жерге көшірілуіне қарсылық білдіруде, деп хабарлайды Orda.kz.

2024 жылдың ақпанында Қазақстандағы бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева интернатқа барып, ондағы жағдайды көріп, шошып қайтты.

«170 бала адам төзгісіз жағдайда тұрып жатыр. Үш жыл бұрын күрделі жөндеу басталғанымен, мердігер жұмысты аяқтамай, жауапсыз деп танылды. Қазір балалар жартылай қираған ғимаратта түнеп, сабақ өтетін корпуста тұруға мәжбүр, ал асхананың орнына спортзал қолданылады», – деді омбудсмен.

Оның айтуынша, мектепке бөлінген қаражат ұрланған.

2022 жылы мәслихат күрделі жөндеуге 596,7 миллион теңге бөлді. Бұл жұмысқа жауапты болған «ГрадСтройСервис» ЖШС белгіленген мерзімде істі аяқтай алмады. Нәтижесінде, компания мемлекеттік сатып алудың адал қатысушысы емес деп танылып, сот ісі басталды. Алайда, бұл интернат мәселесін шешкен жоқ – қаражат қайтарылмады, жөндеу жүргізілмеді.

Динара Зәкиева жағдайды шешу үшін екі нұсқаны ұсынды: не мектепті толық жөндеу, не жаңа ғимарат салу. Бірақ балалардың қиын жағдайда қалмауы үшін оларды басқа интернатқа көшіру туралы шешім қабылданды. Ол жерде жөндеу жақында ғана аяқталған, орын да жеткілікті.

Фото: Orda.kz

Бастапқыда бұл шешімге көпшілік қарсы болған жоқ. Бірақ Алматыдағы №1 балалар үйінің даулы оқиғасынан кейін қоғам интернаттағы жағдайға күмәнмен қарай бастады. Ол кезде билік балаларды Қонаев қаласына көшіруге тырысып, алайда құқық қорғаушылар бұл шешімнің артында мүдделілер тұрғанын мәлімдеген. Қоғам наразылық білдірген соң, бұл жоспардан бас тартылды.

Енді дәл осындай тағдыр Нүсіпбаев атындағы мектеп-интернатқа төніп тұр. Балаларды қала сыртына көшіруге кім мүдделі? Бос қалған жер телімін кім иемденбек? Бұл сұрақтарға әлі нақты жауап жоқ.

Фото: Orda.kz

Қазіргі таңда интернат түлектері мен белсенділер балалардың Алматыда қалуы үшін күресуге дайын екендерін мәлімдеді. Биліктің бұл жолғы шешімі қандай болатыны жақын арада белгілі болмақ. Біздің редакция тиісті органдарға ресми сұраныс жолдады.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар